Жаңалық

Ет асатқан дұрыс па?

Терең ілтипаттылықты білдіретін дәстүрлердің бірі – асату.

«Асату» дегеніміз не, қандай салт?

Асату – үлкендер мен жастардың арасындағы сыйластық сезімін нығайтып, берік қыла түсетін ерекше салт. Себебі бұл дәстүрде ақсақалдар өзінен жасы кішілерге еттен ауысқан тамақтан беріп, сыбағасын ұсынады. Енесі не абысын-ажындар келіндерге асатады. Қарама-қарсы тарап қарсылық танытпауы тиіс. Бастарту – сыйламағанның, құрметтемегеннің белгісі. Бұрынырақта балалар қариялардың ет жеп болғанын тағатсыздана күткен. «Асату қашан жейміз?», – деп есіктің айналасынан шықпаған. Ет асататын адам: «Дәмді жерінен же!», – дейтін болған. Қағидаға сәйкес, келіні сыбаға берген енесіне сәлем салады. Ерлер ет асамас бұрын «құлдық», – дейді.

Етті қалай асатады?

Әдетте асату дәстүрі той жасағанда, ас бергенде орындалады. Әуелі қарт кісілер, әулеттің үлкендері немесе ерекше қонақтар алдарына қойылған асты жейді. Ас-дәмге тойған соң, қолына алдындағы табақтан бір уыс қылып ет алады. Сөйтіп жастарға ұсынады.

Асату дәстүрінің тәрбиелік мәні неде?

Жасы үлкеннің қолын қайтармау, айтқанын орындау – асатудың басты ерекшелігі. Қариялар өзінен кішіге батасын беріп, оның да ет жегенін қалайды. Кей адамдар тіпті қоғамға айтулы үлес қосып, еңбегі сіңіп жүрген адамның табағынан әдейі барып балдарына не жақындарына асатқызады. Бұл – сол азаматтың жолын беріп, әлгі бала келешек соған ұқсасын дегенді білдіреді.

Ет асатқан кісінің ыстық ықыласын, көңілін сезген келесі тараптың жүрегінде өзгеше сезім туып, достық күші еселене түседі. Қолын кері қайтармаған жас буынға ақсақалдар мәз болып, ақ батасын береді. Қазақ әрдайым бата алуға асық халық. Керемет тілек-бата алған жалындаған жастардың өмірге деген көзқарасы басқаша болып, кеңпейілділігі артады.

Асату салтын қазіргі таңда қолдана ма?

Жаңа ғасырда көп дүние өзгеріске ұшырады. Талай дәстүрлеріміз ұмытылып, кейбірі мүлдем жойылып та кетті. Асату дәстүрі өткен ғасырдың аяғына дейін күнделікті тұрмыста қолданыстан шықпай жүрген. Бүгінгі күнде де бұл салтты білетіндер мен оны өмірде орындайтындар тым жоғалып кетті деп айтуға келмейді. Дегенмен атын естімегендердің қатары да жоқ емес. Естісе де, басқаша оймен қабылдайды. Көбі оны ескірген дәстүрдің санатына қосып, қолмен ас ұсынғанды ерсі көреді.

 

Басқа материалдар

Back to top button