Сұхбат

Раушан Ақышева: «Күніне 2000-нан астам бетперде тігеміз»

Аты жаман індет бүгінде ел ішіне аса қауіп төндіріп, халықтың берекесін қашырды. Бір жақсысы, жұртшылық аурудың алдын алып, сақтану шараларын ұстануға тез қалыптасты. Дәл қазіргі сәтте барлық дәріханаларда жоғары сатылымға ие тауар – бетперде, антисептик, қолғап секілді заттар. Тігін фабрикаларынан бөлек, қарапайым тұғындардың өзі маска тігіп, игі іс жасауда. Бүгін назарларыңызға, жұртшылықты зәру заттармен дер кезінде қамтамасыз етуге үлес қосушылардың бірі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында орналасқан «Талапкер» ЖШС тігін цехының директоры, кәсіпкер Раушан Ақышевадан алған шағын сұхбатымызды ұсындық.

Ruh.kz: Сәлеметсіз бе! Күніне қанша маска тігесіздер?

Раушан Ақышева: Сәлеметсіз бе! Бастапқы кезеңде бір күнде 1000 маска тігілді. Кейін 1400-ге өсті. Қазіргі таңда тігін фабрикамызда 2000-нан астам маска тігілуде. Бұл санмен шектеліп қалмақ ойымыз жоқ. Тігінші қыздарымыздың санын арттырудамыз. Бүгінгі күні фабрикамыз өз жұмысын тоқтатып қойып, тек бетперде тігумен айналысу үстінде. Клиенттерден тапсырыс қабылдап жатқан жоқпыз. Есікті жауып алып жұмыс істейміз. Барлық тазалық шараларын қатаң түрде сақтаймыз. Дәріханалар өздері келіп, бетперделерді алып кетеді. Алдағы уақытта бұдан да көп бетперде тігіледі.

Ruh.kz: Бетперделер қандай матадан тігілуде, бағасы қолжетімді ме?

Раушан Ақышева: Қауіпті індеттен қорғану үшін киетін масканы медициналық форманың сапалы матасынан тігеміз. Дәке мен ақтықтың сапасы тым төмен болғандықтан олардан тігіп жатқан жоқпыз. Әрине, әлем халқына залалы тиіп жатқан дәл осы жағдайда дәріханаларда маска мен дүкендерде матаның жетіспеуі қалыпты жайт. Осыған ұқсас қиындықтар бізге де әсерін тигізбей қоймады. Фабрикамызда резина мен матадан қиындықтар тууда. Осы сәтке дейін 25-30 теңгеден алып жүрген маталардың бағасы қазір 100-120 теңгеге өсіп кетті. Бұл – бастапқы бағасынан 4 есеге ұлғайды деген сөз. Соған қарамастан маска тігуді тоқтатқан жоқпыз. Оның үстіне тігін фабрикамызға әкімшіліктен арнайы тапсырма түскен. Басшылық: «Дәріханаларда күнделікті маска болмай қалмасын», – деді. Қарамағымдағы қыздарыма: «Ел басына осындай күн туғанда қара халық үшін 50 теңгеден тігейік», – деп айттым. Олар да бұл ұсынысыма түсіністікпен қарады.

Ruh.kz: Уақытыңызды бөліп, сауалдарымызға жауап бергеңізге алғыс айтамыз!

 

Басқа материалдар

Back to top button