Сұхбат

Бір әннің тарихы

Павлодар облысы бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бөлімінің маманы Динара Мусабаева «Қазақстанның 100 жаңа есімі» арнайы жобасының 2017 жылғы жеңімпазы, дәстүрлі орындаушы Алексей Лодочниковпен инстаграм әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирде сұхбаттасты.

Алексей, қайырлы күн! Сізді тікелей эфирде көргеніме қуаныштымын.

– Баршаңызға қайырлы күн!

Алексей, ең алдымен өзіңіз туралы қысқаша айтып берсеңіз.

– Мен С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Музыкалық білім» мамандығының 1 курс студентімін. Жасым 20-да. Тереңкөл ауданындағы «Жас ұрпақ» жастар үйінің тәрбиеленушісімін.

Жақсы, рахмет. Алексей, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанғанда, қандай сезімде болдыңыз?

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» арнайы жобасы елімізде бұрын болмаған керемет жоба деп айтуға болады. Осы тізімге өзім танитын көптеген адамдардың енуі лайық деп санаймын. Мен 20 жасымда үлкен жетістікке жеттім деп айта алмаймын. Өзге ұлттың өкілі болсам да, мемлекеттік тілді біліп, қазақтың қара домбырасында қазақ әндерін орындауым осы жобада жеңіске жетуіме көмектесті. Менің осы жобаның жеңімпазы атануым өзім сияқты балалар үйінің тәрбиеленушілеріне күш-жігер беріп, бір орында тоқтап қалмай, өз алдарына мақсат қойып, соны орындауға септігін тигізеді деген ойдамын.

Рахмет. Сіздің ән жазу өнеріңіз бар екен. Жақында шыққан «Өмір өтіп барады» әніңіз маған өте ұнады. Осы ән қалай жарыққа шықты?

– Барлығымызға есейгенде өмір өтіп барады деген ой келеді. Кеше ғана 10 жаста едім, бүгін 20-дамын, өмір тез зулап барады. Осы тақырыпқа біраз ойланып, ән жарыққа шықты. Негізі бұл әнді далада, қыстың қақаған аязында автобусымды өткізіп алып, үйге жаяу қайтып бара жатқан кезде жазған болатынмын.

Керемет екен. 2020 жыл − еріктілер жылы деп жарияланды. Сіз ерікті ретінде қандай жобадан бастадыңыз және сіз үшін «Біз біргеміз» акциясы нені білдіреді?

Әлемде болып жатқан жағдай барша адамзатты ойландырып қойды. Еріктілер жылында өтіп жатқан «Біз біргеміз» акциясы әлі де жалғасын табуда. Әлеуметтік желілер арқылы көріп жүргендеріңіздей акция аясында үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Мен де осы акцияны жүзеге асыруда үлесімді қосқаным үшін қуаныштымын.

Алексей, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қосқан үлесіңіз зор екен. Жалпы сіз үшін «Рухани жаңғыру» дегеніміз не?

Менің ойымша, Рухани жаңғыру дегеніміз адамның рухани байлығын кеңейту, айналасындағы адамдарға көмек беру және елінің дамуына үлес қосу.

Сізге қоятын келесі сұрағым сіздің көзқарасыңыз бойынша бүгінгі таңда жасөспірімдер қандай қасиеттерге ие болуы тиіс?

– Қазіргі жастар бәсекеге қабілетті болуы керек. ХХІ ғасырдың жастары белгілі бір деңгейге жетуге тырысады. Жастар қазірден бастап болашақта кім болатындарын ойлауы тиіс.

Сіздің ойыңызша қазіргі кезде қалай прагматикалық болу керек? Кейбір жастар бір істі бастап, аяқтамай жатады. Осы туралы пікіріңіз?

Әрине, ойыңда бар істі бастау керек. Бастаған іс бірден жақсы көрсеткішке жеткізеді деп айтуға болмайды. Бірнеше рет сәтсіздікке ұшырайсың, бірақ қайтадан нық тұрып, істі жалғастыру керек. Сондықтан ең алдымен, өзім сияқты жастарға айтарым өздеріңізге сеніңіздер және жұмысты бастаңыздар, әрі қарай бәрі өз ретімен болады.

«Киелі бесік» телехикаясына түсіпсіз. Осы жоба туралы айтып өтсеңіз? Келешекте актерлік бағыт бойынша жұмысыңызды жалғастырасыз ба?

– «Киелі бесік» телехикаясы менің актер ретіндегі бірінші тележобам. Жалпы айтқанда телехикая адам болып қалудың маңыздылығы, ақиқаттың болмысы, адамгершіліктің қарапайым өнегесі, біздің ғажайып Түркістан жайлы, бесіктен басталған өмір жайлы. Әрине түсірілім барысында үлкен тәжірибе жинадым. Менің достарым мені комедия жанрындағы фильмдерде де көреміз деп айтады. Келешекте ұсыныстар түсіп жатса, міндетті түрде осы жанрдағы фильмдерге түсемін деген ойдамын.

Музыкаға енді қадам басып келе жатқан жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Сіздер кәсіби тұрғыда музыкамен айналысамын деген ойда болсаңыздар, елімізде көптеген жақсы білім беретін білім ордалары бар. Атап айтсақ, өзім бітірген Павлодар қаласының музыкалық коллледжі. Кез келген ұстаз талпынған шәкірттерін биік белестерді бағындыруға әрдайым жәрдемдеседі. Осы үшін өз ұстаздарыма алғысымды білдіремін. Ең бастысы талпыныс және өзіне деген сенімнің болуы.

Алексей домбырамен Ілия Жақановтың «Балқантаудың аққулары» әнін орындап бердіңіз, рақмет! Жақын арадағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

– Осы жылы өз алдыма бірнеше мақсат қойып, көптеген жобаларды іске асыруды жоспарлаған болатынмын. Еліміздегі жағдайға байланысты жоспарда өзгерістер бар. Ең ауқымды жобаларымның бірі − 23 шілде күні өзімнің алғашқы альбомымның тұсаукесері өтеді. Қапы қалмаңыздар. Жуырда сіздерді өз туындыларыммен қуантатын боламын.

Алексей бүгінгі тікелей эфир үшін алғысымызды білдіреміз! Шығармашылық жолыңызға табыс тілейміз. Осындай талантты жастармен сұхбаттасқанымызға қуаныштымыз. 

Павлодар облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button