Жаңалық

«Жер шоқтығы Көкшетау, бауыры толған бақша-бау…»

Арқаның кербез, сұлу Көкшетауы

Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын.

Жан-жақтан ертелі кеш бұлттар келіп,

Жүреді біліп кетіп есен-сауын.

Сәкен Сейфуллин

Көкшетау мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы. Саябақ Ақмола облысында орналасқан. Ұйымдастырылған уақыты: 1996 жыл.

Көкшетау саябағында өсімдіктің 700 түрі өседі. Бұл өңір жан-жануарлар әлеміне де өте бай. Олардың саны 300-ден асады. Сібір тайгасына тән бұлан, сілеусін, орман, сусары, ақ қоян, ақ тышқан, қарсақ, саршұнақ, орқоян, күзен, суыр сияқты жануарлар осы ұлттық саябақ аумағын мекендейді. Аулауға тыйым салынған жануарлары: бұлан, елік, борсық, түлкі, орман, сусары, қасқыр, орқоян, ақтиін және құр.

Көкшетау саябағының сұлулығына сүйсінген халық осы өлкені «қазақтың інжу-маржаны» деп атап кеткен. Кезінде «Сексен көл Көкшетаудың саясында» деп Сәкен жыр арнаған бұл табиғаты өте көрікті мекеннің айналасында қазіргі кезде Шалқар, Имантау, Байсары, Үлкен және Кішкентай Шабақты, Бурабай, Шортан, Қатаркөл, Майбалық атты суы шипалы көптеген көлдер бар. Шалқар көлі емдік қасиетке ие. Суының құрамында тұз концентрациясы бар.

Саябақ несімен ерекше?

Ақиқатын айтсақ, қазақ тарихы мен мәдениетінің, әні мен жырының да үлкен құйқалы қыртысы Көкшетау саябағының сырлы сұлулықтармен, ел иесі, жер киесімен астасып жатыр. Жырау бабаларымыз «Сұрасаң Абылайдың тұрған жерін, Қырық сегіз жыл хан болған Көкшетауда» деп тамсана жыр төккен. Осы қос жыр жолының өзі Көкшетаудың кезінде бүкіл қазақ үшін ортақ кие қонған, қасиет орнаған жер екенін әйгілеп тұр. Әр заманда Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Сәкен Сейфуллин, Кәкімбек Салықов, Қадыр Мырза-Әлі сынды көптеген қазақтың ардақты ұлдары Көкшетау мен Бурабайдың сұлулығын жырлап, әнге қосып, керемет өнер туындыларын өмірге әкелді.

Көкшетау ұлттық табиғи саябағы жап-жасыл ну орманға, шатқал мен таулы күмбездерге толы. Еліміздегі басқа саябақтардан өзгешелігі де осында. Өсімдіктерінің иісі жұпар аңқып, қайың мен қарағайлары көрсе көз тоймайтындай көркемдікке ие. Жаз мезгілі басталысымен саябақ қойнауында саңырауқұлақтар мен жеміс-жидектер қалың өседі. Бір қарағанда, құдды, жайылған дастархан сияқты. Айдынында алуан түрлі балығы тайдай тулап жататын сұлу көлдердің мөлдірлігі мен әдемілігін тамашалаудың өзі бір ғанибет.

Саябақ аумағында республикалық деңгейде қорғауға алынған 200-ге жақын археологиялық, тарихи-мәдени, сәулет және де монументальды өнер ескеркіштері бар. Ең көрнекті тарих және мәдениет ескерткіші – неолит дәуіріне жататын Ботай мекені.

Ботай шатқалындағы Иман-Бұрлық өзенінің жағалауынан энеолит дәуіріне жататын алты мыңға жуық зат табылған. Ғалымдар 5,5 мың жыл бұрын ежелгі адамдар осы өлкеде жабайы жылқыны үй жануарына айналдырған деп болжайды.

ХІХ ғасырда Сырымбет тауының етегінде ескерткіш салынған. Ағаштан тұрғызылған үй Шоқан Уалихановтың отбасының қайта қалпына келтірілген қонысы. Осы күнге дейін сақталған тарихи орын ұлы ғалымның өмірімен тікелей байланысты.

Саябақ филиалдары:

1. Зеренді аймақтық бөлімшесі;

2. Арықбалық аймақтық бөлімшесі;

3. Шалқар аймақтық бөлімшесі;

4. «Орманды бұлақ»;

5. Айыртау.

Көкшетауда саяхаттап көрген де, көрмеген де арманда…

Бұл саябақта саяхаттаудың алуан түрі бар. Яхта, ат немесе велосипедпен серуендеу, тау шаңғысын тебу, Шоқан Уалихановтың мұражайына, «Қарасай батыр» мемориалдық кешеніне, Қарсақ ежелгі қорымына және Ботай археологиялық ескерткішініне барып, естен кетпестей әсер алу. «Шалқар» мен «Зеренді» санаторийлерінде дем алу. Иә-иә, осы кереметтің барлығын табиғаты көркем Көкшетау саябағынан ғана таба аласыз.

Көкшетаудың қарағайлары емдік қасиетке ие. Олардың құрамында озон бар. Қонақ үйлері келушілерді дархан көңілмен қарсы алып, ұлттық асхана дәмін ұсынады. Сондай-ақ күмбірлеген қара домбырадан әсем ән мен тәтті күй тыңдауға мүмкіндік сыйлайды. Әрі қарай салқын қымыз бен шипалы шұбатты қанып ішіп, дәстүрлі үй моншасына түсе аласыз. Қысқасы күнделікті ауыл тіршілігінің көрінісін көзіңізбен көріп, әбден мауқыңызды басасыз. Табиғат аясындағы мұндай ерекше тұрмыс-тіршілік әсіресе, қалалық тұрғындарға кереметтей әсер қалдырары сөзсіз?!

Демалыс базалары: «Тұрпан», «Имантау», «Зеленый мыс», «Дубрава», «Қазығұрт», «Тамилла», «Ансат KZ», «Ақ-су», «Ақшабақ», «Береке», «Түркістан», «Көкарал», «Қайнар», «Көстобе», «Айыртау», «Жемчужина» және т.б. ірі демалыс базалары жұмыс істейді.

Аңшылар үшін ең қолайлы жыл мезгілі: қыс және күз. Біле жүріңіз: жылдың төрт мезгілінде паркке 30 мыңнан астам туристер тынығуға келеді

Туристік маршруттары:

«Айдаһар үңгірі» туристік соқпағы – «Айыртауша» туристік соқпағы – «Ботай қонысы» туристік соқпағы – «Қостау» шоқысы туристік соқпағы – «Шалқар көліндегі қысаң» туристік соқпағы (Сулы) – «Буян үңгірі» туристік соқпағы – «Аю шоқысы» туристік соқпағы – «Таулы шоқылар» туристік соқпағы – «Имантау көлінің жағалауы» – №5 «Қашқын шоқысы» туристік соқпағы – «Шалқар көлінің оңтүстік жағалауы» туристік соқпағы – «Жыланды шоқысы» туристік маршруты – «Ақан сері шоқысы» туристік соқпағы – «Денрологиялық парк» туристік маршруты – «Көк мүйіс» туристік соқпағы – «Құлагер» туристік соқпағы – «Қысқы шие» туристік маршруты – «Шуақты жағалау» туристік соқпағы – «Бирюзовая волна» – «Зеренді көлі» туристік маршруты – «Бақыт тағасы» туристік соқпағы.

Тарифтер:

Туристік соқпақтар, тынығу алаңдары (адам басына) – 400 теңге;

Қонақ үйлері (тәулігіне) – жазғы үй (1000 тг), балықшылар үйі (1500 тг), айрықша жабдықталған үй (2000 тг);

Судағы көлік қызметтері – 1200 тг;

Табиғат мұражайына экскурсия (10 адамға дейін) – 110 тг;

Қорық қоры, табиғи және тарихи-мәдени объектілер, мұражайлар мен жанды мүйістерде болу және оларды зерттеу кезінде кәсіби түсірілімдер жүргізу (бір күнге): кино, бейне (50 000 тг) және фото (25 000 тг);

Спорттық (әуесқойлық) балық аулау (5 кг-нан аспайтын мөлшерде, 5 ілгекпен) – 300 тг;

Монша, сауна сағатына 10 000 тг (5 адамға);

Жеңілдіктер: мектеп жасына толмаған балаларға тегін, мектеп жасындағы балаларға 50 % жеңілдік, студенттерге 25 % жеңілдік, мүгедектерге тегін.

Саябаққа қалай жылдам жетуге болады?

Нұр-Сұлтан қаласы мен Көкшетау қалаларының арақашықтығы 276 шақырымды құрайды. Саябақ орналасқан Зеренді және Айыртау аудандары мен Көкшетау қаласының арасы шамамен 40-60 км аралығында. Елордадан Көкшетау қаласына жүрдек пойызбен 4 сағат, көлікпен 3-3,5 сағат жүріп, жете аласыз. Нұр-Сұлтан қаласындағы «Сапаржай» автобекетінен Көкшетау қаласына дейін күнделікті автобустар қатынайды. Бағасы: 3120 тг.

Көкшетау мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының ресми ғаламтор қорына сілтеме: https://gnppkokshetau.kz/?page_id=234

 

Басқа материалдар

Back to top button