Жаңалық

Қыз сезімін тербеткен «Селт еткізер»...

Қазақ халқы дәстүріндегі бозбала мен бойжеткенге қатысты тағы бір көне жоралғы – «Селт еткізер».

«Селт еткізер» қандай салт?

Ертеде қыз бен жігіт екеуара сезімдерін қазіргідей оңай білдіріп, әлеуметтік желіге ашық жариялай салмай, жасырын түрде, сезімге толы жолмен жеткізген. Бұның астында ұяңдық, сыпайылық, сыйластық бар.

Ұйқышар дайындап, ізеттік танытқан жас қыздарға жігіттер тарапынан сыйлық беріледі. «Селт еткізер» дегеніміз осы. Ал ұйқыашарға келсек, ол қандай да бір той-томалақ күндері жігіттер ұйықтап қалмасын деген оймен қыздар қауымы арнайы әзірлейтін тағам. Бұл астың атауы «ұйқыашар» деп аталады.

Жағдайын жасаған бойжеткенге жақсылық қайтарымы ретінде жігіттер түрлі заттар сыйлаған. Мәселен, сырға, сақина, білезік, шолпы-шашбау, айна, тарақ секілді әшекей бұйымдары тарту етілген. Сол сәтте жігіттің жақсы ниетін сезген бойжеткеннің бойын әдемі сезім билеп, дереу «селт» ете қалатыны даусыз. Сол себептен де жас жігіт пен қыздың арасындағы сезімді айқындай түсіп, сыйластықты күшейтуге ықпалы зор, ерекше сый-сияпатты ертеде «селт еткізер» деп атапты.

«Селт еткізер» дәстүрі қашан орындалады?

Атап өткеніміздей, «селт елткізер» «ұйқыашар» рәсімінің соңынан өткізіледі. Екеуінің орындалуы қатар жүреді. Әдетте қос жоралғы да көңілді кештерде, тойда ұйымдастырылған. Көбіне Ұлыстың Ұлы күні Наурыз айында жасалыпты. Үлкендер дастархан басында мәжіліс құрып, ас ішіп, ал, жастар айлы түннің кешінде сыртта алтыбақан теуіп, өздерінше көңіл көтереді. Селт еткізер де, міне, сол сәттерде орындалады.

«Селт еткізер» дәстүрінің мәні неде?

Көңілі қалаған жігітке «ұйқыңды аш» деген астарлы оймен «ұйқыашар» асын әзірлегеннен соң жігіттің де бойжеткенге қызығушылығы одан әрі арта түспек. Нәзік жан иесіне «селт еткізер» атты сый береді. Қыздың «селт» етуінің нәтижесі үлкен сезімге апаруы ықтимал. Ары қарай екі жастың тағдыры бір жолға тоғысып, екеуі айрандай ұйыған отбасыға айналып кетуі мүмкін. Осылайша «селт еткізер» екі жастың бақытты ғұмырына себепші бола алады.

 

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button