Жаңалық

Қазақ солдатының мүрдесі 78 жылдан соң Ресейден табылды

23 мамыр күні 1941-1945 Ұлы Отан соғысы жылдарында Ресей Федерациясының Смоленск облысының аумағында қаза тапқан қазақстандық жауынгер Медет Аманжоловтың сүйектерін туыстарына беру рәсімі Елордалық авиациялық базада өтті.

Солдаттың сүйектері сәуір айының басында Смоленск облысының Темкин ауданында іздеу-барлау экспедициясын өткізу кезінде табылды. Сақталып қалған мойынтұмарының арқасында жауынгердің есімі анықталды.

2020 жылдың 9 мамырында әскери бортпен сарбаздың сүйектері Нұр-Сұлтан қаласындағы авиациялық базаға жеткізілді.

Қазақстан Қарулы Күштері әскери басшылығының, Қазақстандағы Ресей елшілігі қызметкерлерінің және авиабазаның жеке құрамының қатысуымен әскери рәсімдерді сақтай отырып, мәйіттерді одан әрі қайта жерлеу үшін туыстарына тапсырды.

Рәсімге ҚР Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Бородавкин Алексей Николаевич, «Atamnyn Аmanaty» қоғамдық қорының қызметкерлері, Медет Аманжоловтың туыстары, БАҚ өкілдері және т.б. қатысты.

«Бүгін біз ұрыс даласынан оралмаған сарбаздарға тағзым етіп, жерлестеріміз Медет Аманжоловтың сүйектерін еліне 78 жылдан кейін туған-туыстарына табыстауға жиналдық. Сол уақытта Қазақстанда 12 атқыштар, 4 кавалериялық дивизиялар, 7 бригада, 50 полк құрылған болатын.Сол соғыстың сарбаздарының ерлігін біздің балаларымыз,немерелеріміз мәңгі естерінде сақтп,кейінгі ұрпаққа оларды естен шығармауларына ықпал етуіміз керек. Есімізден шығармаған сайын, олардың есімдері тірі», – деді ҚР ҚК Әуе қорүаныс күштері бас қолбасшысының орынбасары полковник Әлім Ыбыраев.

Мұрат Аманжолов, Медет Аманжоловтың туысы:

«Міне, соғыстың аяқталғанына 75 жыл толып, соның мерейтойын тойлаудамыз. Қазақ солдатының мүрдесі Ресей жерінен табылды деген хабарды естіп, бір қуанған едік. Сол хабар келген күннен бастап еліміздегі газет-журналдар мен теледидарлар жаппай белсенді жұмыс істеді. Алайда ойымызда сүйегін табуын тапсақ та, оны елге қалай жеткіземіз деген сұрақ тұрды. Еліміздің азаматтарының арқасында үлкен шаруалар тындырылды. Ресей азаматтары өздерінің тапқанымен қоймай, атамыздың сүйегін тікұшақпен Мәскеу қаласына жеткізіп берді. Содан кейін еліміздің ұшағы барып, Елордаға әкелді. Олар мүрдесін орналастыратын бөлме дайындап, суретін іліп қойды. Сондай-ақ қабырғасына қазақтың көк туын желбіретіп, алатын күнге дейін сақтады. Сонымен қатар іздеуші топқа алғысымды білдіргім келеді. «Atamnyn Аmanaty» қоғамдық қорының көп көмегі тиді».

Медет Аманжолов туралы қысқаша айтып өтелік. Ол Қарағанды облысы Шет ауданы Жастерек ауылының тумасы. Соғыс алдында ол әскерге шақырылып, 1941 жылы 24 жасында майданға бірден аттанды. Оның соңғы қызмет орны 125-ші жеке атқыштар бригадасының жеке барлау ротасы еді.

Сарбаздың туыстары әлі де сол Шет ауылында тұрып жатыр. 1942 жылы оның отбасына Смоленск қаласын қорғау кезінде Медет Аманжоловтың қаза болғаны туралы хабар алады. Көп жылдар бойы оның ұрпақтары оның жерленген жерін іздестіріп таба алмаған,бірақ 78 жыл өткеннен кейін олар батыр бабаларын оның туған жерінде жерлеулеріне мүмкіндік туды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button