Жаңалық

COVID-19: Қойдың құйрық майының пайдасы қандай?

Коронавирус кезінде қойдың майын тұтынған қаншалықты дұрыс немесе бұрыс, қойдың майын пайдалану пайдалы ма, қандай зиянды тұстары бар? Көпшілікті мазалаған осы өзекті тақырыпты біршама зерделеп, назарларыңызға ұсындық. Мархабат!

Медицина дами қоймаған кезеңде қазақ халқы қандай ауру-сырқау болмасын, барлығын да негізінен қойдың майымен, биенің сүтімен, шұбатпен, жас сорпамен емдеген. Бір ғажабы осындай ем арқылы сырқаттар өз дертінен құлан таза айыққан. Кейін медицина саласы қарқындап өсті. Жаңа ғасырда жаңа препараттар пайда болды. Дәрігер мамандар қойдың майының, жылқының сүрленген етінің кері әсері туралы айта бастады. Әйткенмен кейбір ғалымдар адам ағзасына күніне 50-70 гр май қажет дейді. Қайсысына сену керек? Мыңдаған жылдар бойы ата-бабамызды талай аурудан аман алып қалған қойдың майынан шынында бас тарту керек пе?

Қазақ халқы қойдың майымен қалай емделген?

Көшпелі заманда қазақ малшылары қойдың майын қыстың сықырлаған аязынан қорғану мақсатында қолданған екен. Әсіресе, мал бағуға аттанарда екі беті үсіп кетпес үшін шылқытып тұрып майды жағып алатын болған. Суық тисе, дереу майды жылытып ашқарынға жұтқызады. Артынан сүт ішкізеді. Түрлі инфекциялық аурулар жұққанда, суықтап қалғанда арқаны маймен сылап, оранып алған. Ұйықтарда кеудеге, арқаға жағып жатқан адам түнімен терлетіп, таңертең ұйқысынан жеңіл оянады. Бәрінен бұрын ыстық күйінде қасықтап ішкен өте-мөте пайдалы.

Құйрық май – тұмауға қарсы бірден-бір дәрі болып табылады. Құйрық май қолқаны жібітеді, қақырықты тастауға көмектеседі. Қақырық кетсе, құрғақ жөтел де кетеді. Сонымен қатар туберкулезге шалдыққан науқастарды да қойдың майымен емдеген. Өкше жарылғанда да, апа-әжелеріміз қара сабынмен аяғын жуып, құйрық майды жағып ұйықтаған. Ертесіне терісі жұп-жұмсақ болып, оңалып кететін көрінеді. Аяқ сырқырап, ауырғанда да қойдың майының пайдасы зор. Бұрын қолдан, сексеуілден, алаботадан кір сабын жасағанда құрамына қойдың майын қосады екен. Сондай-ақ құйрық майды жесең, көпке дейін қарның ашпайды. Ертеректе, қазақ халқы бесіктегі баласына қарауға уақыты болмағанда, аузына құйрық майды дәкеге орап, емізік орнына қолданған. Міне, қалың жұртшылық сол себепті де құйрық май иммунитетті нығайтатынын жоққа шығарғысы келмейді. Шақалақ ауырса, құйрық маймен сылайды. Ол балақайдың бойындағы суықты шығарып, қан айналымын ретке келтіреді. Сәбидің ширақ болып өсуіне ықпал етіп, буындарын жазады. Жауырыны жабысып қалмас үшін де құйрық майды пайдаланған. Тағы бір ерекшелігі – ол ешқан дәмін кетірмейді, бұзылмайды.

Жаңа ғасыр медицинасы не дейді?

Мамандар қойдың майы қандағы холестерин мөлшерін көбейтіп, жүрек-қан тамыры ауруларына әкеп соғатынын көп айтады. Қой еті басқа малдың етіне қарағанда сіңірілуі қиын тағам болып есептеледі. Қой етінен әзірленген тағамнан соң бірден ұйқыға кетуге болмайды, асқазан ауруына апаруы ықтимал. Соңғы кезде желіде қойдың майының пайдалылығы туралы ақпарат кеңінен тарады. Осыған байланысты жуырда Ресейдің Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Олег Гриднев қойдың майын ас ретінде тұтынуға болады, дегенмен ол холестеринді көтеріп, қанның басқа компоненттерін арттырады және де майлы тағам қанның қоюлануына әкеп соғады. Сондықтан қайдың майы қауіпті індет кезінде тіпті зиян болуы мүмкін дегенді айтты.

Қойдың құйрық майының құрамы:

Май қышқылдары – лавр қышқылы (0,20%), миристік қышқыл (3,92-3,67%), палмит қышқылы (31,49-24,77%), палмитол қышқылы (3,14-3,01%), маргарин қышқылы (4,32%), стеарин қышқылы (30,02-16,51%), олеин қышқылы (44,43-28,37%). Аталған деректер «Unsal and Aktas» (2003) және «Unsal and Yanlic» (2005) атты еңбектерінен алынған.

Енді осы құрамдарға толығымен тоқталып өтелік. Шоколад та осы үшеуінен, олеин қышқылы, стеарин қышқылы, палмит қышқылынан тұрады. Бұл үш май ғылымда пайдалы асқа жатқызылады. Мәселен, олеин қышқылы жүрек-қан тамыры ауруларының алдын алатын қасиетке ие. Жоғары температуға өте төзімді келеді. Бәрінен бұрын құрамында зәйтүн майы бар. Зәйтүннің пайдалы жағын айтпаса да белгілі. Сондай-ақ нағыз мына аты жаман індеттің үршіген уақытында, ағзаға мықты иммунитет керек кезде осы майдың әсері көп. Өйткені олеин қышқылы бойға қуат сыйлап, иммунитетті күшейтеді. Ал енді сұрақ: заманауи медицина құйрық майды жүрек-қан тамыры ауруларына ұшыратады дейді. Алайда мына дәлел-деректен соң құйрық майдың пайдалылығына қалайша сенбеуге болады?

Стеарин қышқылы – ерлердегі тромбогендік және атерогендік қауіптің алдын алады. Ол ағзаға биологиялық жағынан алғанда улы емес. Денені маймен сылағанда жұмсаратынының себебі де осы, стеарин қышқылына байланысты. Ол теріні балғын етіп, ауа өткізгіштігін тездетеді.

Палмит қышқылы – ағзаға кері әсерін тигізеітін және де холестеринді жоғарылататын жалғыз қаныққан май. Әйткенмен майдың құрамында өзге де зиянсыз қаныққан май қышқылдардың жалпы мөлшерінен аз екендігін алып қарасақ, палмит қышқылы холестеринді жоғарылата алмайды. Осы жерде тағы да айта кету керек, медицина құйрық майдың адам ағзасындағы холестерин мөлшерін көбейтетінін айтқан. Палмит қышқылы салқын тигенде ықпал етеді. Ол теріні оңалтып, тез терлетеді.

Қорытынды

Ғасырлар бойы біздің халықтың емі – қойдың май болып келді. Кім не десе де, тарихты жоққа шығара алмаймыз. Бабаларымыз үшін қойдың құрық майының орны қашанда ерек болған. Дегенмен заман ағымы деген де бар. Әлем өсті, көркейді, медицина дамыды. Бірақ бұл қойдың майы пайдалы емес деген сөз емес. Қойдың майы бір адамның ағзасына оң әсер етсе, екіншісіне, керісінше, болуы мүмкін. Мүмкін көздеген сырқатынан айықтырып, ағзаның басқа бөлігіне кері ықпал етеді. Қысқасы, майды тұтынбас бұрын арнайы маманның кеңесін алғанның артықтығы жоқ.

Білгенге – маржан

Құйрық майдың құрамындағы пайдалылық қойдың жеген шөбі мен ішкен суына және де нәсіліне де қатысты. Осы ретте құйрық майы шипалы саналатын қойлардың қатарында қазақтың қылшық жүнді қойы, Еділбай, Шу секілді қой тұқымдары кіреді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button