Жаңалық

Алтынемел – Шыңғысхан сарбаздары жерленген өңір

Құмдар да ән шырқайды. Иә-иә, қағыс естімедіңіз. Мамыражай айлы түнде, жел тұрған сәтте ерекше сазды дыбыс шығаратын табиғаттың керемет сыйы қай жерде деп ойлайсыз? Тек ән салатын құм ғана емес, мақаламызда таныстырылатын өлке өзге де тарихи орындарға бай қасиетті мекен саналады. Ендеше Алтынемел ғажайыптарымен жақын таныса отырыңыздар.

«Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы 1996 жылы Алматы облысының Кербұлақ және Панфилов аудандары аралығында құрылған.

Саябақ жайлы не білесіз?

1. Алтынемел – шөлді аймақта орналасқан Қазақстандағы жалғыз саябақ.

2. Табиғи саябақта 1500-ден аса өсімдіктің түрі өседі. 30-ға жуығы халықаралық дәрежедегі табиғатты қорғау кітабы – «Қызыл кітапқа» енгізілген. Олар: Мүсілім сылдыршөбі, Қопал тасашөбі, Іле бөріқарақаты және т.б.

3. Саябақтан жәндіктің 5000-нан астам түрі, балықтың 20-ға тарта, бауырымен жорғалаушылардың 30-ға жақын және құстың 200 түрін кездестіре аласыз.

4. Саябаққа көрік беріп тұрған әсем таулары: Кіші және Үлкен Қалқан, Ақтау, Қатутау, Дегерес, Матай, Шолақ, Қояндытау және Алтынемел.

5. Ұлттық саябақтағы Алтынемел тауында Емел өзені бар. Өзен Алакөл көліне құяды. Ғалымдардың зерттеуінше, «Емел» сөзі моңғол тіліндегі «эмэл, эмэген» – «ер, ертоқым» сөзімен тікелей байланысты.

6. Алтынемелдегі тағы бір көрнекті әрі тарихи орын – сақ жауынгерлері жерленген Бесшатыр хан қорғандары. Қорғанның сыртынан қарағандағы биіктігі – 20 метр.

7. Бесшатыр қорғанының жанына барсаңыз, 45 кесек тас түзулі тұрғанын көресіз. Онда жануарлар бейнесі қашалған. Бір қызығы, саябаққа алғаш келген шетелдік туристер осы кесек тастарды көргенде Британ аралдарындағы ертеректе салынған – Стоунхендж ғимарат үлгісіне қатты ұқсайтынын айтып таңданған.

8. Жартастарға әртүрлі бейне салынған ежелгі дәуірдегі ескерткіш – Тамғалы тас та Алтынемел саябағында орналасқан. Тамғалы тас ескерткішіндегі бейнелер шамамен 2000-нан астам жыл бұрын салынған деп есептеледі.

9. Саябақта б.з.д. 7-4 ғасырлар аралығына жататын сақ тайпасы хандарының қабірі – Тиграхауда бар.

10. Алтынемелде табиғат тарту еткен ғажайып ескерткіштер, үңгірлер мен жартастар жетерлік. Солардың ішінде ең танымалы әрі сирек кездесетіні – «Әнші құм» (Айғай құм). Құмның ұзындығы 2-3 км, биіктігі – 120 метр. Неліктен атауы «Әнші құм» дерсіз?! Айғай құм күн райы құрғақ болғанда әуені бірнеше шақырымды алатын сазды дыбыстар шығарады. Құмдар бір-біріне үйкелген бетте әндетіп сала береді. Зерттеушілер Айғай құмның мыңдаған жыл бері осы сазды әуенді шырқап келе жатқанын айтады. Ал, Алтынемел өңіріндегі қариялардан жеткен аңызға сенсек, құмның астына кезінде жарты әлемді жаулаған даңқты қолбасшы Шыңғысханның сарбаздары жерленген. Тіпті, Шыңғысханның өз сүйегі де осы құм астына жасырын жерленген деген болжам бар. Аңызға сәйкес, құмның жел тұрған кезде әндетіп сала беретіні – аңыз адамның ұрпағына жеңістері туралы айтқаны-мыс.

11. Қатутау тауындағы пішіндер бір қарағанда хан тағына, кейде сөреге немесе ыдысқа ұқсайды.

12. Теңіздің орнында пайда болған Ақтау тауынан археологтар динозаврлардың сүйектерін тапқан.

13. Шатқалдарда алғашқы адамдардың тасқа қашап жазған суреттері бейнеленген. Тау ойыстары мен аңғаршаларда түрлі жан-жануарлар көрініс тапқан жартас көрмесі бар.

14. Саябақта қазақтың ұлы ғалымы – Шоқан Уалихановтың тарихи-мемориалдық мұражайы орналасқан.

15. Шоқан Уалиханов Қашқарияға сапары барысында осы өңірге аялдайды. Ол жерді қазір «Шоқан бастауы» деп атайды. Келген туристер міндетті түрде Шоқан бастауына тоқтайды.

16. Ұлттық табиғи саябақ ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік биосфералық резерваттар желісіне кірген.

17. Табиғатты қорғау орнында 17 қорықша бекеті жұмыс істейді.

18. Мемлекеттік табиғи ұлттық саябағының ресми сайтына сілтеме:   https://www.altyn-emel.kz/kz/

Саябаққа баруға асығыңыз!

Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы қаласының арақашықтығы – 1224 шақырым. Елорда мен оңтүстік астананың арасы ұшақпен 1 сағат 30 минут, «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызымен 14 сағат. Жай пойызбен 22 сағатта жете аласыз. Нұр-Сұлтан қаласы «Сапаржай» автовокзалынан Алматы қаласы «Сайран» автовокзалына дейін автобуспен шамамен 17-18 сағат жол жүресіз. Бағасы: 7000 теңге. Алматыдан саябаққа автокөлікпен (автобус/такси) жетесіз.

Алтынемел сапарынан қандай пайда табасыз?

Мөлдіреген Іле өзенінің жағасында таза ауа жұтып, жып-жылы суына шомыласыз. Парктің бір орнынан екіншісіне аяқ басқан жолда салқын қымыз, жаңа сауылған шұбат іше аласыз. Жылқы мен түйеге мініп, саябақты серуендеуге мүмкіндік бар. «Шыған» бекетіне аялдасаңыз, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін этноауылға тап боласыз.

Қонақ үйлері: «Тайғақ», «Жантоғай», «Алтынемел», «Шыған». Сондай-ақ, шатыр тігуге арналған 4 әсем алаңқай бар.

Экскурсиялық маршруттар (автокөлік-жаяу):

1. Басши ауылы – Шыған кордоны – Мыңбұлақ кордоны – «Ошақтас» қойтастары – тораңғы тоғайы – Шоқан Уалиханов бұлағы – «Айғай құм» табиғи ескерткіші

2. №1 пост – Тайғақ шатқалы – «Таңбалы тастағы» суреттер – «Бесшатыр» сақ қорғандары

3. Басши ауылы – 700 жылдық ағаш – Қатутау – Ақтау

Басқа материалдар

Back to top button