Жаңалық

Көшербаев Президент жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссияның отырысын өткізді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен бейне конференц байланыс режимінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен бейне конференц байланыс режимінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Отырыста екі мәселе талқыланды: «Мемлекеттік органдар қабылдап жатқан көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралардың тиімділігі туралы» және «Мемлекеттік бақылау мен қадағалауды одан әрі жетілдіру, бақылау объектілерін мониторингілеудің тиімді тетіктерін және бұзушылықтарды анықтаудың пәрменді өлшемшарттарын енгізу».

Жиында Ұлттық банктің, Бас прокуратураның, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Қаржы, Ұлттық экономика, Денсаулық сақтау министрліктерінің бірінші басшыларының, сондай-ақ Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің баяндамалары тыңдалды.

Бірінші мәселені қарау кезінде көлеңкелі экономиканың мемлекеттердің дамуына теріс әсері, олардың экономикалық қауіпсіздігіне қатер төнуі және сыбайлас жемқорлық көріністерімен тығыз өзара байланысы талқыланды.

Атап айтқанда, жекелеген сараптамалық бағалаулар бойынша елімізде көлеңкелі экономиканың көлемі ЖІӨ-нің 20%-нан асады.

Осыған байланысты оны төмендету бойынша бірқатар шаралар қабылдануда, оның ішінде, 2019-2021 жылдарға арналған Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі қабылданған іс-шаралар жоспары, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру, мемлекеттік сатып алуға қатысушыларды қазынашылық сүйемелдеуді енгізу, қолма-қол ақшасыз төлемдердің инфрақұрылымын дамыту мәселелері қолға алынған.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде жеке және заңды тұлғалардың шоттардан қолма-қол ақша алу үшін сомалардың шектерін белгілеген нормативтік құқықтық актілер қабылданды.

Қолма-қол ақшасыз төлемдерді пайдалануды кеңейту және банктік емес төлем жүйелерін дамыту жөніндегі 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді.

Құқық қорғау және арнайы органдар жедел алдын алу іс-шараларын және Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі бірлескен жоспарды іске асыруда.

Қабылданған шаралар бөлшек секторда қолма-қол ақшасыз төлемдердің өсуіне қол жеткізді.

Сонымен қатар жыл сайын ақшалай қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырудың жиынтық көлемі өсуде.

Осыған байланысты Президенттің «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасы мен «Бірге» жалпыұлттық акциясы барысында алынған ұсыныстарды іске асыру жөніндегі шаралар Іс-қимыл жоспарымен мемлекеттік органдардың алдына көлеңкелі экономика деңгейін 2021 жылға қарай ЭЫДҰ елдерінің көрсеткішіне дейін, яғни, 15-17%-ға төмендету міндеті қойылды.

Екінші мәселені қарау кезінде оның кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау саласымен тығыз байланысы атап өтілді, оның шеңберінде үлкен мақсатты жұмыс жүргізілуде, ал 2019 жылғы 11 желтоқсанда бизнесті заңсыз әкімшілік қысымнан және қылмыстық қудалау қаупінен қорғау проблемалары Президент жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында қаралды.

Мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесін жаңғырту Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында, Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеудің 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасында және «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында көзделген.

Бұл бағдарламалық құжаттар тексерулерді қысқартуды, бақылау функцияларының қайталануын болдырмауды, тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыруды, анықтау мен жазалаудан алдын алуға және реттеушілік талаптарды ерікті орындауға қайта бағдарлауды және басқаларды көздейді.

Қабылданған шаралардың барлық спектрі көпжылдық, ескірген практиканы, сондай-ақ, мемлекеттік бақылау және қадағалау саласындағы көзқарастар мен тәсілдерді айтарлықтай өзгертуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар олар аталған салада жетілдіруді қамтамасыз ету үшін әлі де жеткіліксіз, ал цифрландыру саласындағы прогресс бизнес-субъектілердің қызметіне араласпай мониторингтің тиімді тетіктерін енгізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ қаралатын мәселенің өзектілігін кәсіпкерлердің Президент Әкімшілігіне түсіп жатқан шағымдары, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы мен бизнес-омбудсменнің позициялары куәландырады.

Отырыс қорытындысы бойынша Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаев көлеңкелі экономикаға тиісті қарсы іс-қимылды қамтамасыз ету, сондай-ақ, Мемлекет басшысының талаптары мен бағдарламалық құжаттар аясында мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жетілдіру жөнінде тапсырмалар берді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button