Жаңалық

Халел Досмұхамедов еңбектеріндегі рухани мұралардың маңызы

Мақалада көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ағартушы педагог, дәрігер Х.Досмұхамедовтың мұраларына жан – жақты талдау жасалынған. ХХ ғасырдың басында Х.Досмухамедов негізін қалаған ұлттық идеялар, ғылыми тұжырымдар мен ғылыми еңбектерді саралай отырып, оны оқу – тәрбие үдерісіне енгізу арқылы, ұлттық сананы қалыптастыру мәселесіне аса мән бере отырып, ұлттық тарихи құндылықтар жүйеленіп беріледі. Х.Досмұхамедов ұлттық білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесін, оның мұраларының құндылығын ескере отырып, «Халелтану» атты арнайы курсын республикадағы жоғары оқу орындарындағы педагогикалық мамандықтардың оқу жоспарына таңдау пән ретінде оқу жоспарларына енгізу қажет екені ұсынылады.

ХХ ғасырдың басы қазақ халқы үшін – ұлттық тарихи құндылықтарымызды ұрпақтан – ұрпаққа жалғастырушы алтын көпір іспеттес. Интеллектуалды ресурстарымен бәсекеге түсе алатынын, бәсекеге қабілетті тұлғаларды берді.    Аталған кезең «Алашорда» мемлекетінің құрылуы, «Алаш» партиясының тууы, ұлттық тарихымыздың, төл оқулықтарымыздың жазылуымен, ұлттық баспасөздің қалыптасуымен т.б. ерекшеленеді. Алаш азаматтарының алдында, бүкіл халықтың алдына қойған негізгі идеясы экономиканы дамыту, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, рухы жоғары білімді тұлғаны қалыптастыру арқылы қоғамды дамыту көзделді. Зияткер тұлғаны, ұлтты қалыптастыру – қоғамдағы ең көкейтесті мәселелердің бірі. Зияткерлік әлеует – зияткерлік іс-әрекеттің барлық түрлерін, оның субъектілерін, ғылымды, білімді, жаңашылдықты біріктіретін интегративті ұғым, ең алдымен, қоғамның интеллектуалдық ресурсы болып табылатын үздіксіз білім беру жүйесін дамытуға аса мән берілді.

Ғұламаның «Заманымыз мәдениет заманы, мәдениетке білім жеткізеді. Білім оңайлықпен қолға түспейді, Білім алуға көп еңбек, аса сабыр керек. Білім мысқылдап кіреді. Білімді алу үшін көп сарғаю керек. Еңбек қылмай білім жоқ», – деген тұжырымы құзіретті кәсіби маманды қалыптастыруда білімнің құндылығын, мәдениеттің негізгі көрсеткі екеніне тоқталады[,48].

Халел Досмұхамедов және Алаш партиясы.

1913 жылы әскери міндеткерліктен босап, Темір уезіне бөлімшелік дәрігер болып орналасады. Осы уақыттан бастап бұрынғы саяси күресін одан әрі жандандырады. Қазақ зиялыларымен тығыз байланыс орнатып, отандық партия құру қамымен болады. Әлихан секілді, ол да халқына пайдасы жоқ кадеттен аулақтайды. 1913-1915 жылдары келешек «Алаш» партиясының идеялық негізі қаланады. Халел «Алашорда» мемлекетінің, «Алаш» партиясының негізін қалаушылардың бірі болды.

Ұлттық мектеп және қазақ тілі.

ХХ ғасырдың басы қазақ елі үшін ұлттық білім, ғылым, ұлттық сана, ұлттық алфавитті қалыптастыру кезеңі екені белгілі. Осы тұста көнеден төте жазумен келе жатқан білім беру саласы кирилицаға ауысты. Бұл бұрыннан қалыптасқын білімге өз деңгейінде әсер етті. «Қазақ халқы революцияға дейін 2 пайыз сауатты болды»,- деген керітартпа пікір осы тұста пайда болды. Төте жазумен жазылған мұралар есепке кірмей қалды.

Ол «ұлттық мектептің жүйесін құруға, қазақ тіліндегі ғылыми терминологияны жасау ісіне белсене араласты. Қазақ тіліндегі оқулықтар шығаруға ісімен шебер араласты»[2,8 б.]. М.Жұмабаев, Ж.Аймауытовпен бірге ұлттық негіздегі педагогикалық, психологиялық еңбектерді жазуға үлес қосты.

Халел Досмұхамедовтың және сол кезде өмір сүрген зиялы қауым өкілдерінің негізгі көкейкесті мәселесі ұлттық тілде білім беру жүйесіне оқулықтар жазуды басты мақсат етіп қойды. Қазақ халқының тарихы, рухани – мәдени құндылықтарының даму тарихы Абай, Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, Х.Досмұхамедов, Н.Құлжанова, Ш.Алжанов, С.Қожахметов, С.Торайғыров, Н.Төреқұлов т.б. еңбектерінде ақиқат тұрғысынан ғылыми негізделді.

А.Байтұрсыновтың «Әліппе», «Тіл құралы», «Әдебиет танытқыш», М.Дулатовтың ұлттық негізде құрастырылған «Есептанытқыш», М.Жұмабаевтың «Педагогика» оқулығы т.б. жазылды. Замандастарымен бірге Халел Досмухамедов   «Жануарлар», «Табиғаттану», «Оқушылардың денсаулығын сақтау», «Адамның тән тірлігі», «Сүйектілер туралы» ғылыми әдістемелік еңбектерді жазды. Әсіресе, қазақ жоғары педагогика институтында оқыған «Қазақ халық әдебиеті» дәрістерінде адамның туғаннан бастап өмірден озғанға дейін қазақ әдебиетінде жырланатын салт- дәстүрлер, ырым -жораларға толықтай тоқталған. Шілдехана, бесік жыры, ғашықтық әдебиет, тойбастар, үйлену тойы жырлары, қоштасу, көрісу жырлары, жерлеу жырлары, мақтау жырлары, бата мен алғыс, насихат, емшілік халық әдебиеті т.б. қамтылады.

Ғұлама өз еңбектерінде ана тілінің маңыздылығына аса мән береді. «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең бұл сүйініш, ана тілін білмей тұрып жат тілді еліктей беруі зор хата. Бұл оқығандардың һәм оқушылардың есінен шықпау керек»[2,99].

Бүгінде қоғамда болып жатқан латын тіліне көшу мәселесі ғұламаның еңбегінде «латын тіліндегі терминдерді ешкім қалдыруға ниет қылған жоқ, қалдыруға қолдан да келмейді. Ғылым ұлғайған сайын латын терминдері де ұлғайып барады», – деген тұжырымы латын тілінің өзектілігін айқындай түседі[ 2,95].

Қазақстандағы алғашқы жоғары оқу орнының негізін салушы ғалым. Биыл 90 жылға толып отырған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің негізін 1928 жылы ашуға белсене араласты. Аталған университеттің проректоры қызметі, педагогика кафедрасының меңгерушісі болды, профессор міндетін атқарды[2]. Кезінде өзі ашқан еліміздегі негізгі педагогикалық жоғары оқу орнына 90 жыл болды. Елімізге 23 педагогикалық мамандықтар бойынша мамандар даярлап отыр. Міне ғұламаның өзі негізін қалаған оқу орнының жетісітігі оның тарихта есімінің алтын әріппен жазылуына негізгі көрсеткіш болып отыр.

ХАЛЕЛ ДОСМҰХАМЕДОВ және ұлттық баспасөз.

Ғұламаның есімі қазақ елінің тарихында «алғашқылар», «бірінші» деген сөзден бастау алады. Ұлттық баспасөзге келетін болсақ та «Қазақ» газетінің негізін салушы тұлғалардың бірі. «Қазақ» газеті қазақ елі өмірінен мәлімет таратушы саяси газеттер қатарына жатты. «Қазақ» газетінің тарихи маңыздылығын арттыруға ғұламаның іргелі үлесі болса, ал газет Х.Досмұхамедовтың есімін әлемге танытты.

Оның емдеуге байланысты «Тамыр дәрі хақында», «Сары кезік — сүзек», «Жұқпалы ауру хақында» сынды ғылыми мақалалары, ем қабылдау туралы ұсыныстары жарияланды. 1916 жылы оба ауыруының елдің арасында көптеп тарауына байланысты «Как бороться с чумой среди киргизского народа» атты ғылыми еңбегі жарыққа шықты.

Сонымен қатар, 1917 жылы “Ұран” газетін шығаруға да белсене араласады. Қазақ – қырғыз білім комиссиясы жанынан «Сана» журналының шығуына белсене араласып, аталған журналдың редакторы болды.
Сол кездегі баспасөздің негізі болған «Ақ жол», «Еңбекші қазақ», «Шолпан», «Сәуле» басылымдар да ғылыми мақалалары жарияланып отырды. Ұлттық мұраларды жариялауда негізгі орын алды.

Халел Досмұхамедов және түркітану мәселелері.

Ғұлама мұраларының ерекшелігі көне заманнан бастап өзі өмір сүрген заманның ағымын жақсы зерттеген ғалым. Халел Досмұхамедов «Түрк қауымы тіл, әдебиет һәм мәдениет тарихы үшін 1889-ыншы жылы Орхон жағаларында Ядринцев тапқан, Томсен, Радлов һәм басқа ғалымдар тарапынан үйреніліп, нәшр етілген, барлық мәдениет, хан дүниесінің назарын өзіне қаратқан, хан ерлерінің фікірін алыстырған (өзгерткен) ескі түрк, Орхон «бітік тастары» қандай аһамиаты болса, Махмуд Қашқари кітабында да аһамиаты сондай», – деп ерекше атап көрсетілетін мұрасы «Диуан лұғат ит-түрік» атты мақаласында Махмуд Қашқаридің еңбектерінің маңыздылығын, ұрпақ тәрбиесіне қажеттілігін нақты көрсете білді.

«Аламан» атты еңбегінде түркі жұртының мұраларының тарихи маңыздылығы ашылып беріледі. Аламанға ғұлама төмендегідей анықтама береді «көптің пайдасын ойлай тұрса да, бүтін жұрттың қамын же тұрса да, өзінің мен- мендігін, көп күшін құрбан қыла алмайтын, өз дегенін күшпен орындайтын; өз басын артыққа санап,сөзін сөйлеп соңына ермегендерді, қарсы тұрғандарды түсінбегендігінен, ақылсыздығынан қылды деп білетін, көңіліне жақпаса өзі қойған бастығының бұйрығына, өзі қалаған тәртіптің жолына бас ұрмайтын; Отан сезімі, мемлекет сезімі кем, мен-мендік сезімі өте күшті құлықты аламандық дейміз»[ 2,147].

Қазақ батырлар тарихын зерттеуші ғалым ретінде

«Жалаңтөс батыр», “Исатай – Махамбет”, «Кенесары- Наурызбай» мұрасын алғашқы зерттеушілерінің бірі. Батырлық, батыр, ер, ерлік және ұлттық жауынгерлік дәстүр оның ерекшеліктеріне, ерлік тәрбиесіне педагогикалық тұрғыда түсініктеме берілді. Ер-ар-намыс, азаматтық қасиетін үнемі жоғары ұстап, қажетті жерде қауіп-қатерге өз басын тігіп батыл іс-әрекетке бара алатын адам. Ердің іс-әрекеті бейбіт кезде де, соғыс кезінде де таныла береді. Ерлік – жаугершілік уақытта да, күнделікті өмірде де ел, жер мүддесі үшін қауіп қатерлі істерге, ерекше қимылдарға бару іс-әрекеті. Қазақ халқы ұлт болып қалыптасу дәуірінен бастап күні кешеге дейін жаугершілік жағдайда өмір сүріп өз елін, жерін, тәуелсіздігін үнемі қорғап отыруға тура келді. Сол себепті қоғамның қолына қару ұстауға жарайтын азаматы кез-келген уақытта қазақ әскерінің жауынгері болып табылатын[4].

«Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат» атты мақаласында қазақ елінде болған көтерілестердің тарихи маңыздылығын көрсетеді. Сырым батырдың көтерілісі, Исатай Махамбет көтерілісі, Жаңғожа мен Есеттің көтерілісі, «Ауа» көтерілісі туралы мағлұматтар берілген. Өзінің «Аламан» атты еңбегін түркі жұртының тарихын зерттеген башқұрт ғалымы Әбубәкір Диваевқа арнауы да ғұламаның азаматтық тұлғалық қасиетін көруге болады.

Ғұлама тек Алаш қозғалысының негізін салып қана қойған жоқ, ұлттық білім мен ғылымның дамуына негізгі тұтқа бола білді. Оның қаламынан ұлттық ғылымға қажетті ғылыми еңбектер жазылды. Россия Федерация академиясының 1924 жылы Орталық өлкетану бюросының корреспондент – мүшесі болып сайлануы да жақын және алыс шетел академияларының, ғалымдарының оның еңбегін бағалауы деп білуге болады. Ұлттық ғылымның негізін салушы ретінде бағалай аламыз.

Ұлттық сөздіктің негізін салушы ғалым ретінде қазақша-орысша жаратылыстану сөздігін, ғылыми терминологияның негізін қалады. Жаңа терминдерді қалыптастыруға өз үлесін қосты. Міне, Халел Досмухамедов мұрасын зерделеу барысында,   оның әр ғылым саласында   өзіндік қолтаңбасын көреміз.

Халел Досмұхамедов және профессор Қ.Б.Сейталиев.

Халел Досмұхамедовтың «Қазақ елі – Мәңгілік ел» идеясын қалыптастыруға қосқан үлесі өте үлкен. Халқымыздың «мақтанатын ұлын болса мақтан», – деген тұжырымынан профессор Қ.Б.Сейталиевтің   «Халелтану» ғылымына қосқан үлесін атауға болады[5]. «Халелтану» атты ғылыми – танымдық пәнді университеттің оқу ‑ тәрбие үдерісіне енгізуде ғалымның ғылыми ізденісін ерекше атауға болады. Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ағартушы педагог, дәрігер Х.Досмұхамедовтың мұраларын бір жүйеге келтіре отырып, ХХ ғасырдың басында қалыптасқан ұлттық идеяларды сабақтастық тұрғыда оқу – тәрбие үдерісіне енгізу арқылы, ұлттық сананы қалыптастыру мәселесіне аса мән бере отырып, ұлттық тарихи құндылықтар жүйеленіп берілді. Х.Досмұхамедов ұлттық білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесін, оның мұраларының құндылығын ескере отырып, республикадағы жоғары оқу орындарындағы педагогикалық мамандықтардың оқу жоспарына таңдау пән ретінде оқу жоспарларына енгізу қажет.   Яғни, аталған идеяларды іске асыру бүгінгі жаһандандыру үдерісінде, ұлттық идеялардың әлемдік идеялармен өзара сабақтастыру жағдайында құнды пікірі ата салтымызды сақтауға, туған жер мен ел алдындағы перзенттік парызымызды ақтауға шақырады, оқушы – жастардың интеллектуалды әлеуетін қалыптастыруға негізделген   іс – шаралар белсенді     ойлау қызметінің дамуын, негізгі құндылықтарды және осы заманғы ғылыми дүниетанымды қалыптастыру, олардың сана-сезімінің сенімді және қажетті біліммен толығуын, ақыл-ой қабілеті мен білімге құмарлығын дамыту аса жоғары деңгейде іске асуруға қосқан үлесіміз болып табылады.

Ғұламаның өзі зерттеген М.Қашқаридың «Түркілер көркемдік, сүйкімділік, жарқын жүзділік, әдептілік, жүректілік, үлкендерді, қарияларды құрметтеу, сөзінде тұру, мәрттік, кішіктік, тағы сондай сансыз көп мақтаулы қасиетке ие»[2], – деген даналық тұжырымы Халел Досмухамедовтың бойындағы азаматтық мәртігін көрсетумен қатар, бүгінгі қазақ елі жастарының бойындағы ұлттық құндылықтарды қалыптастыруда негізгі орын алады.

Иманбаева Сауле Тохтарқызы

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ХПБҒА – ның академигі, Халықаралық КОНКОРД академиясының корреспондент мүшесі (Франция)

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button