Жаңалық

Шымкентте интернет жұмысы дұрысталады

Шымкент қаласы аумағы 100 па­йыз жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етіледі. Мұндай тапсырманы қала әкімі Мұрат Әйтенов шаһарды интернетпен қамту мәселелері бойынша онлайн режімде өткен аппараттық жиын­да берді.

Жыл басында шаһар басшысының жылдық есебінде қалаға қосылған елді мекен тұрғындары байланыс қызметінің нашарлығы туралы базынасын айтқан еді.

Жуырда қаладағы шағын аудандарды жоғары сапалы интернетпен қамтамасыз ету жайын баяндаған цифрландыру бас­қармасы басшысының міндетін атқарушы Р.Ақжігітов қала аумағындағы 105 шағын аудан мен тұрғын алаптары интернет желі­сімен қамтамасыз етілгенін, соның ішінде мобильді интернетке  – 74, сымды интернетке – 79, талшықты-оптикалық байланыс арнасына 49 шағын аудан қол жеткізгенін атап өтті.

Оның айтуынша, бүгінде интернет желісіне қатынау мүмкіндігі бар үй шаруашылықтарының үлесі 90,7 па­йызды құраған. Оның ішінде 98,5 па­йызы мобильді кең жолақты байланысқа, ал 21,8 пайыз сымды кең жолақты бай­ланысқа қосылған. Ал интернет желісін пайдаланушылар үлесі 80 пайызды, тіркелген интернет абоненттерінің саны 75,5 пайызды құрайды екен. Бұдан бөлек, ол 20 шағын ауданда интернет желісі, ал 16 тұрғын алабында мобильді интернет сапасы нашар екенін айтты.

Жиын барысында байланыс операторлары тұрғындардың денсаулыққа зиян келтіреді деген шағымдарының әсерінен бірнеше шағынаудандарда базалық стансалар алынып тасталғанын айтып, базалық стансаларды орнатуға арнайы жердің қарастырылмағанын жеткізді.

Осы ретте, қала әкімі жылдамдығы төмен аймақтарды 100 пайыз жылдам­дығы жоғары интернет желісімен қам­тама­сыз етуді тапсырды.

«Қаланың әрбір тұрғыны сапалы интернетке қол жеткізуі керек. Қазір мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі интернет арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан сапасы төмен елді мекендерге көңіл бөліп, 5G жылдам интернет желісін қолға алуымыз керек», – деді М.Әйтенов.

Интернет.jpg

Қаладағы кейбір шағын ауданда 5G тұрмақ, 4G желісінің сапасы төмен екенін айтқан шаһар басшысы Шымкент қаласын жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету үшін стратегиялық жоспар құрып, 5G технологиясына өтуді жүктеді. Сонымен қатар әкім салалық басқармаға ұялы байланыстың базалық стансалары мен қажетті жабдықтарды орнатуға тиісті жер учаскесін бөлу бо­йынша нақты тапсырмалар жүктеді.

ХХІ ғасыр жаңа технологиялар ғасы­ры. Сондықтан ғаламтордың қала түгіл ауыл, елді мекендерде дұрыс қызмет көр­сетуін қадағалау кезек күттірмейтін жұмыс. Осыны ескерген қала әкімі шағын аудандарды сапалы интернетпен қамту мәселесі қаралған кеңес өткізді.

Еліміздің үшінші мегаполисін сапалы интернетпен қамту жайы – күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында әкім әр он күн сайын осы салаға жа­уапты мамандардың басын қосып, интернет сапасын жақсарту шаралары қа­лай жүргізіліп жатқанын пысықтауда. Қашықтан оқу барысында ата-аналардан интернет сапасының нашарлығы туралы көптеген шағым келіп түскенін айтқан Мұрат Дүйсенбекұлы төтенше жағдай кезінде қала аумағында сапалы интернетпен қамту мен жылдамдығын күшейту мәселесі әлі күнге шешілмегенін көрсеткеніне тоқталды. Осы ретте әкім интернет желісінің жұмыс істеу сапасын жақсарту мақсатында, байланыс операторларымен бірлесе, байланыс желісінің сапасы төмен жерлерді анықтап, өлшем жұмыстарын жүргізуді және сапасы нашар қамтылған аймақтарда қосымша базалық стансаларды орнату бойынша бір­қатар нақты тапсырмалар жүктеді.

Жиынды қорытындылаған қала әкімі келесі басқосуға дейін интернетпен қамту мәселесі бойынша 5 және 10 жылдық да­му жоспарын дайындауды тапсырды.

Басқа материалдар

Back to top button