Жаңалық

Жайнай бер, өнер, жаңаша!

Ақтөбе облыстық халық шығармашылығы орталығының «Жайнай бер, өнер, жаңаша!» атты онлайн іс-шаралары барысында ұлттық болмысты сақтап, құндылығымызды дәріптеуге баса көңіл бөлінуде.

Былтыр Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен облыстың Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тікелей басшылығымен облыстық халық шығармашылығы орталығы «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларын жүзеге асыру мақсатында халқымыздың тарихи-қаһармандық эпос-жырларына қатысты белгілі жырау Алмас Алматовтың жетекшілігімен танымал ғалымдар, өлкетанушылар, жыршы-жыраулар үлкен жобаны қолға алған болатын. Биыл сол жобаның нәтижесі ретінде аудиодискілерден тұратын құнды музыкалық дастан жарыққа шығады.
Атақты Мұрын жырау жырлаған «Қырымның қырық батыры», халық ақыны Нұрпейіс Байғанин, Нұртуған Кенжеғұлұлы жырлаған «Қарасай-Қази», «Мәулімнияз», «Едіге», «Орақ-Мамай» т.б. тарихи-қаһармандық эпос-жырларын еліміздің барлық өңірлерінің жыршы-жыраулары жырлап, өз үлестерін қосты.
Осы орайда «Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жырлары» айдарымен онлайн шарасы қолға алынды. Тікелей эфирде белгілі өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай, жыршы-термешілер Демеубай Жолымбетов және маңғыстаулық Манас Әділбаев, оралдық Фархат Оразов қатысып, халқымыздың тарихи-қаһармандық эпостарына тоқталып, жыр-терме жырлады.
Ал орталықтың жанындағы жас айтыскерлер мектебінің жетекшісі Марат Ахметовтың «Ой толғам» онлайн кездесуіне белгілі ақын-сазгерлер Балғынбек Имашев, Айбек Қалиев, Мұхтар Ниязов, Шынберген Сүлейменов, Оралбай Кәметия, Сайлаубек Елманов, Талғат Тілеулесов сынды өнер тарландары көрермендерімен тікелей жүздесті. «Ой толғам» сыр-сұхбатының негізгі контенті – үйде отырған көптеген көрермендер. Тікелей эфирде олар пікір жаза отырып, туған жердің біртуар перзенттерімен әңгіме өрбітіп, өнегелі өмірлерімен қанықты.
Онлайн шараны облыстық халық шығармашылығы орталығының әншісі Құралай Әленова үкілі домбырамен ән тербеген әдемі кешімен жалғастырды.
Тікелей эфирді Нұртуғанның «Құлақ салып сөз тыңда» термесімен ашқан әнші ең алдымен көпшілікке ізгі тілегін айтып, қауіпті індет кезінде бірлікке, сабырлыққа шақырып, бір сағат бойы Құралай тамаша өнер көрсетіп, көрермендердің ілтипатына бөленді. Ән кешінде терме айтылып, халық әндері шырқалып, лирикалық бағыттағы әндер орындалды.
Әншінің репертуарында Батыс, Сыр мектебіне тән туындылармен қатар, халық әндері де бар. Осы орайда жезтаңдай әнші-термеші Тұрмағамбет Ізтілеуовтің «Ай, көңілім шалқи берме бет алды», Кенен Әзірбаевтың «Ой жайлау» атты термелерін орындап,  көрермендердің құлақ құрышын қандырды. Сондай–ақ, бүгінде қазақ музыкасының алтын қорына енген Мұқағали Мақатаевтың жырларына жазылған «Сенің көзің…», «Есіңе мені алғайсың» әндерін шырқаған Құралай Әленованың жергілікті композиторлардың лирикалық әндерінің де шебер орындаушысы екеніне көзіміз жетті.
Онлайн режимдегі түрлі кештерді, концерттерді, сыр-сұхбаттарды өткізуді аудандық мәдени-демалыс мекемелері де жалғастыруда. Аталған өнер ұжымдарының жаңа бағыттағы іс-шаралары алуандылығымен ерекшеленеді.
Атап айтсақ, «Жыр жауһары» деп аталған дәстүрлі онлайн өнер мерекесіне Байғанин ауданынан әкелі-балалы Құрал мен Иманжүсіп Беркалиндер және ағамыздың шәкірті Медет Қалмұрат қатысып, жалғастырды. Олар «Жайық деген жанды су» Ақтанның термесін, Нұрпейіс Байғаниннің «Еңбек туралы жыры» секілді рухани-адамгершілікті насихаттайтын термелерін орындады. Осылай байғаниндік өнерпаздар бір сағат бойы тікелей эфирде көрермендерге естен кетпес ерекше кеш сыйлады. Ұмыт болып бара жатқан көне музыкалық шығармалар орындалып, қалың көрерменді думанға бөледі.
Тікелей эфирде көрермендер ұлттық өнеріміздің өрісін кеңейтіп, отбасы құндылықтарын насихаттап ғана емес, салт-дәстүрді дәріптеп, оған қоса ел-жұртты ән-күймен сусындатып жүрген халықтық Темір ауданындағы Шылмурзиндердің «Гүлсана», Ойыл ауданындағы Ешпановатрдың «Шапағат», Ырғыз ауданындағы Ұзақбаевтардың, Хромтау ауданы Бөгетсай ауылындағы Мырзахметовтардың «Ор толқыны» және Алға ауданындағы «Ақжол» халықтық вокалдық тобының сан қырлы өнеріне тәнті болды. Тікелей эфирде жергілікті композиторлардың шығар­маларымен қатар, ел арасында кеңінен танымал халық композиторларының да әндері орындалды.
Әрі қарай тұрақты күндізгі тікелей эфирді күй құдіретін танытқан Мұғалжар ауданынан белгілі күйші, сазгер, ұлағатты ұстаз Балымбет Күзенбаев жалғастырды. Бұл кеш сұхбат түрінде өткізілді. Дәлірек, Балымбет ағамыз тікелей эфир көрермендеріне күйлерінің шығу тарихын да баяндап қберді. Атап айтсақ, үкілі домбырамен өнерсүйер қауымға «Толғаныс», «Сағыныш», Үш таған», «Жолаушы», «Қимас ғұмыр» т.б. күйлерін тарту етті.
Қорыта айтқанда, облыстық халық шығармашылығы орталығының онлайн форматтағы жаңа шаралары әлеуметтік желі пайдаланушыларының көңілінен шығуда. Себебі, оған жазылған жағымды пікірлер, қойылған сұрақтар мен жолданған «жүрек лүпілдері» (лайктар) дәлел.

Ақтөбе облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Back to top button