Жаңалық

Миллион м² тұрғын үй салынып жатыр

Шымкентте «7-20-25» бағдарламасы аясында «Shymkent» ӘКК» АҚ қар­жыландыруымен «Асар-2» шағын ауда­нындағы 10 тұрғын үй және Тұран шағын ауданындағы екі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы карантин жағдайына қарамастан қарқынын тоқтатар емес.

Жыл басында екінші деңгейлі банк салымшыларына тиесілі тұрғын үйлерді Жастар жылы аясында қаладағы жас мамандарға берген болатын. Ашынған банк салымшылары өздеріне тиесілі үйлеріне қол жеткізе алмай әбігерге түскен еді. Осы мәселені ескерген жер­гілікті билік Шымқаладағы көпқабатты тұр­ғын үйлердің үлесін арттыруды мықтап қолға алды.

Жуырда қала әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысып, «Шымкент Сити» мен «Тұран» шағын аудандарында мемлекеттік бюджет есебінен салынып жатқан үйлердің құры­лысын аралап шықты.

Шаһар басшысы құрылыс жұмыста­рының қандай сапада жүргізіліп жатқанын бақылап, мердігерлерге жұмысты жандандыруды және құрылыста отандық материалдарды пайдалануды міндеттеді. Сондай-ақ жауапты сала басшыларына инфрақұрылым мәселесін кешеуілдетпей тез шешуді тапсырды.

Жалпы, мегаполисте биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы және «7-20-25» бағдарламасының аясында, барлық қаржы көздері есебінен 13 636 пәтерлі 252 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Соның жалпы ауданы 1 млн шаршы метрді құрайды. Оның ішінде, 78 тұрғын үй бюджет, 48 үй «Shymkent» ӘКК» АҚ және 126 үй жеке салушылар есебінен жүргізіліп отыр. Биыл 136 көпқабатты тұрғын үй немесе 7561 пәтер пайдалануға беріледі.

Еліміздің үшінші мегаполисіндегі «Shymkent» ӘКК» АҚ-мен жалпы ауданы 146 мың шаршы метрден астам 44 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Оның ішінде «7-20-25» бағдарламасы аясында 24 үй, ондағы пәтер саны 1016, ал бюджет қаржысымен жалпы пәтер саны 1213 болатын 20 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп отыр. Бұдан бөлек көпқабатты тұрғын үйлерге жапсарласып, әлеуметтік, тұрмыстық, сауда-саттық және ойын-сауық орталықтары да салынады.

Тұрғын үйлер «Тұран», «Асар-2», «Шымкент сити», «Шығыс» шағын аудандары мен әкімшілік-іскерлік орталығында және Водопьянова көшесінде салынуда. Бұл тұрғын үйлердің 24-і маусым айының соңында пайдалануға берілсе, 17-і жылдың соңына қарай тапсырылады. Қалған үш тұрғын үй келер жылы берілмек.

Бұл пәтерлердің 1 шаршы метрі 225 мың – 250 мың теңге аралығында сатылмақ. Таңдаған пәтер құнының 20 пайызы болса, қалған қаржыны банк арқылы «7-20-25» бағдарламасымен 7 пайызға, 25 жылға дейін рәсімдеуге болады.

Басқа материалдар

Back to top button