Жаңалық

Ұлы ақынның туған күні қалай тойланды?

Ұлы Абай қазақ халқының руханияты мен мәдениетінің символы болып табылады. Оның ілімі халықтың рухани жаңғыруымен тығыз бай­ла­нысты.

Павлодар облысы бойынша Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған облыстық іс-шаралар жоспарына 200-ден астам мәдени-көпшілік және танымдық іс-шаралар енгізілді.

Іс-шаралардың барлығы әлеуметтік желілер мен медиа ресурстарда онлайн режимде өтеді.

Осыған орай, Ақсу қаласы, С. Дөнентаев атындағы мәдениет сарайының @gdk_aksu Instagram парақшасында Абай Құнанбаевтың 175-жылдығына орай «Құлақтан кіріп, бойды алар» атты онлайн музыкалық кеші өтті. Шараның мақсаты-ұлы Абайдың рухани құндылықтарын, Абай дәуіріндегі, оған дейінгі және кейінгі қазақ халқының ұлттық музыкасын, халық шығармашылығын насихаттау.

Аталмыш шара ағымдағы жылдың ақпан айында өткен «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым!» атты мәдени – көпшілік іс-шараның видеохроникасымен басталды. Содан кейін Ақсу қаласы Сәбит Дөнентаев мәдениет сарайының шығармалық ұжымдары, жеке орындаушылары Ұлы ақынның әндерін шырқады. Атап айтсақ, «Асыл әуен» вокалдық тобының /жетекшісі Гүлназ Омарғалиева/ орындауында «Айттым сәлем, Қаламқас», Теміржанов Аслан, Бортыбай Ерболаттың орындауында «Көзімнің қарасы», Кеңес Нұрдостың орындауында «Қараңғы түнде тау қалғып», Жұмағұлова Айгүлдің орындауында «Өзгеге көңілім тоярсын», Жалелов Алмастың орындауында «Желсіз түнде жарық ай», Ерболат Дінмұхамедтің орындауында «Мен сәлем жазамын». Кеш соңын «Айгөлек» үлгілі би ансамблі әсем биімен тәмамдады. Онлайн музыкалық кештің нәтижесінде инстаграм парақшасының оқырмандары ақынның шығармаларымен тереңірек танысып, әндерін тыңдап құлақ құрыштарын қандырды.

Абай – ой данасы, қазағымның панасы. Абай – мақтанышымыз, ұлттық ұранымыз. Оның өлмес мұрасын алдымен өзіміз танып, сосын әлемге таныту –біздің ғұмырлық парызымыз. Өйткені Абайды әлемге таныту- әлемге қазақты таныту деген сөз.

Павлодар облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button