Жаңалық

ҰБТ. Әр тест тапсырушы 5 бақылау кезеңінен өтеді

Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді. Осы жылғы тестілеуге қатысуға рекордтық көлемде өтініштер қабылданған екен. Жалпы, Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу тәртібі бұрынғы форматта қалды.

«Биыл маусым айындағы ҰБТ-ға қатысуға рекордтық көлемде өтініштер қабылданды. Жалпы, олардың саны 131 755-ке жетіп, оның ішінде биылғы түлектерден келіп түскен өтініштердің саны 82 пайызды құрады. Яғни, бұл көрсеткішті өткен жылмен салыстырсақ өсті», – деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов.

Биыл ҰБТ-ға төртінші тоқсан бағдарламасының сұрақтары енгізілген жоқ. Негізі, 11-сынып оқушылары төртінші тоқсанда өткен материалдарды қайталады. Яғни, бұдан бұрынғы тақырыптарды тағы бір шолып шықты. Айта кетейік, биыл ҰБТ-ға қатысты ата-аналардың өтініштері ескерілді.

«Білім және ғылым министрлігіне ата-аналардың атынан тиісті өтініштер келіп түскен болатын. Соны зерттеу барысында бізге тапсырма берілген еді. Осы орайда есептеуіш құралдарға (калькулятор) рұқсат беру мәселесін қарадық. Тест тапсырушылар өзімен бірге есептеуіш құралдарды әкеле алмайды. Бірақ, біз аудиторияларда әр орынға калькуляторды орналастырамыз», – деді Д. Смағұлов.

Сонымен қатар тестілеу уақыты да біршама ұзартылды. Ата-аналар мен түлектердің сұрауы бойынша тестілеу уақыты тағы 10 минутқа ұзартылды, ҰБТ – 4 сағат өтетін болды. Карантин шараларына байланысты тағы бір ескерер жайт, ата-аналарға және түлектерді алып жүруші басқа адамдарға балаларды ҰБТ өткізу пункттерінде күтуге тыйым салынады. Ата-аналар ҰБТ өту барысын үйінде отырып, онлайн көре алады. Бұл үшін әрбір аудиториядан трансляция қамтамасыз етіледі. Тест тапсыру өтетін ғимарат аумағын құқық қорғау органдары күзетеді. Осы орайда таяуда онлайн көрсетілім сілтемелері мен ресурстар Ұлттық тестілеу орталығының сайтында әрі әлеуметтік желілерде жарияланады.

Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, ҰБТ-дан кейін білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін немесе ақылы негізде білім алу бағытында ұлттық жоғары оқу орындарына кемінде 65 балл, ал басқа жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім ұйымдарына кемінде 50 балл жинау керек. Мұнымен қоса, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» білім салалары бойынша кемінде 60 балл, «Педагогика ғылымдары» саласы бойынша кемінде 70 балл болуы тиіс. Ал «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» саласына кем дегенде 65 балл қажет.

Карантин мен сақтық шаралары 

Індеттің таралмауына тосқауыл қоюға байланысты елдің барлық өңіріндегі ҰБТ өткізу орындарында күшейтілген медициналық-санитарлық шаралар енгізіледі. Ғимаратқа кіргізу кезінде тест тапсырушылардың арасында екі метрлік арақашықтық қатаң сақталады және маска талап етіледі.

«Әр тест тапсырушы 5 бақылау кезеңінен өтетін болады. Оның ішінде сыртқы киімді дезинфекциялық ерітінділермен залалсыздандыратын арнайы дәліз арқылы өту ескерілген», – деп түсіндірді Дидар Смағұлов.

Сонымен қатар ол талапкер аяқ киімін, кейін қолын дезинфекциялайтынын жеткізді. Келесі кезеңде тест тапсырушылар термобақылаудан өтуі тиіс. Егер дене қызуы анықталған жағдайда, оған кезекші медициналық қызметкерлер бригадасы дереу көмек көрсетеді. Одан кейінгі әркеттер тек мамандардың берілген талаптарына сай орындалады. Барлық медициналық-санитарлық кезеңдерден өткеннен кейін, тестілеу кезінде респираторлық немесе бір рет қолданылатын маскалар ұсынылады.

«Бір рет пайдаланылатын маскаларды тестілеу барысында ауыстыруға мүмкіндік қарастырылған. Түлектер сәйкестендіруден өтеді, тексеруші мен тест тапсырушылар арасындағы арақашықтық сақталады. Әр қабаттағы дәліздерде санитайзерлер орнатылады. Аудиторияда балаларды отырғызу кемінде екі метр арақашықты сақтау арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте аудитория үнемі желдетіледі», – деді Ұлттық тестілеу орталығының басшысы.

Айта кетейік, ҰБТ тапсыру үшін түлектерден ПТР-тестілеуден өткені туралы ешқандай анықтама талап етілмейді. Талапкерлер тек маска тағып келуі тиіс. Мұнымен қоса, Дидар Смағұлов коронавирус жұқтырған түлектің ҰБТ-ны қалай тапсыратынын түсіндірді.

«Түлектер арасында коронавирусқа шалдыққан жағдайлар болуы мүмкін. Сондықтан ҰБТ өткізетін әр пунктте кезекші аудитория бар. Осы орайда қажет болғанда бұл аудиториялар ашылады. Балаларда инфекция болса, олар тестіні жалпы аудиториядан бөлек тапсырады», – деді ол. Бұл тұрғыда орталық директоры осы шаралар өкілетті органның келісімі мен нұсқауы бойынша іске асырылатынын атап өтті. Яғни, денсаулық сақтау саласы мамандарының ұсынысы назарға алынады.

«Егер осындай ұсыныстар болса, олар үшін ҰБТ-ны бөлек өткізуге дайынбыз. Біздің мамандар арнайы киімдер киеді. Атап айтқанда, ҰБТ-ны барлығы тапсыратындай жағдай жасауға тырысамыз», – деді ол.

Биылғы қатаң тәртіп 

Ұлттық тестілеу орталығы біраздан бері ҰБТ-ға түлектердің барынша әділ қатысуын талап етіп келеді. Яғни, балалар ешбір гаджеттерсіз тек біліміне сеніп, тестілеуден әділ өткеніне не жетсін.

Жақында Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бейнежазбаны қарау кезінде талапкерлердің тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, онда ҰБТ нәтижесі, сонымен қатар ұсынылған білім гранты қайтарылатынын ескерткен еді. Тестілеуге кіргізу барысында тыйым салынған затпен ұсталған түлек тестілеуге жіберілмейді және биыл ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айрылады.

Мысалы, бізде бұрын тыйым салынған зат аудиториядан табылған жағдайда ғана акт жасалып, оқушы тестілеуден шығарылатын болатын. Ал биылғы ҰБТ-ны өткізу қағидатына тоқталсақ, тестілеуде ғимараттағы металды іздейтін құрылғы аймағына дейін тест тапсыратын баладан тыйым салынатын зат табылған жағдайда, онда тиісті акт жасалып, түлек тестілеуге жіберілмейді. Бұл тұрғыда биыл ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылады. Сонымен қатар аудиторияда тыйым салынған затпен ұсталған түлектің де тестілеу нәтижесі жойылып, осы жылы ҰБТ тапсыра алмайтын болады.

«Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізудің жаңашылдықтарына тоқталсақ, бақылау шаралары күшейтілді. Егер ғимаратқа кіргізу барысында тыйым салынған заттар, яғни смартфондар, жазба қағаздары және басқа да құралдар табылса, онда тест тапсырушы емтиханға жіберілмейді. Кез келген адам ҰБТ-ның өтуі барысын көре алады. Көрсетілім сілтемесі ҰБТ жақындағанда жарияланады», – деді Д. Смағұлов.

Оның сөзіне қарағанда, әр аудиторияда бейнебақылау орнатылады. «Барлық бейнежазбаларға 25 тамызға дейін талдау жүргізіледі. ҰБТ өткізу қағидаларының бұзылуы анықталған жағдайда, яғни көшіру немесе басқа да әрекеттер байқалса, тестілеу нәтижелері жойылады. Сонымен қатар, білім беру грантын тағайындау конкурсының нәтижелері де жойылуы мүмкін», – деп түсіндірді орталық басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button