Жаңалық

Адыраспан 15 түрлі ауруды емдейді

Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін созылып жатқан Ұлы дала топырағында құдіреті күшті Алла Тағаланың адамзат пайдасы үшін жаратқан ғажайыптары сан алуан. Ел шипалық қасиетке ие өсімдіктердің бірін білсе, бірін біле бермейді. Бүгінгі қозғайтын тақырыбымыз Орта Азия халықтарының арасында кеңінен танымал шөп – адыраспан туралы болмақ.

Адыраспан өсімдігі жайлы не білесіз?

Адыраспан бір жағынан дәрілік қасиеті бар, екіншіден улы саналатын өсімдік. Ол түйетабандар тұқымдасына жатады. Адыраспанның тамыры тереңде өседі. Жапырақтары тілімденіп, сабағы бұтақшаланып тұрады. Оның химиялық құрамында гармалин алкалоидтары бар. Иісі қатты шығады және сасық келеді. Биіктігі – 30-80 см. Тамырының тереңдігі 10 метрге дейін жетеді. Адыраспан мамыр, шілде айларында гүлдейді. Ақтікендер тұқымдасына жататын өсімдік шөл-шөлейтті, сортаң топырақты жерлерде өседі. Қазақстанда оның 3 түрі ғана бар. Олар Шу, Сырдария, Іле, Сарысу өзендерінің жағасында кездеседі.

Адыраспан қаншалықты киелі шөп?

Шығыс елдері үшін адыраспанның орны ерек. Әсіресе, өзбек, қырғыз және қазақ халықтары оны ежелден қасиетті шөп деп санайды. Киелі есептелгені соншалық, себепсіз жұлып, бей-берекет баспаған. Инфекциялық ауруларға шалдыққанда адыраспанмен аластаса, оның шипа болатынын жақсы білген. Ертеде, медицина қазіргідей дамып, дәрілік заттар пайда болмай тұрған уақытта жүйке сыр бергенде, ұстамалы қояншық және сал ауруына ұшырағанда да адыраспанды қолданған.

Қазіргі кезде адыраспанның емдік қасиетін медицина да мойындаған. Оның көмегімен көптеген аурудың алдын алуға болады. Сонымен қатар шыбын-шіркей секілді әртүрлі жәндіктерден қорғану үшін де адыраспаннан түтіндік жасайды. Адыраспанмен аластауға керекті заттар: қылша, ермен және жусан шөптерін алып, бір ыдысқа салып түтіндетіп өртейді.

Адыраспан қандай ауруларды емдейді:

1. Ұмытшақтық;

2. Ревматизм;

3. Тіс ауруы;

4. Бас ауруы;

5. Тарамыс ауруы;

6. Буынның қабынуы;

7. Бел ауруы;

8. Сал ауруы;

9. Асқазан ауруы;

10. Өкпе ауруы;

11. Қояншық;

12. Демікпе;

13. Ентікпе;

14. Салқын тию;

15. Туберкулез.

Жоғарыда айтып өткендей, адыраспанды жөн-жосықсыз жұлуға болмайды. Ата-бабамыз оны сабағынан жұлмас бұрын әдеп-ережесін тиісті орындаған. Тіпті адыраспанды кез келген адамның жұлуына рұқсат берілмеген. Тамырынан ұстап, үзіп алуға тек ниеті таза, жөн білетін білікті адамдардың ғана құқы бар, сондай-ақ оны жұлатын адамның ниетінен бөлек, тәні де таза болуы қажет деп есептелген.

 

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button