Жаңалық

Мұсылман елдері Құрбан айтты қалай тойлайды?

Әлем елдері қазір қалыпты тіршілікке оралып жатқанмен, коронавирус пандемиясын елемеу мүмкін емес.

Яғни биылғы Құрбан айт бұрынғыдан өзгерек. Намаз оқу үшін мұсылмандардың жаппай мешітке жиналыуына тыйым салынған, қауіпсіздік мақсатында үй аралап, қонаққа баруға да болмайды. Ал эпидемия жағдайында құрбан шалу – онлайн форматқа көшті. Сонымен жаһан мұсылмандары биылғы Құрбан айтты қалай тойлайды?

Құрбан айт мейрамы Ораза біткен соң, 70 күннен кейін тойланады. Дәстүрге сай мыңдаған адам мешітке жиналып, құлшылық етеді. Ал биыл Сауд Арабиясындағы Құрбан айтқа дайындық өзгеше ерекше өтті. Мамандар әлемдегі ең үлкен мешіт саналатын Масджидаль-харам мешітінде жаппай зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ айт намазын оқуға биыл тек мың мұсылманға ғана рұқсат етілді. Олардың барлығы коронавирусқа тест тапсыруы керек. Ал шет елден құлшылыққа келетіндерге биыл шекара жабық.

Ал Мысырда коронавирусқа қарамастан мал базарында адам қаптап жүр. Айт мерекесіне дайындалған жұрт әлеуметтік қышықтық пен бетпердені ұмытып құрбандық шалатын мал таңдауға келген. Шенеуніктер мен тәртіп сақшылары жиналған жұртты тарқатып әлек. Ал тұрғындар құрбандық шалатын малдың құны қымбаттап кеткенін айтады.

Жергілікті тұрғын:
– Мұсылмандық парызымды өтеу үшін құрбандық шалатын мал іздеп келдім. Бірақ қолымдағы ақшаға түк келмейді. Қазір коронавирус өршіп тұрғанда халықтың жағдайы қиындап кеткен. Сондықтан тұрғындардың жағдайын қарасып, малдың бағасын түсірулері керек қой.

Пәкістанда мұсылмандар құрбандықты үйден шықпай ақ шалады. Онда жас кәсіпкерлер елдегі карантин жағдайын ескеріп, мал саудасына арналған сайт ашыпты. Порталға кіру арқылы қажетті малдың түрін, түсін, салмағын таңдауға болады. Ал құрбандыққа шалып, мұқтаж жанға тарату процессін тікелей байланыс арқылы бақылай аласыз.

Акиб Мухал, жас кәсіпкер:
– Қазіргідей эпидемия жағдайында халықтың үйде қалып, қауіпсіздік шараларын сақтауы өте маңызды. Сол үшін осындай жобаны іске қостық. Әрбір тұтынушыға малдың сипаттамасы мен суреттерін сұранысына қарай жібере аламыз. Құрбандық шалуға арналған сайт біздің елде де жұмыс істейді.

Сондай-ақ Түркия, Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктерінде осындай платформа іске қосылған. 30 шілдеге дейін мұқтаж жандар осы сайтқа өтінім беріп, құрбандыққа шалынған мал етін ала алады. Ал құрбандық шалғысы келетіндер керісінше ақшасын төлесе болғаны. Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мұсылмандарды жаппай мешітке жиналудан бас тартуға шақырып отыр. Сол арқылы індеттің таралуына жол бермеу көзделген.

Мәселен, Түркияда жиналып намаз оқуға тыйым салынды. Тұрғындар тұрғылықты жеріне жақын мешіттерге барып, ашық аспан астында намаз оқи алады. Ал Иракта Құрбан айтқа қарсы комендандттық сағат ұзартылды. Оманда мейрам күндері түнгі коменданттық сағат енгізілді. Башқұрстанда мешітке тек 100 адамның жиналуына рұқсат берілді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button