Жаңалық

«Сыралқы табақ» қандай табақ?

Сөздің орнына да, кей ретте, табақ жүрген

Халқымыз ас мәдениетіне ерекше назар аударатынын алдын айттық. «Бастың мандайы неге тілінбеген?», «мына жілігі салынбапты», «бәлен қосымшасы жоқ» деген секілді талай сын айтылып, ескеріліп жатады.

Қамария деген әжеміз тойға барғанда, біреудің дастарханынан дәм татқанда үнемі сын тағып отырады екен. Сол әжейдің алдына тартылар табаққа табақ иесі аса мұқият қараса керек.

Сондай бір тойдан апамыз үндемей кетіп бара жатқанда бір пысықай жігіт: «Қамария апа бүгін ешқандай сын айтпадыңыз ғой, табағымыз дұрыс тартылған шығар» десе, Қамария апамыз: «жамбастың шыңқырын төмен қаратып тартып қойғандарыңды да мақтан көресіңдер ме», – деген екен.

Міне, осы шамалас сын, ескертпелер талай айтылып жатады. Тартқан табағында мін болмайтын келіндер ауыл ішінде белгілі бір мәртебеге ие болатын. Бір ауылдың табақ тарту рәсімін бір апамыз реттеп беріп отырса, бұл сабақтастық жоғалмайтын да еді-ау.

Ауыл ішінде, жеңгелер арасында, көбіне, «сыралқы табақ» жүреді. Табаққа салынар мүшелердің нақты тізімі болмаса да, табақта міндетті түрде таңдай тартылады. Осы таңдайға қарап, бұның сыралқы табақ екенін біле береді.

Көбіне құда түсу кезінде қыздың ата-анасын қонаққа шақырып, жігіт үйі осы сыралқы табақты тартады. Осы табақпен қызына құда түспек ниеттерін білдіреді. Қыздың ата-анасы табақтан дәм алса, жігіт үйінің бұл ниетіне аса қарсылық білдірмейді дегені. Әрине, қатып қалған қағида жоқ.

Басқа материалдар

Back to top button