Жаңалық

Тазы асырайтын Анна

Пәтерде тазы ұстап, онымен аңға да шығатын Анна туралы білесіз бе?

Бірде Фейсбук желісінде Айсұлтан Жақыповтың парақшасындағы «Иттің бәрі тазы емес» фильміне көзім түсті. Фильм сипаттамасын оқысам, Анна Захарова есімді тазы асырайтын қыз екен. Бір демде фильмді көріп шықтым. Далада қораптың ішінде ауру тазыны қалдырып кеткен адамдарға ашуым келді. Ал Анна бұған бей-жай қарамай, тазыны пәтеріне әкеліп, емдеткен. Тазыны «Джек» деп атап кетіпті. Джек қазір байқауларға қатысады. Аңшылыққа шығуға құқығы бар. Ең қызығы, Аннамен бірге Қарағандыда пәтерде тұрады. Анна бізге Джекті көргендегі әсерін және болашақтағы жоспарын әңгімелеп берді.

– Қарағанды қаласында орта мектепті бітірдім. Музыка мектебінде жеті жыл үздік оқыдым. Ресейлік жоғары оқу орындарына «Ветеринария мен зоотехника» мамандығына құжаттарымды тапсырдым. Енді жауабын күтіп жүрмін. Ерікті болып көп жобаға қатыстым. Үйге қожайындары жоқ ит пен мысықтарды әкеліп, оларды дәрігерге көрсетіп, кейін асырап аламын деген адамдарға беретін едім. Үш жыл бұрын Джекті ауру күйінде далада қораптың ішінде тауып алдым. Кішкентай күшік демодекоз пен бронхит ауруларына шалдыққан. Ветеринарлардың арқасында Джек жазылып шықты. Біз Джектің еміне, әрі қайта қалпына келуіне көп қаражат жұмсадық. Қазіргі таңда оның өмір сүруіне де әжептәуір ақша қажет. Иттің бәрі тазы емес. Егер мен Джекті итім десем, қазақтар ренжуі мүмкін. Өйткені бұрын қазақтар тазыны итке санамаған. Тазы – жеті қазынаның бірі. Адамның сенімді досы әрі асыраушысы болған. Мен Джектің ит емес, тазы қалпын сақтап қалуы үшін көп еңбектендім. Анам жануарлардың пәтерде тұруына қарсы адамдардың бірі. Бірақ Джекті өзімізде қалдыруға рұқсат етті. Жануарға пәтерде тұру қиын. Оған бостандық керек. Бірақ қала сыртына шығаруға болатынын ескере отырып, анам Джекті өзімізде қалдырды. Аңшылық маусымында және жазда Джек ауылда болады. Егер Джекпен бірге өзім бара алмасам, сенімді адамдарыма тазымды аманат етіп тастап кетемін. Қаладағы көршілер Джекке ешқашан шағымданған емес. Джек үйде ұлымайды. Өйткені ол өте ақылды. Айтқанымның барлығын түсінеді.

– Не себепті Джек деп атадыңыз?

– Джекпот сөзінің қысқарған түрі. Атау тазыма емес, тазым атауына үлкен үлес қосып жатыр. Тазым отбасымызға жеңіс, сәттілік және бақыт әкелді. Джектің пәтерде жеке кереуеті бар. Осыны айтсам, көп танысым күледі. Бұл әзіл емес. Джек шынымен де кереуетте ұйықтайды. Ол өте таза. Кір болса, ешқашан пәтерге кірмейді. Есік алдында отырып, жуындыруды күтеді. Кейде өзі жуынуы мүмкін. Менің қолым бос болмаса, Джек баса-көктеп үйге кірмей, есік алдында отырады. Сосын мен Джекті ваннада жуындырамын. Біз бір-бірімізге осылай көмектесеміз.

– Джек қалпына келген соң жарыстарға қатысты ма? Қандай жетістіктері бар?

– Даладан тауып алғандықтан, Джектің құжаты да болмады. Бірақ қазір мен бәрін ретке келтірдім. Джек кинологтар одағынында тіркелген.  Жасы   үште. Тазымның ауыз толтырып айтар жетістіктері де бар. Ол халықаралық жарыстар мен көрмелерге қатысқан. Тіпті, С.Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойына арналған халықаралық турнирдің қатысушысы. Үш кезеңнің екеуінде үшінші орын алды. Соңғы кезеңінде түсініспеушіліктер болып, Джек жүлделі бола алмай қалды. Бірақ тазымның көрсеткіші жоғары еді. Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген әділ қазылар Джекті өзге тазылармен салыстырмалы түрде бағалап мақтады. Соңғы рет Балқаштағы турнирде бес шақырым қашықтықта бірінші орын алды. Тазымның аңшылыққа шығуына да толық құқығы бар. Өйткені мен Джекті қансонар клубына тіркеп қойдым. Аңшылыққа шығуын растайтын әрі ресми тіркелген куәлігіміз де бар.

– Джекпен аңшылыққа шықтың ба?

– Қыздар қансонарға аңшылыққа шығуға қорқады. Бірақ қыз бала өршіл болуы керек. Оның табиғатында өр мінез болмауы мүмкін. Өйткені бұл ер адамдарға тән ғой. Бәсекелестік, мақсатқа жету ер адамдарда жиі кездеседі. Менің мінезімде де осындай қасиеттер бар. Өзімді мақтағаным емес. Бірақ қыздарға өр мінез қажет. Егер бір рет тазымен аңшылыққа шықса, ол өзін түсінеді. Аңшылық өзіне тән болса, қорқыныш болмайды. Кейбір қыздарда нәзіктік басым болады. Меніңше, әр қыз аңға шығып көруі керек. Джекпен аңға шықтым және бұл маған тән жұмыс екенін түсіндім. Заң бойынша аңшылыққа он қоян сатып алуға рұқсат етіледі. Бірақ адамдар нормадан тыс,  екі есе аңшылық жасауы мүмкін. Бұл заңдар адамдарды қанағаттандыру үшін емес, табиғатты сақтап қалу үшін құрылған. Алайда, оған бағынатындар аз.

– Болашақта жоспарың қандай?

– Тазы тұқымын қалпына келтіргім келеді. Оның жойылмағанын қалаймын. Иә, мұның жауапкершілігі зор екенін білемін. Қыз балаға ауыр деп айтатындар да бар. Тазы асыраудың және оны дамытудың жұмысы көп. Мен жалғыз емеспін. Аңға шығатын, тазы асырайтын және болашақта дамытамын деген қыздардың бар екеніне сенемін. Біз біріксек, алынбайтын қамал жоқ. Тек өзімізге сенуіміз қажет. Ештеңеден қорықпаған жөн. Мен елімді жақсы көремін. Сондықтан қиын болса да, тазы тұқымының сақталуына үлесімді қосқым келеді. Егер тазы асырап жүрген қыздар болса, дос болуға әрқашан дайынмын. Білгенімді айтып, тіпті аңшылыққа шығуымызға да болады.

– Сұқбатыңа көп рақмет! Мақсатыңа жет!

Назым Сапарова

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button