Жаңалық

Топ 10 ұлттық спорт түрі

Дәстүрлі құндылықтарымыздың бірегейі – ұлттық спорт ойындарымыз.

Зерттеулерге сүйенсек, көшпелі қазақ халқының дәстүрлі ұлттық спорт түрлерінің қоржынында 150-ге жақын ойындар бар екен. Ата-бабамыз ғасырлар бойы қалыптастырған құндылығымыздың бүгінде дені ұмытылып кетті.

Қазақта қандай ойын болса да, бекерден бекер шыға салмады. Әрбірінің түбінде салмақты мағына бар. Ұлттық спорт түрлерінің қай-қайсысын алсақ та, бірі тәрбиеге, енді бірі дене шынықтыруға жол бастайды.

Назарларыңызға күні бүгінге дейін қолданыста жүрген топ-10 ұлттық спорт түрін ұсынамыз:

1. Күрес. Қазақша күресте бір қолмен белдіктен немесе күрте жағасынан, жеңінен ұстап шалу, үйіріп, сүріндіре жұлқу, тізеден қағу, іліп немесе кеудеден асыра лақтыру және т.б. тәсілдер қолданылады.

2. Қыз қуу. Мереке күндері ат үстінде ойналатын ойын. Жарыста жігіт айналып қайтқанға дейін қызды қуып жетсе, оны ат үстінде құшақтап сүйеді. Мұндайда жігіттің жеңгені болып есептелінеді. Қуып жете алмаса, қайыра қайтқанда қыз сөреге дейін жігітті және оның атын қамшының астына алады. Бұл – қыздың жеңгені.

3. Асық ату. Күндіз де, түнде де ойналатын ұлттық ойын түрі. Күндіз ойнау мергендікке, түнде ойнау ептілікке баулиды. Асық ойынының құмар, тәйке, омпы, алшы, хан, қақпақыл секілді түрлері бар.

4. Тоғызқұмалақ. 4 мың жылдық тарихы бар көне ойын. Арнайы тақтайшада, 2 адам арасында ойналады.Ойын тақтасы – 2 қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады. Ойын басында әр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған сексен бір құмалақ тиесілі.

5. Көкпар. Ойын тәртібі бойынша, салт аттылар салмағы 30–40 кг немесе 50–60 кг болатын бассыз серкені (ешкі) жерден көтерулері немесе қарсылас команда ойыншысынан тартып алып «мәре салым» қарсыласының қазандығына салулары керек.

6. Арқан тарту. Ойынға ұзындығы 10 метр жуан арқан керек. Қақ ортасынан орамалмен бөліп, белгі жасалынады. Ойыншылар тепе-тең болып топқа бөлінеді. Қатысушылардың саны шамамен 10-12 болуы тиіс. Ойыншылар арқанды қос қолдап тартады.

7. Аламан бәйге. Атқа мініп ойналатын спорт түрі. Бәйгеге 20-60, тіпті одан көп сәйгүлік қосылуы мүмкін. Жылқы 25-100 км қашықтықта шабады. Бәйге атына салмағы жеңіл жас балалар мінгізіледі.

8. Аударыспақ. Бұл салт аттылардың бірін-бірі ер үстінен аударып алу сайысы. Ойынға қайрат-күші мол, батыл да төзімді, шапшаң қимылдап, ат құлағында ойнай білетін жігіттер қатысады. Ойын аға төрешінің ысқырығымен басталады және тоқтатылады. Тартыс бес минутқа созылады.

9. Теңге алу (ілу). Ат үстінде ойналатын спорт түрлерінің бірі. Қатысушылар 2 топқа бөлінеді. Ойынға жасы 18-ден асқан жігіттер ғана қатыса алады. Ереже бойынша, теңге ілушілер аттың үстінен еңкейіп, жерде жатқан теңгелерді лақтырып тастауы қажет. Теңге ілу көбіне үйлену тойының алдында ойналады.

10. Жамбы ату. Ер жігіттің мергендік, ептілік қабілетін сыннан өткізетін, намысын жанитын ежелгі ойындардың бірі.  Ереже бойынша жігіттер сөреде өз сәйгүліктерінің жанында болады. Төреші белгі берісімен олар аттарын тез ерттеп, шаба жөнеліп, жолындағы нысаналарды атып құлатуға тиісті. Терешілердің ұйғарымы бойынша, нысаналар бірнешеу болады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button