Жаңалық

Білім – рухани жаңғырудың бұлағы

«Оқу – білім азығы, білім – ырыс қазығы»

Дана халқымыз қашан да «Бір жылдығын ой­лаған егін егеді, он жылдығын ой­лаған ағаш егеді, мың жылдығын ойлаған – ұрпағы­на білім нәрін егеді» – деп тәмсіл­деген болса, «Оқу – білім азығы, білім – ырыс қазығы» – деген секілді талай ұлағатты ой қорытқан. Расында да елдің ертеңгі іргесі білімді жастардың қолында десек, сол жастар бүгінгі таңда сапалы білім алып, білікті мамандар қатарын толықтыруы қажет. Сондықтан бүгінгі таңдағы кез келген көзі қарақ­ты ата-ана ұл-қызының білім алып, қатарынан кем болмаға­нын ойлайтыны белгілі. Мұн­дай көзқарас бұрынғы өткен замандарда да, қазіргі кезеңде де, алдағы уақытта да қайталанып отыратын игілікті құбылыс, өмірдің заңдылығы. Себебі, білім – ешуақытта сөнбейтін шырақ.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты кең көлемдегі стратегиялық мақаласында: «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады» – делінген. Демек, бүгінгі қоғам мүшелері өз ісінің үздігі болуға ұмтылуы тиіс.

Сондықтан ел билігі білім саласына ерекше назар аударып отыр. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында белгілеп берген жаңғырудың VІ бағытының бірі – білімнің салтанат құруы.

Бүгінде елімізде сапалы маман дайындайтын жоғары оқу орындарының қатары көп. Заман талабына сай техникалық, гуманитарлық және жаратылыстану бағыттары бойынша, ақпараттық технологиялар, энергетика, телекоммуникациялар және қаржы экономикалық құрылымдары үшін кадрлар даярлайтын жоғары оқу орындарының бірі де бірегейі – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті. М.Әуезов атындағы ОҚМУ еліміздегі іргелі, таңдаулы оқу орындарының үздіктерінің бірі.

Мұнда білім алатын студенттерге де барлық жағдай жасалған. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға қабылданған жастар студенттер үйінде тұру мүмкіндігіне ие бола алады. Сондай-ақ, үздік оқитын және әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан студенттер үшін түрлі әлеуметтік шәкіртақылар мен жеңілдіктер қарастырылған.

Осы ретте Елбасының «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасынан ке­ліп туын­даған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» бүгін­гі таңдағы жоғары білім алу­дың қолжетімділігі мен он­дағы білім сапасын арттыру, сту­дент-жастардың жатақхана­лық жағдайын жақсарту жөнін­дегі ұсыныстары да ел ішінде тың сер­пін туғызғанын атап өтуіміз қажет. Бұл нағыз дер шағында көтеріліп отырған, көптен шешімін таппай келе жатқан ең өзекті мәселе екені сөзсіз. Өйткені жыл өткен сайын жастарымыздың жоғары білім алуға деген ын­та-ықыласы артып келеді. Оның үстіне елдің демо­графия­лық өсімі де жоғарылай түсу­де. Сондықтан да Елбасының жоға­ры білімінің қолжетімділігін арттыру үшін жыл сайын бөлініп жүрген 54 мың грантқа қосым­ша осы оқу жылында тағы да 20 мың мемлекеттік грант бөлу туралы ұсынысы өте орынды бол­ды. Мұны ата-аналар қауымы, сту­дент­тер жұртшылығы, қалың көпші­лік ризалықпен қабыл алды. Ал студент­терді жатақхана­мен қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылдың соңына дейін елімізде студенттер үшін кемінде 75 мың орындық жаңа жатақханалар салу жұмысы атқарушы билік өкілдері мен сала басшыларына міндеттелді. Сондықтан аталған қиындықтан шығу үшін қазіргі кезеңде әрбір жоғары оқу орны және арнаулы кәсіптік оқу орындары студенттік жатақханалар салуды ойластырып жатқан жайы бар. Бұл шаралар қалың елдің, жалпы жұрттың көңіліне қуаныш ұялатты.

Расында да білім ұлт пен жер таңдамайтын, шекараға бөлінбейтін барша әлемге ортақ құндылық. Осынау құндылықты ұлт болашағы жастардың бойына сіңіру мақсатында мемлекет тарапынан жасалынып жатқан тың бастамалар көңіл қуантарлық. Уақыт өтіп, заман дамыған сайын физикалық заңдылықтар да жаңарып келеді. Ғылымдардың төресі аталған физика заңдылығында күштен ұтсаң уақыттан ұтыласың, ал уақыттан ұтсаң күштен жеңілесің деген қағида бар. Шынында да кез келген дүниені жасауға уақыт ысырап етпейін деп күшіңді салсаң ұтыласың, немесе асықпай жасайын десең уақыттан ұтыласың. Ал заман ағымы ше? Заман мен технология қарыштап дамыған кезеңде біздің уақыт пен күшке қарап отыруға ақымыз жоқ. Себебі заман ағымына ілесіп, көштен қалмауымыз керек. Осы орайда еріксіз ойға инновациялық технологиялар мен еліміздің цифрландыру саясаты еске түседі. Өйткені әлем бізді күтіп тұрмайды. Жаңа жобалар мен бастамалар жасауға, үнемі жаңашылыққа ұмтылып отыруымыз қажет.

Елбасы Н.Назарбаев айтпақ­шы: «Сы­наптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс… Екі дәуір түйіс­кен өліара шақта Қазақстанға түбе­гейлі жаңғыру және жаңа идеялар ар­қы­лы болашағын баян­ды ете түсудің тең­д­е­с­сіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр».

Рухани жаңғыру мен эволюциялық даму үшін жоғары бәсекелік қабілет пен прагматикалық ойлау, ұлттық бірегейлікті сақтау, жаңалықтар мен тың өзгерістерге ашық болу және білімді  бар істің бастамасы ету маңызды. Бұл Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған басымдықтар.

Тек рухани дүниесі кемел, білімі жетік азамат артына үлгі боларлық іс атқарады. Мұндай азаматтардың есімі бір әулеттің немесе ұжымның, өлкенің, мемлекеттің тарихында сақталады. Сол себепті, әр азамат қандай істі қолға алса да, кемелдікке ұмтылған абзал.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты халқымыз үшін стратегиялық мәні зор бағдарламалық еңбегінде бірқатар маңызды міндеттерге, Қазақ елінің болашағын кемелдендіруге қатысты өзекті мәселелерге баса назар аударылғаны мәлім. Мұнда ол басты мақсатымыз – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін санамыз ісімізден озып жүруі, яғни ой-сана күнделікті өмір талабына сай рухани тұрғыда жаңғырып отыруы қажет екенін, бұл еліміздегі саяси және экономикалық жаңаруларды толықтырып қана қоймай, солардың өзегіне айналуы керектігін ерекше қадап айтқан.

Ұлы Даланы мекен етіп, кең-байтақ жерге билік жүргізіп келе жатқан халқымыз қашан да білімнің қадірін білген. Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұм­тылу халқымыздың қанын­да бар игі қасиет. Сондықтан да Рухани жаңғыруды жүзеге асыру жұмысы оқу-біліммен, ғылыммен, жаңа технологиялармен тығыз байланыста ат­қарылатын жүйелі үдеріс. Мұны бүгінгі уақыт пен көз ілеспес жылдамдықпен дамып келе жатқан жаңа әлемнің бейнесі көрсетіп беруде.

Шымкент қаласы,

«Рухани Жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button