Жаңалық

Күмістің мәңгілік сәулесі

18 мамыр – Халықаралық музей күні Елбасы кітапханасы өзінің ресми сайтында «Күмістің мәңгілік сәулесі» виртуалды көрмесінің ашылғанын хабарлады.

Экспозицияда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевқа әр жылдары тарту етілген күмістен жасалған дипломатиялық сыйлықтардың топтамасы ұсынылған.

Сыйлықтар мазмұны жағынан көпқырлы және Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын сипаттайды. Көрменің негізгі идеясы – Елбасының дипломатиялық қайраткерлігінің серпінін бірізділікпен көрсету.

Көптеген халықтар мәдениетінде күміс ерекше орын алады. Көрме жәдігерлері қолданылу мақсатына қарай топтастырылып, көптеген елдер мен халықтардың сәндік-қолданбалы және зергерлік өнер техникасы мен тәсілдері жөнінде ақпаратпен толықтырылған.

«Күмістің мәңгілік сәулесі» виртуалды көрмесінің әрбір бұйымы шығу тегінің географиясын, түрлі дайындау техникасын, пішінін көрсетеді, әлемнің белгілі бір халқына тән әшекейдің дәстүрлі тәсілдерін терең түсінуге және зерделеуге мүмкіндік береді.

«Күмістің мәңгілік сәулесі» виртуалды көрмесі сегіз тараудан тұрады, онда: асханалық күмістер, шайға арналған жиынтықтар, құмғандар, сәндік тәрелкелер, құмыралар, мүсіндер, қобдишалар және жазуға арналған заттар бар. Көрме барлығы 126 сақтау бірліктен тұрады.

Аталған көрме – Елбасы кітапханасының «Музей жинағы» зерттеу бағдарламасының нәтижесі және оның Халықаралық музей күніне орайластыруы да кездейсоқ емес. Өйткені, Қазақстан тәуелсіздігі жылдары жасақталған жәдігерлердің тереңдігі мен сан алуандығы музейтану қызметінің көпжақты бағыттарын құруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Елбасы кітапханасы елімізде, шет елдерде қоғамдық-саяси бағыттағы жобаларымен қатар қор жинақтарына негізделген мәдени байланыстарымен де танымал.

«Күмістің мәңгілік сәулесі» виртуалды көрмесін Елбасы кітапханасының сайтынан мына сілтеме http://presidentlibrary.kz/kk/content/exhibitions/virtual арқылы тамашалауға болады.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ Баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button