Жаңалық

Қазақ жылқысы әлемге қалай таралды?

Айтпақшы, көшпенділер күзге салым оңтүстік жаққа тек жылы болғаны үшін түскен жоқ.

Малшы тайпалардың Түркістан өңіріне қарай келуіндегі басты мақсат – отырықшы халыққа миллиондаған малын сату, өзінде жоқты сатып алу болды. Дала қолөнершілері былғары, жүн, мамық пен теріден пайдалы әрі әдемі заттар жасай білді. Нұрбек Бекбау османдық тарихшы Сейфи Челебидің бұл жайында не дегенін айтады:

«Олардың шекпендері иленген қой терісінен тігіліп, түрлі түстерге боялғанда жібекке ұқсап кететін. Оны Бұқараға әкеледі де атластан тігілетін шекпен бағасымен бірдей сатады. Себебі олар сондай ерекше және әдемі. Олардың сондай-ақ қой терісінен тігілетін керемет  жамылғылары бар. Олар су өткізбейді және ылғалға шірімейді. Оның себебі: тері өңдеу кезінде шеберлердің түрлі шөптерді пайдалануында».

Алайда өте шебер өңделген терінің өзі көйлекке қажетті жұмсақ матаны алмастыра алмайды. Сондай-ақ өсімдік тағамдары қажет болды. Мәселен, бір отбасы бір қойдың етін, айталық, бір аптаның ішінде тауысса, кедей-кепшік бір қап бидайды бір айға жеткізіп, талғажау ететін.

Күз мезгілінде көшпелі түріктер даланың шаңың бұрқыратып табын-табын малдарын оңтүстіктегі қалалар мен елді-мекендердегі базарға айдайтын. Әлбетте миллиондаған малды бір сәтте айдап алып келгенде, оның құны арзандайтыны мәлім. Маңдай термен баққан мал басын арзан пұлдамас үшін көшпенділер малдарын, әсіресе жылқыларын алыс елдерге айдап, онда жоғары бағаға сатты.

Мәселен, XIІІ-XІV ғасырларда өзбек базарларында жүйрік жылқының бағасы 8-10 динар болса, Индияда ең арзан аттың бағасы 100 динарға жеткен. Сәйгүліктер тіпті 500 динарға және одан да көп бағаға сатылған.

Нәтижесінде көшпелілер Индияға жылқы жеткізетін үлкен керуеннің жолын салды. Ал, Алтын Орданың Еділ-Жайық арасын жайлаған малшы жұрты жылқыларын іргедегі Орыс еліне саудалады. «XІV ғ. орыс кінәздіктерінде «лощадь» деген сөз тек ноғай тұқымды аттарға ғана айтылатын еді» деген деректер бар.

Бірақ, Үндістан, Персия секілді алыс елдерге жол салу қиындық пен қауіп-қатерге толы болды. Сондықтан малшылар қауіпке бастарын тікпей, жүздеген мың қой, ондаған мың жылқы мен түйелерін Сығанақ, Сауран, Түркістан, Сайрам, Ташкент, Үргеніш, Самарқант, Бұқара сынды жақын қалаларға апарды. Көшпенділер малын арзанға сатқанымен, саудадағы бұл теңгерімсіздікті Хан-сұлтандар отырықшы жұрттан алатын салықтың есебінен теңестіріп отырды. Салықтан түскен ақшаны Хан өз жұртына тең үлестіріп отырды.

Басқа материалдар

Back to top button