Жаңалық

Нарықты сегменттеу дегеніміз не?

Нарық түрлі тұтынушылардан, өнімдерден және қажеттіліктерден құралады.

Маркетолог қай сегмент ең үздік мүмкіндіктер ұсынатынын анықтауы керек. Тұтынушыларды географиялық, демографиялық, психографиялық және мінез-құлық факторларына сүйене отырып топтарға бөліп, түрлі жолмен қызмет көрсетуге болады. Нарықты қажеттіліктері, сипаттары мен мінез-құлқы әр алуан және жеке-дара ерекше маркетинг стратегиясы мен маркетинг-миксті қажет етуі мүмкін жеке сатып алушылар тобына бөлу процесі нарықты сегменттеу деп аталады.

Әр нарық сегменттерге бөлінеді, бірақ нарықты сегменттеу әдістерінің барлығы тиімді деуге келмейді. Мысалы, ауруды басатын тайленол препаратын қолданатын табысы төмен және табысы жоғары тұтынушылар нарықтағы әрекеттерге бірдей жауап қайтарған жағдайда оның пайдасы азаяды. Нарық сегменті нарықтағы белгілі бір әрекеттер жиынтығына бірдей жауап қайтаратын тұтынушылардан тұрады. Мысалы, автокөліктер нарығында бағасына қарамай, ең үлкен, ең ыңғайлы автокөлікті сатып алғысы келетін тұтынушылар бір нарық сегментін, ал бағасына мән беретін және үнемділікті ереже етіп ұстанатын тұтынушылар тағы бір сегментті құрайды. Екі сегменттің де тұтынушылары бірдей таңдайтын бір көлік моделін жасау қиынға түседі. Компаниялар көбіне жеке нарық сегменттерінің айқын қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында ақылға қонымды жолмен әрекет етуге көңіл бөледі.

Котлер Филип, Армстронг Гари

 «Маркетинг негіздері»,

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған кітап

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button