Жаңалық

Абай күніне «Астана опера» не ұсынбақ?

Ұлттық классикамыздың бетке ұстар туындысы – М.Әуезовтің либреттосына А.Жұбанов пен Л.Хамидидің “Абай” операсы 10 тамыз күні Tengri TV-ден және «Абай ТВ» телеарнасынан көрсетілмек.

Жаңа мереке – Абай күнінің туындауына мына біз бен сіздің куә болуымыз қуантарлық жайт. Бұл күн әлемдік классикалық өнердің маңызды оқиғалары қатарынан лайықты орын алады деген сенімдемін. «Астана Опера» театрының барша ұжымы атынан бұл керемет оқиғаға бастамашылық еткен ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне алғыс білдіремін. Осынау айтулы күні «Астана Опера» өзінің үздік спектакльдерінің бірі – “Абай” операсын Tengri TV-ден және жақында ғана тұсауы кесілген аттас «Абай» телеарнасынан ұсынбақ. Еске сала кетейін, бұл жауһардың қойылымы үшін театр ҚР Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Спектакльді тамашалау барысында барша қазақстандықтардың ағартушы, философ, ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының таңғажайып әлеміне тереңірек бойлауына тілектеспін. Абай өз замандастарына айтарлықтай әсер етті, алайда оның іргелі де терең ойлары бүгінгі күні де өзектілігін жоймаған, – деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Астана Опера” МОБТ директоры Ғалым Ахмедьяров.

Музыкатанушылардың “Абай” операсының елордалық премьерасымен осы ұлттық жауһардың дамуындағы жаңа кезеңді байланыстыратынын атап өткен жөн. Сыншылардың пікірінше, “Астана Операның” қойылымы театр шығармашылығындағы жаңа деңгейді, Қазақстандағы опера өнерінің тың кезеңін білдіреді. Аталмыш музыкалық-сахналық туындының тағдырында классикалық әлемдік ұғымдағы опералық кемелділіктің шыңын бағындырудағы бейне бір қорытынды жасау жазылғандай.

2018 жылдың қарашасында “Абай” операсы генуялық Карло Феличе театрында итальяндық жұртшылыққа қазақ тілінде көрсетілді. Бір жыл өткен соң, Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында «Абай» операсы Ташкентте ұсынылып, көрермен қауымның көңілінде ұмытылмас із қалдырды.

Әрбір жаңа толқынның “Абай” опералық спектакліне деген қызығушылығы өздеріне дейінгілерден асып түспесе, қалыс қалмайтынын нық сеніммен айтуға болады.

Биыл қазақстандық мәдени қауымдастық Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқандығын айта кетейік, бұл ретте “Астана Опера” театрының ұжымы осынау маңызды оқиғаға көптеген онлайн жобаларын арнады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button