Жаңалық

Домбыра ұлт талғай ма?

Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Ұлттық домбыра күніне арналған онлайн-конференция өтті.

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков,          Нұр-Сұлтан қ. Достық үйінде ашылған «Жыр орталығы» жобасының үйлестірушісі, белгілі жыршы Алмас Алматов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, күйші Жанғали Жүзбай және басқа да белгілі мемлекет, қоғам және мәдениет қайраткерлері, шетелдегі Қазақстанның дипломатиялық миссиялары мен қазақтар қауымдастығының өкілдері, этномәдени бірлестіктердің мүшелері мен Ассамблея жастары қатысты.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың шешімімен, 2018 жылдан бері шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып жарияланды.Астана күні қарсаңында өтетін мерекелік күннің ұлттық руханиятымызға қосар үлесі салмақты.

Бұл туралы өз сөзінде ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев айтып өтті: «Домбыра – түгел түркі жұртының, соның ішінде қазақ халқының киесі әрі қазынасы. Әр үйдің төрінде ілулі тұраатын ұлттық аспабымыздың күмбірлеген үні жан дүниемізді тербетіп тұрады. Көз алдымызға кең байтақ даланы, сол даланы жайлаған қалың елді, елдің тұрмыс-тіршілігін елестетеді.

Домбыра ұлт таңдамайды. Әннің тілін түсінген, күйдің құдіретін ұғынған кез келген ұлттың өкілі домбыра тартады. Кезінде Надежда Лушникова, Татьяна Бурмистирова, Владимир Питерцев сынды әнші, айтыскер ақындар біздерді қалай таңғалдырған болса, бүгінде Андрей Фендриков, Ольга Сағындықова, Юрий Михуля сынды жас талантты домбырашылар күмбірлетіп күй тартып, ән айтып, ұлттық өнеріміздің дамуына өз үлестерін қосуда.

Осы себептен бір отанның иесі – халқымызды, ұлтты ұйыстыратын Ұлттық домбыра күнінің мәні зор. Бұл рухани жаңғыру бағытындағы ең сүбелі тірліктің бірі. Осы күннің аясында ұлттық аспабымызды ұлықтау мақсатында тың бастамалар бой көтеріп, игі дүниелер қайта жаңғыруда.

Дүниені жайлаған індетке қарамастан бүгінде сіздермен бірге домбыра үнімен астастырылған салмақты дүниелер туралы әңгіме қозғап, күйдің құдіретін сезіндіру мақсатында онлайн режимінде күй тартқалы отырмыз. Бүгінгі шарамыз түркіге ортақ аспаптың қоңыр үні мен қоңыр болмысына сай, ұлтымыздың жадын қайта бір жаңғыртады деп сенемін. Өйткені шарамызға әр облыстан талантты домбырашылар, ән мен күйге жаны құмар жүздеген этнос өкілдері қатысып отыр. Республика көлемінде ғана емес, сонау шетелдегі қандастарымыз, мемлекетіміздің өкілдіктері мен елшіліктердің белді қызметкерлері, халықаралық ұйымдардың өкілдері, қазақ зиялылары мен журналистері, әлемнің түкпір-түкіпірінде ұлтымыздың рухани қазынасын насихаттап жүрген азаматтар онлайн режимінде желіге қосылып отыр.

«Жазды күн шілде болғанда…» деп Абай атамыз айтқандай, бүкіл қазақ даласында, түркі әлемінде, әлем жүзінде күмбір-күмбір күй төгілсін, домбырасын қолға алған талант иелері әрдайым әуелете ән салсын деп тілеймін. Қазіргі қиын кезеңнен аман-есен шығып, әсем әніміз бен күміс күйіміз күмбірлейтін күнге жетейік, ағайын!».

Онлайн-конференция барысында Ресей, Оңтүстік Африка, Франция, Қырғызстан, Өзбекстан және т.б. мемлекеттерден қосылған қатысушылар бір уақытта домбырада «Балбырауын» күйін орындап, флешмоб ұйымдастырды.

«Еліміздің даму жолында ұлттық өнердің орны ерекше. Адамзат тарихының осы уақытқа дейінгі жеткен деректері әр ұлттың өзіне тән ерекшеліктерін байқатады. Осы сәтте, біз қазақ ұлтының нағыз ұландары ата-бабаларымыз қалыптастырған асыл қазыналарымыз, салт-дәстүрлеріміз, рухани құндылықтарымыз көзіміздің қарашағындай сақталып, кейінгі ұрпаққа аманат етіп жетуде. Ұлтымыздың байлығы, халқымыздың жанына рух беретін құнды аспаптарымыздың бірі – Домбыра. Ал ұлттық домбыра күнінің аталып өтілуі қазақ халқымыздың мәдениетіне деген ерекше құрметті көрсетеді. Бұл мереке жастарға домбыраға деген қызығушылықты оятады деген үміттенемін», – деп қорытындылады елордалық Достық үйінде жыл басында ашылған «Жыр орталығы» жобасының үйлестірушісі Алмас Алматов.

ҚХА-ның Фэйсбук желісіндегі ресми парақшасы конференциядан тікелей эфир жүргізіп, ZOOM конференц-платформасы арқылы онлайн шараға әлемнің түкпір-түкпірінен 100-ге жуық қатысушы қосылды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button