Жаңалық

Қашықтықтан білім беру кімге тиімді?

Қашықтықтан білім беру мәселелесі бірінші кезекте шағын жинақты мектептер үшін тиімді. Мұндай пікірді бүгін «Қашықтан оқыту – оқушылар мен ата-аналар үшін жаңа тәжірибе» тақырыбында өткен онлайн конференция барысында қоғам қайраткері Мұрат Әбенов айтты.

Онлайн жиналыс ҚР Білім және ғылым министрлігінің Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың, қоғам қайраткері Мұрат Әбеновтің, химия пәнінің мұғалімі Жігер Телеухановтың және ата-аналардың атынан сөйлеген Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызының, танымал  тележүргізуші Гүлнәз Әлімгерейдің, блогер Алмас Тоқабаевтың, сондай-ақ, маңғыстаулық үш оқушының анасы Ақбөбек Жолбасарованың қатысуымен өтті.

«Қашықтықтан оқыту, бұл бірінші кезекте шағын жинақты мектептер үшін тиімді. Ол жерлерде физика, информатика сынды пәндердің мұғалімдері болмайды. Шалғай ауылдардағы балалар үшін аталған пәндер сапалы оқытылмайды. Ал, қашықтан оқыту жүйесі арқылы бүкіл Қазақстанға сабақ беретін мықты азаматтарды табуға мүмкіндік туып отыр. Қазақстан бойынша жақсы ұстаздарды іріктеп алсақ, болашақта солар арқылы теледидарды пайдалана отырып, шалғай елді-мекендердегі және шағын жинақты мектептерде сабақ жүргізу мүмкіндігі пайда болады», – деді Мұрат Әбенов.

Сондай-ақ, онлайн пікір алмасу барысында Мұрат Абдуламитұлы қашықтықтан оқыту жүйесі білім саласындағы бәсекелестікке қабілеттілікті арттырып, нәтижесінде талантты азаматтарды алға шығарып жатқандығын да атап өтті.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button