Жаңалық

Шымкенттік кәсіпкерлер көпбалалы отбасыға пәтер сыйлады

Шымкент қаласының кәсіпкерлерінде өздері қиын жағдайға тап болғанына қарамастан, қайырымдылық жасауға деген үлкен құлшыныс бар. Жақында жомарт азаматтар 12 балалы отбасыға үш бөлмелі пәтер сыйлады. Бұл отбасы осыған дейін жалдамалы пәтерде тұрып келген еді.

Жомарттық танытқан азаматтар – қаладағы танымал кәсіпкер Қайрат Молдасейітов басқаратын Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің мүшелері. Палата мүшелері өткен жылдың соңында қиын жағдайға тап болған осы отбасының жағдайы туралы біліп, баспана сатып алу мақсатында қаражат жинауды бастаған-ды. Үш ай ішінде «Менің атамекенім» қоғамдық қорына 8,5 млн теңге жиналады.

Осы қаржыға 3 бөлмелі пәтер сатып алып берген кәсіпкерлер көпбалалы отбасының дайын үйге бірден кіруі үшін пәтерді жөндеу шығындарын да көтермек.

Бұған қоса «Бал текстиль» кілем фабрикасы осы отбасына кілем сыйлады, «Азала текстиль» компаниясы төсек-орын жабдықтары және монша жабдықтарымен қамтамасыз етті. Іскер әйелдер кеңесінің кәсіпкері (төрағасы Алма Архабаева) балалар киімін, тұрмыстық техникаларды, ал, Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері балалар киімдерін, тұрмыстық техникалар мен ыдыс-аяқ сатып алды.

Пәтер кілтін салтанатты тапсыру рәсімі кезінде кәсіпкерлер өз әріптестерін қазіргі қиын жағдайда немқұрайлы болмауға және халыққа қамқорлық жасауға шақырды.

«Қазір кәсіпкерлер қиын кезеңдерді бастан өткеріп жатыр, төтенше жағдай мен карантинге байланысты олардың көпшілігі жұмысын тоқтатты. Бірақ ең бастысы, мұндай жағдайда да біздің кәсіпкерлер әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, әлеуметтік әлсіз отбасыларға қамқор болып, қолдау көрсетеді. Біз «Корпорация «Береке А» ЖШС, «Отау строй» ЖШС, «DALA Construction» ЖШС, «Зерде» ҒӨБ ЖШС, «Бал текстиль» ЖШС, «ЗБН Визит» ЖШС, «FEBgroup» ЖШС, «КазМедПром» ЖШС, «АГФ Груп» ӨК ЖШС, «А.Р.Т. Құрылыс» ЖШС, «Мұнай Инвестмент груп» ЖШС, «Үш сай» ЖШС, «КАТКА» Қазақ-түрік Кәсіпкерлер Қауымдастығы ЖКжЗТБ, «Mega Smart ЖШС, «Еврокристалл» ЖШС компанияларына пәтер сатып алуға көмектескені үшін ризамыз. Жалпы, пандемия басталғалы бері бір ғана өңірлік кеңестің мүшелері шымкенттіктерге 100 миллион теңгеге көмек көрсетті. Көмек ақша қаражатымен, эпидемияға қарсы препараттармен, обаға қарсы костюмдермен, маскалармен және тамақ өнімдерімен көрсетілді. Еске сала кетейін, өңірлік кеңестің төрағасы Қайрат Молдасейітов бірінші болып карантин жағдайында көмек көрсетуге 20 миллион теңге бөлді. Баршаңызға үлкен рахмет, – деп атап өтті Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Олжас Жансейітов.

Айта кетейік, жомарт кәсіпкерлердің жанашырлығы арқасында жаңа баспаналы болған Мұхтар мен Гүлнар Бердіқұловтардың 7 баласы бар, сонымен бірге осы ерлі-зайыптылар 2014 жылы жол апатынан көз жұмған туыстарының 5 баласын қамқорлыққа алды. Отағасы – жеке компанияда күзетші болып жұмыс істесе, зайыбы – үй шаруасында. Ұл-қыздары колледжер мен мектептерде білім алады.

Шымкент қаласы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button