Жаңалық

Сәлем беру – мәдениеттіліктің асқан үлгісі

Өзек қуа ағады,

Өзен судың сағасы.

Алыстан сәлем береді,

Әдепті елдің баласы.

Бұқар жырау

Қазір «Шаштараздар күні», «Жаяу жүргіншілер күні», «Кітап оқушылар күні» секілді түрлі атаулы даталар бар. Осындай атаулы күндерді жұртшылықтың көбісі жылы қабылдап, елес-ескеріп жатады. Кейде маңызды емес жайттарды алдыңғы қатарға шығарып, мән беріп, рухани азық болар дүниелерді ұмыта беретініміз тағы бар. Сондай бір елеусіз қалған маңызды күндердің қатарында амандасу салты да бар.

Жалпы қазақ халқы сәлем беріп, амандық алысу ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, оны міндет санаған. Еңбектеген баласына дейін ең әуелі үйге келген адамға танысын, танымасын, сәлем беру мәдениетін үйретіп отырған. Әрине, бұл тәлім қанымызға сіңіп, жадымызға берік бекіген.

Ата-бабаларымыздың сәлем беру ісіне ерекше көңіл бөлгені сондай, жыр-терме, өлең-тақпақтардың басы амандық-саулық алысудан басталған.

Десек те осы бір сәлем беру салтына атүсті қарайтын замандастарымыз да аз емес. Әрине, оған себепші болып тұрған факторлар да жетерлік. Алайда біз осы ретте сәлем беру мәдениетіне қысқаша тоқталып, танымал қоғам өкілдерінің пікіріне кезек берсек дейміз.

«Сөз қадірі – өз қадірім» дейді қазақ. «Сәлем – сөздің анасы» деп те айтады. Дегенмен бүгін амандасудың, хәл сұрасудың мазмұны көп өзгерді. Кез келген адамның амандасуынан оның қандай тап өкілі екені, дүниетанымы, ішкі жан дүниесі, тіпті тәрбиесіне дейін көрініп тұрмай ма?!

Ауылдық жерлерде әлі күнге дейін егде жастағы аталарымыз, апаларымыз сәлеміңізге: «Бақытты бол», «Көп жаса, айналайын» деп жауап қайырып жатады. Айналып келгенде бұл жай ғана алғаш көрген адамыңа жасалатын ілтипат көрсету амалы емес. Осылайша сәлем сөзі тыныштық, бақ-береке тілеумен жалғасады екен.

Жалпы қалыптасқан қағида бойынша жасы кіші адам үлкен адамға сәлем береді. Жалғыз адам көпке сәлем береді. Тек алыстан ат арытып келген жолаушыға ғана жас пен кәрі бірінші болып амандасады. Бұл сыйластық қазақ тіршілігінің көрінісінде: «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем береді» деген нақылмен түйінделген. Әуелде атты адам киіз үйдің алдына келгенде атынан түсіп, сәлем берген. Үй иесі не оның балалары сәлем берген кісіге құрмет көрсетіп, қымыз ұсынған. Мейманның атын ұстап, байлаған. Үйге кірген қонақ жаңа ғана сыртта сәлем бергеніне қарамастан қара шаңыраққа «Ассалаумағалейкүм!» деп бас сұққан. Себебі қазақ тұрмысында іште адам болса да, болмаса да, қуыс үйге осындай амалмен кіру дағдыланған.

Енді мұның барлығы кешегі өткен заман. Десек те қазіргі жағдайда сәлем беру мәдениетінің қадіріне жет алмай жатқандай көрінеміз. Олай дейтін себебіміз де жоқ емес. Қым-қуыт тіршілік осы жағдайға жеткізгендей көрінеді…

Амандасу – екінші бір адамға құрмет көрсетудің озық үлгісі. Бас изеп ишарат арқылы амандасқан адам белгілі бір дәрежеде келесі бір адамға көңіл-күй сыйлайды. Емен-жарқындыққа шақырып, жақсы тілек тілеуді үйретеді.

Еуропа жұрты бір-бірін танысын-танымасын алыстан күлімдеп қана амандасады. Шығыс халықтарында да осындай үрдісті байқаймыз. Тіпті жаңа көрген адамына құшақ ашып, төс қағыстырып жатады. Дәл осы ретте Қазақстан халқы да өркениетті дамыған елдерден амандасу мәдениетінің озық үлгілерін жалғап әкетуі керек. Бұл расымен де еліктейтін әрі жас буынға үлгі ететін жақсы қасиет.

Әлбетте, қазіргі пандемия кезіңінде санитарлық жағдайға байланысты жақындасып не құшақтасып жатпай, дауыстап, ишаратпен аман-саулық алысуды құп көреміз. Бұл ретте оң қолды жүрек тұсына апарып сәлем беру, бас изеп амандасу үлгілерін мысал ете аламыз.

Жалпы сәлем беруді тек жаңа көрген адамыңызға жасалатын құрмет белгісі деп қарамай, оның ісіне тілектестік білдіруші ретінде де қабылдағанымыз дұрыс. Қазір әлеуметтік желілерде әр түрлі тақырыптағы челлендждерді байқап жүрміз. Сәлем беру ісі де жалпы қоғамның қолдауына сұранып тұрған өзекті мәселе болып отыр. Ендеше, жақсылықтың жаршысы болуға асығайық, ағайын!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button