Жаңалық

Әлем халқы қанша тілде сөйлейді?

Біз бүгін «100 жаңа оқулық» қатарына енген, әлемге танымал, таңдамалы кітаптардың бірі жайында сөз қозғасақ дейміз.

Мақалаға арқау болып отырған қай кітап?

Бұл ретте Торе Янсонның (Tore Janson) «Тіл тарихы» (The History of Languages) атты еңбегіне тоқталамыз. Оқулық Оксфорд лингвистика оқулықтары (Oxford textbooks in linguistics) қатарына кіреді.

Бұл еңбектен қандай халық қандай тілді қолданады, қай тіл көп қолданысқа ие, тілдер қалай пайда болып, қалай жойылады сынды бірқатар маңызды сұрақтарға жауап алуға болады.

Кіріспесінде тіл мен тарихтың егіз құбылыс екендігі жазылған. Ол екеуі қалай байланысқан дүние болуы мүмкін?! Ғаламшар пайда болғалы бері талай тарихи оқиғалар орын алды. Бұл заңдылық. Солардың барлығы адамдардың күнделікті қолданатын тілдеріне тікелей сабақтастықта өрбиді. Қысқасы, бұл еңбек тілдің тарихтағы рөлін көрсетеді. Сондай-ақ халықаралық қолданысқа ие тілдер және африка тайпалары мен австралиялық бушмендер сөйлейтін хойсан, банту тобындағы ұсақ тілдердің пайда болу тарихы қамтылған.

Сіз тілдің қанша уақыт бұрын пайда бола бастағанын білген бе едіңіз? Қазір қолданылып жүрген тілдердің пайда болғанына кем дегенде 40 мың жылдай уақыт болған екен. Тіпті одан да ұзақ болуы мүмкін. Жоғарғы шек – 2 миллион жылға жуық, адамның тас құралдарды алғаш жасай бастаған кезі. Яғни, біздің қолданып жүрген тілге дейінгі тіл. Сол кездегі адамдар да тілді қазіргі заман адамдарындай қолданған деген қорытынды жасауға болады. Себебі құрал-саймандарды жасаған кезде алғашқы адамдар өздерінің ой-сезімін көркемөнер тілімен жеткізуге тырысқан.

Автор үлкен тілдік топтарға да тоқталған. Олар: герман, славян және роман тілдері. Ағылшын, неміс, швед және итальян тілдерінің ұқсастықтары мен айырмашылықтары туралы жазған.

Мәтіндері б.з.д. 600 жылдар төңірегіндегі жазба-жәдігерлерінде кездескен латын тілі жайлы не білеміз? Тікелей және жанама түрде ену арқылы ағылшын тілін көптеген сөзбен байытып, көбінесе күнделікті қолданыстағы заттардың атауларын емес, дерексіз ұғымдарды білдіретін латын тілі дүниежүзі халықтарына танымал тілдердің қатарында.

Тілдер қалай пайда болып, қалыптасатыны қызықтыра ма?

Келесі бөлім – «Кеше, бүгін және ертең». Бұл бөлімде қазіргі таңда халықаралық қарым-қатынас тіліне айналған – ағылшын тілінің шарықтауы, Қытай тілі және Қытайдағы ағылшын тілі, ағылшын және қытай тілдерінің келешегі жайында айтылады. Ең соңғы тарауда автордың екі жүз, екі мың және екі миллион жылдан кейін не болады деген сұрақтың жауабын табуға барынша тырысқаны байқалады.

Ол алдағы 200 жылдың ішінде жүз немесе одан да көп адам сөйлейтін, білім беруге белгілі орны бар, бар деп ресми мойындалған тілдер жойыла қоймасын айтады. Оған қоса ағылшын тілінің үстемдігі 200 жылдан кейін қазіргіден кем болады дейді. Тірі қалған тілдер қазіргі үрдіс бойынша 200 жылдан кейін бүгінгіден анағұрлым біркелкі болады деген де пікір қосады. Ал екі мың жылдан кейінгі тіл тағдырына автор былайша болжам жасайды:

«Екі мың жыл деген – ұзақ уақыт, бірақ тарихшы-лингвистер алыста қалған өткенді қайта жаңғыртып, қалпына келтіріп жүр. Ондай ұзақтықтағы кезеңде болған өзгерістерден мамандар тілді танымай қалып жатқан жоқ.

Болашақтағы тілдерге қай тілдерде материал берілетіні бір Құдайға мәлім. Статистикалық тұрғыдан материал беруге қытай, ағылшын, хинди, испан тілі сияқты қазір сөйлеушісі ең көп тілдер лайықты, бірақ тарих пен статистика үнемі үйлесе бермейді. Ол оқшау аралда ұлттық тіл ретінде қолданылып, басқа тілдерден гөрі өзгеріске ең аз ұшыраған исланд тілі болуы мүмкін, исланд тілі соңғы мың жылда, шынында да, өте аз өзгерді. Бірақ бұл – жай әншейін жорамал ғана».

Екі жүз, екі мың жылға жасалған меже осылай. Екі миллион жылдан соң ше, тілдер тарихы қалай өзгермек? Осы тұста да автор сөзін қосқымыз келеді:

«Осымен тілдердің тарихы туралы әңгімемізді аяқтайық. Жаңа тіршілік иелері біздің түсінігімізге сыймайтын өзге, жетілген қабілетке ие бола ма, әлде олар еш дыбыс шығармайтын үнсіз бола ма, маңызды емес. Олар біздің ақыл-ой, сана-сезім және физикалық қасиетімізден туындаған тілге ұқсас тілде сөйлемесе, біздің биологиялық түрге жатпағаны. Адамды адам еткен – сөйлей алу, тілді пайдалану қабілеті. Егер олар біз тәрізді сөйлемесе, демек, олардың адам баласы болмағаны».

Қысқасы, осыдан 20 мың жыл бұрын біреу бүгінгі замандағы лингвистік жағдайды болжауға тырысса, ол болжамның дұрыс болу мүмкіндігі екіталай еді. Сол сияқты ертеңгі саяси жағдайды алдын ала сезу де мүмкін емес. Қорыта айтқанда, алда не күтіп тұрғаны тек бір Аллаға ғана аян.

P.S: Қазіргі таңда әлем халқы 6900 тілде сөйлейді, бірақ олардың көбінде сөйлейтін адамдардың саны аз. Ғаламшарымызда 7 миллиардқа жуық адам өмір сүреді. Олардың дені, 5 миллиардтай халық, кем дегенде 10 миллион адам сөйлейтін 85 тілдің бірінде сөйлейді. Қалған 2 миллиардқа жуық адам 6800 тілдің бірінде сөйлейді.

Статистикалық мәліметтен шағын тілдердің бірнешеуі сөйлеушілерінен тез айырылып келе жатқанын және ол көп ұзамай жойылып кетуі де мүмкін екенін, көптеген тілдердің әлсіреуі байқалып, алдағы уақытта құрып кету қаупі төніп тұрғанын аңғарған боларсыз?! Осы тақырыптарға толығырақ тоқталып, әр тілдің ерекшеліктері, айырмасы және ұқсас тұстарын айта кетіп, тиісінше мәлімет беруге тырысқан Торе Янсонның (Tore Janson) «Тіл тарихы» (The History of Languages) атты еңбегін оқуға кеңес береміз. Сонымен қатар осыншама күрделі дерек көзімен таныс қылған авторға үлкен алғыс білдіреміз.

Кітапты онлайн оқу үшін:

Басқа материалдар

Back to top button