Жаңалық

10 өлеңде 99 қате

ХХ ғасырдың соңғы ширегіндегі абайтану ілімі жайында

Ұлттық әдебиеттанудағы күрделі өзгерістер сипатын байыптағанымызда абайтануда жарияланған танымдық және ғылыми мақалалардағы өзекті мәселелер қойылымының нақтылығын байқаймыз. Соның ішінде «Абайтану» курсын жандандыру, академиялық жинақтарындағы текстология мәселелері, шығармаларының бір қалыпқа түсірілген канондық мәтінін түзу сынды ғылыми мәселелер өткір көтерілді. М. Мырзахметов, Қ. Өмірәлиевтің «Абайды танып біттік пе?» («Қ.Ә».1985.29.ІІІ), Г. Бельгердің «Асылға абай болайық» («Қ.Ә». 1985.9.Ү), «Гете мен Абай» («Қ.Ә».1985.5.ҮІІ), Қ. Мұхаметхановтың «Маржанды тозаң тұтпасын» («Қ.Ә». 1985. 21.ҮІ), «Абайдың бір өлеңі» («Қ.Ә».1986.17.І), «Түзетілгені» қане? «Түсініктері» қайсы?» (Абай өлеңдеріне түсініктер жайында) («Қ.Ә».1986.10.Х), М. Бейсенбаевтың «Тамырлас тағдыр» («Жұлдыз».1986.№2), Ш. Сәтбаеваның «Некоторые проблемы изучения творческого наследия Абая Кунанбаева» «(Қазақ ССР ҒА хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы».1988.№1), Ж. Тілеповтің «Абайдың «Ескендір» поэмасы және тарихи шындық» («Қазақстан мектебі». 1987.№12)», Ғ. Есімовтің «Абайдың философиялық көзқарасы» («Қазақстан коммунисі». 1990.№9) мақалалары соны танытады

М. Мырзахметов, Қ. Өмірәлиев «Абайды танып біттік пе?» мақаласында қазақ филологиясында Абай мұрасын тануда ауқымды жұмыстар жасалғанын айта отырып, соның ішінде абайтану іліміндегі 1945-1965 жылдар аралығындағы ғылыми еңбектерді қарастырып, біріншіден, ойшыл қара сөздерінің 1958 жылдан кейін соңғы уақыт бедерінде бар жоғы екі-үш рет қана аударылғанын, «абайтану» курсы жоғары оқу орындарында соңғы кезде өткізілмейтініне проблемалық тұрғыдан келсе, екіншіден, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абай мұрасы жөнінде соңғы жиырма жыл ішінде бірде-бір монографиялық еңбек бермегенін, оған білікті мамандар тарту жағы да ақсап жатқанын орынды ескертеді.

Ақынның 140 жылдығына орай мұрасын жариялау, зерттеу деңгейін арттыру керектігіне биік талап деңгейінде келген авторлар М. Әуезовтің Абай шығармашылығын кешенді зерттеу арнасын байыптаған кемел ойларын негіз ете отырып, «абайтанудың ендігі өрістетіле зерттелер арнасы – түп қазығы адамгершілік мәселесіне барып тірелетін философиялық көзқарастары екен, солар танылуы тиіс екен» деп айқындайды. Әсіресе, Абай нәр алған үш арнаның ең бастысы ұлттық, төл әдеби қазынаға қатысты дұрыс сөз болмай жүргеніне де өзекті тұрғыдан келеді. Соның ішінде көркемдік дамудағы дәстүр арнасы мен жалғастық иірімдеріне үңілген зерттеушілер хандық дәуірдегі Бұқар жырау, ХІХ ғасырдағы «зар заман» өкілдері: Дулат, Шортанбай, Мұрат сынды «осы ақындардың жалпы қазақ поэзиясының ақындық сезімде, идеяда, мазмұнда болмағанымен ақындық лексикада, тілдік өрнекте, тіпті өлең түрінде Абай мұрасына ауыс-түйісі болғанын» дұрыс зерделеп, отаршыл саясаттың қолшоқпары есебінде көрінген озбыр да шен құмар ел әкімдерінің әжуа бейнесі қазақ поэзиясында Абайға дейін ең алғаш рет Дулат шығармаларында ақындық шеберлікпен берілгеніне қатысты өзекті мәселеде ғылыми негізді дұрыс пікір түйеді. Әсіресе, Абай және Дулат ақындардың ел билеуші әкімдер психологиясын берудегі ерекшеліктері отаршыл дәуірдің ел билеу жүйесіндегі күрделі саяси өзгерістермен де байланыста екшеледі. Осы арнадағы сабақтастықты дәуір аясында кеңінен зерттеу керектігіне, Абай поэзиясының поэтикасын кешенді зерттеу қажеттігіне ой салмаған ғалымдар әлі күнге дейін сол тұстағы абайтанудағы басты олқылық – ақынның шын мәніндегі академиялық жинағын шығара алмауын ескертті. «Абай мұрасын тану мен таныту, ақынды зерттеу – ұлттық сананың зор жетістігіне айналған кезде ғана ортақ рухани қазынаға айналады», – деп түйген ғалымдардың проблемалық мақаласы абайтанудағы басты ғылыми мәселелерді принциптілікпен көтеруінде болып табылады.

Ақын поэзиясының канондық мәтініне қатысты келелі ой сабақтаған Г. Бельгер сөз зергері шығармаларының бір қалыпқа түсірілген канондық мәтіні жоқ екенін айта отырып, ақын жинағы кітаптарындағы («Жазушы».1976). («Ғылым».1977) кейбір жеке сөздердің, өлең жолдарының екі басылымында екі түрлі беріліп, қым-қиғаш болып жүргені, тыныс белгілерінің жөн-жосықсыз, қалай болса солай қойылудағы ағаттықтарды Абайдың он өлеңін салыстыру негізінде тоқсан тоғыз сәйкессіздіктің орын алғанын дәлелдесе («Қ.Ә».1985.9.Ү), Қ. Мұхаметханов «Түзетілгені» қане? «Түсініктері» қайсы? (Абай өлеңдеріне түсініктер жайында)» атты проблемалық мақаласында Абай шығармаларының екі томдық толық жинағында (1977) ақын қолданған кейбір сөздерге берілген түсініктердің ғылымдық дәрежесінің төмендігіне, дәйексіздігіне тоқталып, өлеңдеріне берілген мәтіндік түсініктерді түпкі және түрлі нұсқаларын салыстыра саралау негізінде толықтырды («Қ.Ә».1986.10.Х).

Ал «Маржанды тозаң баспасын» мақаласында да Г. Бельгер тарапынан көтерілген Абай шығармаларының текстологиясына орай ой бөліседі. Ол жайын сәл кейінірек.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button