Жаңалық

«Төрткүл табақ» қандай табақ?

«… десе, ішкен асын жерге қояды» дейді қазақ. Неге?

Сол дүниеге деген қызығушылығы сондай, тіпті тамағын да ұмытып кетеді дегені ғой. Халқымыздың асты қаншалықты қадірлейтінін осыдан біле берсек те болады.

Қазақта табақтың 50-ден астам түрі бар. Бірнешеуін алдын өздеріңізбен таныстырдық. Осыншама табақ түрі бекерден-бекер шықпағаны анық қой?! Халқымыздың табақ тарту мәдениеті, дастархан мәдениеті, ас ішу мәдениеті биік еді. Тым талғампаз да еді. Бұның барлығы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келген ұлттық ұғым, ұлттық код, ұлттық бренд іспетті де еді.

Өткен аптада «Кежім табақты» талқылаған едік. Бұл ұмытылып бара жатқан табақ түрі дегенді де айтқанбыз. Міне сондай ұмыт болып бара жатқан табақтың тағы бір түрі – «Төрткүл табақ».

«Төрткүл табақ» – арнайы шақырылған қонаққа тартылмайды. Бұл күтпеген қонақ келгенде тартылатын табақ. Және ол табақ сынамайтын, мінемейтін, ет жақынына немесе құрдасына, ауылдасына не жиі соғып тұратын жолаушыға тартылады.

Бұл табақтың ішіне төрт-түліктің жілігі шатастырылып салына береді. Нақты мына жілік салынады, мына жілік салынбайды деген қағида жоқ. Ет төрт түліктің төртеуінікі болуы да міндет емес. Бір ірі, бір ұсақ малдың жілігі араласса болғаны.

Бәлкім бұл табақ ұмытылмаған да шығар. Бірақ, ретімен асылып, жөнімен тартылып жүр ме?

Басқа материалдар

Back to top button