Жаңалық

Ата Заңға 25 жыл

Алдағы 30 тамызда еліміздің Ата Заңының қабылданғанына 25 жыл толмақ. Атаулы датаға орай қандай шаралар жоспарланған және қазақстан қоғамын модернизациялау жолында басты заңның рөлі қандай? Бұл туралы ОҚК алаңында өткен баспасөз мәслихатында Аппарат жетекшісі және Конституциялық Кеңес мүшесі Бақыт Нұрмұқанов пен Унзила Шапак баяндады.

Олардың айтуынша, 24 – 30 тамыз аралығында елімізде Ата заңды ұлықтауға арналған ондаған шаралар өтпек және олардың барлығы да онлайн режимде өтеді.

Солардың бірі елордада өтетін «ХХІ ғасырдың Конституциясы – құқық үстемдігі, адам құндылығы және мемлекет тиімділігі» деп аталатын халықаралық конференция.

Онлайн басқосуда қатысушылар адам құқықтары және құндылығы, мемлекеттік тиімділік мәселелерін талқыға салмақ. Форумға халықаралық ұйымдардың өкілдері, еліміздегі мемлекеттік құрылымдардың жетекшілері мен қазақстандық және шетелдік ғалымдар қатысады деп жоспарлануда.

«Талқыға негіз болатын тақырыптар өте қызықты. Жаһандағы соңғы жағдайлар, соның ішінде коронавирусқа қатысты ахуал халықапралық жіне мемлекеттік құқықтық базаны қайта қарап,  кризистік кезеңдегі қажеттіліктерге сай жасақтау қажеттігін алға тартты. Осыған орай әлемнің әр түкпіріндегі жетекші заңгерлер, беделді ұйымдардың өкілі жиылып,  бұдан ары қарайғы конституциялық – құқықтық дамудың өзекті мәселелерін талқылайтын болады», – деп атап өтті Бақыт Нұрмұқанов.

Сонымен қатар спикерлер мереке шеңберінде Конституциялық Кеңес «Ата заң апталығы» жобасын жүзеге асыратынын хабарлады.

«Жобаның мақсаты – қоғам мен мемлекетті жаңғыртудағы Конституцияның рөлін терең түсіну, халықтың қалың жігінің назарын Негізгі Заңға аудару, «Рухани Жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасы аясында қоғамның конституциялық мәдениетін арттыру. Елдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, олардың барлығы онлайн режимде өтеді. Осы жоба аясында бүкіл ел бойынша онлайн конференциялар, дөңгелек үстелдер, тегін заң кеңестері, вебинарлар, БАҚ-қа шығу, қайырымдылық акциялары, жаңа нысандарды пайдалануға беру, пәтерлердің кілттерін, жеке куәліктерді тапсыру және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады», – деді спикер.

Сонымен қатар, Ұлттық банк жаңа мерейтойлық монеталарды айналымға шығармақ. Графикалық композицияның негізі ретінде Конституцияның 25 жылдығының ресми логотипі қолданылды. Номиналы 200 теңгелік 3 мың монета және «100 теңге» 50 мың дайындалды. Сондай-ақ атаулы дата құрметіне арнап, мерейтойлық пошта маркасын шығару  жоспарланған.

Ақпарат: Kazakh-tv.kz

Фото: sputniknews.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button