Жаңалық

Тобығымды тауып бер!....

«Тобық» ойыны – замандастар арасындағы сыйластықты арттыратын ұлттық дәстүр.

«Тобық» ойыны жайлы не білесіз?

Берген сертінен таймай, сөзінде тұру қазақтың қанында бар. Тобық жасырып ойнау – серттесіп ойнаудың түрі. Бұл ойын көбіне үлкен дастарқан басында, ет жеп отырғанда басталады. Қалыптасқан әдет бойынша, бір адам етті мұжып, екіншіге тобықты ұсынады. Ал тобықты алған адам жоғалтпай, сақтауы қажет. Уәделескен кісісі кез келген уақытта сұрап қалуы мүмкін. Мақсаты – ол адамның жауапкершілігіне сенімділігін күшейту. Оны тобық арқылы сынайды. Сөйтіп екеуі серттеседі. Қолына тобықты ұстатпас бұрын, егер ұтылса қандай затты беруге міндетті екенін не қалағанын орындау керектігін айтады.

Бұрын «тобық» ойынын ойнар алдында алтын сағат, ат, сақина, күмістен жасалған бұйымдар және т.б серттескен. Ережеге сәйкес, тобықты 1-5 жыл аралығына дейін сақтауға болады. Азғантай мезгілге берілсе, қолына не қалтасына сақтап жүре алады. Ойынның қызығы: тобықты әлгі, ұсынушы тарап ойламаған жерден сұрап, беруін талап етуге құқылы. Егер сол мезетте тауып бере алмаса, тобық алған адам жеңілген болып есептеледі. Қалағанын орындай алса, керісінше, бірінші жақтың ұтылғаны. Кім жеңіліске ұшырайды, сол сертінде тұрып, айтқанын орындауы қажет.

Ежелде ақсамайлы әжелеріміз тобықты жоғалтып алмас үшін оны ортасынан тесіп, бұрымына қосып өрген немесе мойнына тағып алған. Тіпті кейбіреуі тілінің астына салып жүрген екен. Бұдан қазақ халқының жауапкершілік турасына тоқталғанда қандай сақтықпен қарағанын байқау аса қиын емес-ті.

Ойынға кімдер қатыса алады?

Қыз бен жігіттің арасындағы пәк сезімді әзіл арқылы жеткізетін ерекше салт ол – «тобық» ойыны. Аталған ойынды көбіне бозбала мен бойжеткен, құда бала мен құдаша, жезде мен балдыз ойнаған. Тобыққа ие болған қыз не жігіт сөзінде тұрса, қарама-қарсы тараптың сұраған уақытында тауып беруінің нәтижесі үлкен сезімге жетелеуі мүмкін. Себебі «тобық» ойыны астарында бәрінен бұрын жауапкершілік бар. Ұқыптылық, адамгершілік, бірсөзділік іспетті осындай, қарапайым адам мінездері жігіт пен қыздың арасындағы таза көңілді толықтырып, махаббат күшін молайта түспек.

Тобық ұсынғанда айтылатын тақпақ:

«Ойын емес ойлы бір жоралғыдай,

Жоғалтпағын аман-сау боп орыныңды, 

«Есімде» деп бастасам есің кетіп, 

Тауып бере алармысың тобығымды».

«Тобық» ойыны қазіргі күні қаншалықты қолданысқа ие?

Бұл дәстүр күні кешеге дейін ойнатылып келді. Тобық жайлы қазақта «тобық жұту» деген де ырым бар. Данышпан Абайдың руы да осыған ұқсас – Тобықты.

Ел арасында 5, 10 емес, одан да көп жылдарға созылып, ақырында сұраған тобығын қайтарғаны туралы болған оқиғалар өте-мөте көп. Мысалы, Қазақстан мен КСРО-ның халық артисі Асанәлі Әшімов 1979 жылы Созақ жеріне гастрольдік сапармен барған-ды. Сонда тоқтаған үйдегі келіншекке жіліктен ажыраған тобықты ұсынып, алдағы уақытта сыйластықта болып, жақсы араласуды ұсынады. Сол кезде, ақ дастарқан басында отырғандар бір ауыздан қолдап, куәгер болады. Арада жылдар өтеді. Әлгі шаңырақтың иесі, отағасы қаза табады. Сөйтіп, қарым-қатынас алшақтай түседі. Бір күні баяғы тобық жайында сөз қозғалғанда апамыз: «Ұмытып кеткен болар, босқа мазалағанымыз жарамас», – дейді. Алайда қасындағы кісі бұндай іске жеңіл қарауға болмайтынын және шама келсе, мойындағы қарыздан құтылған жөн екенін айтып түсіндіреді. Осыдан кейін келіншек немересінен атақты актерге сәлемдеме жолдайды. Оны естіген Асанәлі Әшімов: «Ой, айналайын, неге ұмытайын. Маған мекен-жайын қалдыр. Тобықтың өзінің жөн-жоралғысы болады. Ол да дайын. Мынау жаңалығың иығымнан ауыр жүкті түсіргендей жанымды жадыратты», – деп жауап беріпті. Сонда арада 36 жылдан астам уақыт өткен екен. Міне, даналық. Ата-бабамыз қалыптастырған «Тобық» ойыны ғасырдан ғасырға осылайша жалғасын тапқан. Жаңа ғасыр жастары да аңыз адамдар қолданған ұлттық дәстүрімізді ұмытпаса деген тілек бар.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button