Жаңалық

Әлемге әйгілі 15 философ кімдер?

100 жаңа оқулық айдарының кезекті санында Дерек Джонстонның (Derek Johnston) «Философияның қысқаша тарихы: Сократтан Дерридаға дейін» (A brief history of philosophy from Socrates to Derrida) кітабының қысқаша мазмұны айтылады.

Аталған оқулық ішіне тіршілікте миллиондаған жылдар бұрын қалыптасқан білім мен қоғамдық сананың формасы – пәлсапа немесе философия жайында және дүние жүзіне ең әйгілі 15 ойшылдың ол туралы көзқарасы жинақталған. Сондай-ақ автор Батыс философтарының басты еңбектерін, қалдырған теорияларын, сол дәуірлерде өмір сүрген көрнекті философтардың өмір тарихына кеңінен тоқталады.

философия.jpg

Дерек Джонстон оқулықтың кіріспе бөлімінде философия іліміне жалпылама түсінік беруге тырысады: философия дегеніміз не, қандай кезеңдерге бөлінеді? Пәлсапаның негізгі тармақшасы эпистемология, логика, метафизика, этика, саяси философия, эстетика және т.б. да бірнеше кезеңдерден тұратынын атап өтіп, олардың әрқайсысына жеке-жеке түсінік берген.

Әлемде қаншама философтар бар, бірақ неліктен автор солардың ішінде тек 15-ін ғана таңдап алды деген ой қай-қайсысын болмасын толғандыратыны сөзсіз. Дерек Джонстон философтарды таңдаған сәтте үш өлшемді қолданған. Ол оны кітабында жазады. Ол қандай өлшем дейсіз ғой?! Алғашқысы: ұлы философтардың Батыста дәстүрлі ілімге айналып кеткен басты идеяларын оқырман қауымға түсіндіріп өту. Сол орайда ол белгілі бір философиялық бағыттан кем дегенде бір ойшылды қосуға тырысады. Философтардың саны шексіз екендігін өзі де мойындап, олардың барлығының есімдері мен қалдырған философиялық теорияларын бір еңбекке жазып, қалдыру мүмкін еместігін айтып, тек белгілі 15 ойшылға тоқталады. Сондай-ақ 15 санын өзіне ыңғайлы көретінін айтып өткен. Келесі өлшем нені айтады: кітаптың әр оқырманын алуан-түрлі философиялық бағыттардың негізгі ұғымдарымен таныстыру. Үшінші деп қолданған өлшемінде: өзінің қалауына, яғни жеке ой-пікірі мен ақылына, біліміне көбірек көңіл бөледі. Мына бір қызықты қараңыз: автор таңдап жазған 15 ойшылдың барлығын бірдей жақсы көремін деп айталмайтынын жазады. Оны тіпті арасындағы философтардың кейбірінің көзқарасы жалықтырып жіберген көрінеді. Соған қарамастан автор сол тұлғалардың әрбірі біздің қоғам үшін аса маңызды және біздің Батыс мәдениеті, өркениеті туралы түсінігімізді, санамызды қалыптастыруға ерекше әсер еткенін, бүгінгі қалпымызға жетуімізге зор үлес қосқанын ерекше атап өтеді. Кіріспе бөлімнің соңында автор көпшіліктен кешірім сұрағандай қалып танытады. Неге десеңіз: ол тек бәріне белгілі ойшылдардың есімін атап, ұмыт қалып бара жатқандарды өз еңбегіне қоспады. Керісінше көптің арасында аттары аталмай жүргендерді қосуы керек еді деген секілді ренжу сезімдері пайда болатынына көңіл бөліп, «Менің айтарым: қолымнан келгені осы болды. Кітаптың құрылымын біркелкі етуге шамам жеткенше тырыстым», – деп жазады.

Сонымен сан мыңдаған философтардың арасынан ерекше деп танылғандардың есімдерін білгіңіз келіп отырған болуы керек, иә?!. Қалыпты жағдай деуге негіз бар. Бір жағынан әйгілі философ деген соң шамамен оның бірнешеуін болжап отыруыңыз да ықтимал.

Әлемге әйгілі, ұлы ойшылдардың ең алдыңғы қатарында, әрине, Сократ, Платон және Аристотель тұратыны айтпасақ та түсінікті. Келесі тізімде тұрғандар: Эпикур мен Зенон, Акуинолық Томас, Рене Декарт, Локк және Монтескье, Бенедикт Спиноза, Дэвид Юм, Иммануил Кант, Карл Маркс, Фридрих Ницше, Людвиг Витгенштейн, Мартин Хайдеггер, Жан-Поль Сартр, Жак Деррида.

P.S: Адамзат философия атты ескі ғылым саласымен сонау 2500 жылдан астам уақыт бұрын таныс. Соған қарамастан дүние жүзі халқының басым көпшілігі дерлік философияның нақты анықтамасын таба алар емес. Философия – біздің әлем. Қоршаған орта, дүниенің мәні, ондағы өмір кешіп жатқан тіршілік иелері, бәрі-бәрі тұнып тұрған философия. Бұл ғылым сонысымен күрделі. Себебі өмірдің өзі сан тараптан тұрады. Автор осының барлығын дүйім жұртқа барынша жеткізуге тырысады. Егер де шежіресі қалың филисофияның мазмұнымен, оны зерттеуге талпынған, сол ілімге айтулы үлестерін қосқан ұлы ойшылдар есімімен өзіңізді таныс қылғыңыз келсе, аталған кітапты оқысаңыз болады. Күрделі мәселелерді талқылайтын күрделі ғылым туралы толық бір оқулық жазып, шығару, әрине, жеңіл іс емес. Осы орайда жазушыға үлкен алғыс білдіріп, оқырмандары көбейіп қана қоймай, ең бастысы – түсініп оқыса екен деген ыстық лебізімізді білдіргіміз келеді.

Кітапты онлайн оқу үшін

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button