Жаңалық

Ғылым тарихы музейінің құрылғанына 10 жыл

Музей – бұл тарихи естелік пен өткен дәуірдің мұрасынсенімді сақтаушы, мәдениет пен ғылымның қалыптасуына ықпал ететін мекеме.

Музей рухани құндылықтарды сақтап, ұрпаққа насихаттауда, оларға тәлім-тәрбие беруде әрі тарихи сананың қалыптасуында ерекше рөл атқарады.
Республикамызда еліміздің этнография, өнер, тарих ескерткіштерінің бірегей үлгілері жинақталған музейлер бар. Бірақ Қазақстан ғылымының сонау қайнар көздерінен бастап бүгінгі күнге дейін дамуын көрсететін музейлер жоқ. Тәуелсіз Қазақстан ғылымының даму тарихы әлі еш жерде ұсынылмаған. Қазіргі таңда қазақстан ғылымының тарихы мемориалдық, әртүрлі мұражайларда жеке-жеке бөліктер арқылы көрсетілген. Қазақстан ғылымының тарихы музейін құру мемлекетіміздің ғылым тарихын жинақтап және талдау қажеттілігінен туындады деуге болады. Сондықтан бұл музей – Қазақстан ғылымының тарихы жайлы сыр шертетін, біздің мемлекетіміздің көпжылдық ғылым тарихын зерттеу және таныту мақсатында құрылған тұңғыш мекеме.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындардың кейбір мәселелері туралы» 2010 жылдың 11 ақпанындағы №84 қаулысының және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті «Ғылым ордасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Ғылым мұражайын» құру туралы» 2010 жылдың 1 маусымындағы №35 бұйрығының негізінде Қазақстан ғылымының тарихы мұражайын құру туралы шешім қабылданды.

Биыл Қазақстан ғылымының тарихы музейінің құрылғанына 10 жыл толып отыр. Әрине көп уақыт өтпесе де, музей қызметкерлері осы уақыт аралығында музей қорын толықтырып, музейге келушілердің қызығушылығын туғызатын әрі ғылымымыздың дамуы жөнінде кең мағлұмат беретін экспозиция құруға ат салысып келеді.

Мұражай экспозициясының құрылымы келесі тақырыптық бөлімдерден тұрады:
1. Қазақстан ғылымының ежелгі дәуірінің қайнар көздері. Қазақстан ғылымының пайда болуы. XIX ғасырдың ағартушы-ғалымдары. Мұнда Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Әли Ибн-Сина, Мұхаммед ибн Мұса Хорезми, Әбу Райхан әл-Бируни сынды ғұламалар, сонымен қоса Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Иасауи, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Қосанұлы Жалаири,Өтеубойдақ Тілеуқабылұлы, т.б. ойшылдар мен ғалымдар Қазақстан ғылымының бастауында тұрды.
Қазақ халқының көшпелі өмірі, қазақтардың мәдениеті мен тұрмысы туралы жазбаша мәліметтер қалдырған орыс зерттеушілері А.И.Левшин, П.И.Рычков, В.В.Бартольд, В.В.Вельяминов-Зернов, П.П.Семенов-Тян-Шанский, т.б. Қазақстанды географиялық, этнографиялық тұрғыда зерттеп, ғылымымыздың дамуына ерекше үлес қосты.
Сонымен бірге ХІХ ғасырдағы қазақтың ұлы ағартушылары Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин артынаүлкен ғылыми мұра қалдырды. Қазақстан ғылымының пайда болуы мен дамуы, қазақ даласының ойшылдары мен ғалымдары жөнінде кең ақпаратты біздің музейден алуға болады.
2. Кеңес дәуірінде Қазақстан ғылымының қалыптасуы мен дамуы. Қазақстан ғылымының қалыптасуына үлес қосқан Алаш зиялыларының қызметі мен ғылыми мұрасы, 1932 жылы Қазақстанда тұңғыш рет Кеңестік Ғылым академиясының Қазақстандық базасының ашылуы, 1938 жылы базаның КСРО ҒА Қазақ филиалы болып қайта құрылуына қатысты, 1940 жылдары республикалық ғылым академиясын ашуға қатысты дайындық жұмыстары туралы, 1946 жылы Қазақстанның Ғылым академиясының ашылуы, 1950-ші жылдардан Тәуелсіздік жылдарына дейінгі бас ғылым ордасының қызметіне қатысты жәдігерлер келушілер назарына ұсынылған. Сонымен қатар музейде ҚазКСР ҒА-ның тұңғыш президенті Қ.И.Сәтбаевтың, әр жылдарда академияны басқарған Д.А. Қонаев, Ш.Ш. Шөкин, Ш.Е. Есенов, М.Ә. Айтхожин және т. б. өмірі мен қызметіне қатысты музей қорындағы экспонаттар экспозицияға қойылған.
3. Тәуелсіз Қазақстан ғылымы.1991 жылы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін отандық тарихымызда жаңаша есептеу басталды. 1992 жылы Қазақстан ТМД елдерінің алғашқыларының бірі болып «Ғылым және ғылыми-техникалық саясат туралы», ал 2001 жылы алғаш рет «Ғылым туралы» заң қабылданды.
Соңғы жылдары мемлекетіміздің ғылыми-зерттеу институттарының зерттеулері, оның ішінде жаратылыстану ғылымдары, минералды шикізаттарды өңдеу, ауыл шаруашылығы, ғарыштық технологиялар, т.б. салалардағы қол жеткізген жетістіктеріне музей экспозициясында ерекше көңіл бөлінген.

Қазақстан ғылымының тарихы музейі мәдени құндылықтарды сақтап қана қоймай, мәдени-ағартушылық, ғылыми қызметті жүзеге асырады. Музей қызметкерлері экскурсиялар, лекциялар, мектеп оқушыларына және колледждер мен ЖОО-дың студенттеріне тақырыптық кездесулер өткізіп тұрады. Еліміздің және шетелдік көрнекті ғалымдарының қатысуымен өткізілетін ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастыру Қазақстан ғылымының тарихы музейі қызметінің негізгі бағытының бірі болып табылады.
Қазақстан ғылымының тарихы музейі замануи технологиялармен жабдықталған. 2015 жылдан бастап музейде «IZI.TRAVEL» бағдарламасы қолданылады, яғни музейге келушілер ұялы телефонның көмегімен орыс және ағылшын тілдерінде музей экспозициясына қатысты мәліметтермен толық таныса алады. Замануи технологиялар, оның ішінде LED-экран, сенсорлық дүңгіршектер, бірнеше тілде ақпарат беретін бағдарламалар арқылы музей қызметкерлері келушілердің Қазақстан ғылымы тарихы мен келешегіне деген көзқарасын қалыптастырып, ұлттық құндылықтарымыздың сақталуына ықпал етеді.

Қазақстан ғылымының тарихы музейінің қорын толықтыру бойынша жұмыстар үздіксіз жүргізіліп келеді. Бүгінгі күні музей қорында Қазақстан ғылымы тарихының пайда болуы мен дамуын сипаттайтын жәдігерлер сақталған. Еліміздің көрнекті ғалымдары, олардың отбасы және ғылыми-зерттеу институттарымен келіссөздер жүргізіліп, музей қорын жинақтау ісі өз жалғасын табуда. Музей заттарын есепке алу, сақтау, тіркеу, толықтыру жұмыстары үнемі жүргізіліп отырады. Музей қорындағы жәдігерлер, тарихи құжаттар мен фотосуреттер, архив деректерін көрермен назарына ұсыну арқылы жас ұрпақты Қазақстан ғылымының тарихын танып, құрметтеуге септігін тигізеді.

Қазақ халқының асыл мұраларын, ұмыт болған тарихын қазіргі ұрпақтың жадында жаңғыртатын, санасына сіңіретін, сонымен қатар, ел тарихын барша әлемге паш ететін, шет елден келген қонақтарға еліміздің тарихы мен мәдениетін танытатын бірден-бір мекеме музей болып қала бермек. Сондықтан болашақта музей ісін дамыту, оның ішінде мәдени қазынамыз бен рухани мәдениетімізді заман талабына сай мультимедиалық тәсілдермен келешек ұрпаққа жеткізу басты міндет болмақ. Қазақстан ғылымының тарихы музейі ұлт мақтанышына айналған ортағасырлық кемеңгер ойшылдардың еңбектерінен бастап бүгінгі көрнекті ғалымдар мен олардың ғылымда жеткен жетістіктеріне назар аударуды ұсынады.

Бүгінгі эпидемиологиялық жағдайға байланысты музей экспозициясымен және еліміздің ғылымына қатысты ақпараттармен әлеуметтік желілер арқылы танысуға болады.

Instagram парақшасы – https://www.instagram.com/mikn.go/ ;

Facebook парақшасыhttps://www.facebook.com/mikngylym

Басқа материалдар

Back to top button