Жаңалық

Қазақы «Қызойнақ» қазір «жынойнаққа» айналып кетті

Қыз ойнақ қандай дәстүр, ерекшелігі неде, жаңа ғасырдың қызойнағы қалай өтеді? Осы және өзге де сауалдарға жауапты төменнен оқып, біле аласыздар.

2019-04-25-182_82330-1_141649.jpg

«Қыз ойнақ» дегеніміз не?

Ертеде бойжеткен ұзатылар алдында ағайын-туыс ауыл жастарымен бірге қоштасу кешін өткізеді. Мұны қазақта «қыз ойнақ» дейді. Олай аталуының себебі отырыс қыздардың ұйымдастыруымен өткен. Бұл қыз ойнақты ешкімге айтпай, құпия түрде жасайды. Қыз ойнақ кеші ұзатылғалы жатқан бойжеткеннің үйінде болады.

«Қыз ойнақ» салтының мән-маңызы неде десеңіз, осы жиын арқылы қыз бала өзінің ерке-сылқым мінезімен, тентектігімен қош айтысады. Жиынға ұзатылар қыздың достарынан бөлек, оның жеңгелері, әпкелері де қатысады. Қыз достарымен ашылып ұзақ сырласады, ой бөліседі, болашағын талқылайды, келіндік өмірдің қыр-сырын сұрастырады. Бойжеткеннің апалары мен жеңгелері ортадағы барша үлпілдеп тұрған нәзікжандыларға көрген-білген өсиеттерін айтып, ақыл-кеңесін береді. Қысқасы, диалог сан алуан тақырып аясын қамтиды.

331814-Sepik_2880x1800.jpg

Жиынның уақыты ұзаққа созыла қоймайды. Өйткені қазақ халқы әрдайым қыз баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, барынша қатаңдықпен қарайтыны белгілі. Қыз – қонақ. Өз үйіне кеткенше, оның жүріс-тұрысы үнемі бақылауда тұрады. Міне, сондықтан да үй-іші, ата-анасы біліп қоймас үшін аталған жиынды көпке созбаған. Әке-шешесінен жасырып кеш ұйымдастырғанымен артық қылық танытпаған. Қазақ қызы ежелден намысын ешкімге таптатпай, не нәрсенің болмасын орнын білген.

1126729_5.jpg

Қазіргі таңдағы ұзатылар қыздың кеші «Қыз ойнақ па?» әлде «Жын ойнақ па?»

Соңғы кездері қоғамда қыз баласы ұзатылатын болса «девичник» деп аталатын ойын-сауық кеші өткізіліп жүргені аян. «Девичниктің» қазақтың ертеден қалған салты – қыз ойнақпен біраз ұқсас келетін жақтары бар. Дегенмен айырмашылығы жер мен көктей десек асыра айтқандық болмас. Бүгінгі қазақтар «Қыз ойнақтың ережесін» мүлде өзгертіп жіберген. Біріншіден, «девичник» көбіне батыс форматында өтеді. Ондай кеште бикештер спирттік сусындар ішіп, арзан күлкі, даңғаза би көбірек орын алады. Екіншіден, қазіргі жас қыздар өзінің кешін клубтарда немесе кафелерде өткізеді. Бәрінен бұрын бұл отырыстың ұйымдастырылу барысынан қыздың әке-шешесі де хабардар болады. Кей ата-ана баласының ерсі қылықтарын білсе, енді бірі оның өміріне мүлдем араласпауды жөн көреді.

1029039733.jpg

Ал қазақ халқы қалыптастырған ежелгі «Қыз ойнақта» жастар тәрбиеден еш аттамаған, ата-ананың беті төменге қарайтын жат қылыққа бой алдырмаған. Иә, ол заманда кешті жасырын түрде ұйымдастырған дедік. Дегенмен онда қазіргідей тек қыздың жора-жолдасты ғана емес, жеңгелері мен әпке-апалары да қатысқан. Үлкендер әрдайым жас қызды қорғап, қадағалап отырған.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button