Жаңалық

Қазақстанға қандай журналист керек?

Жаңа тұрпатты журналист дайындауға көшу керек. Бұл туралы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов мәлім етті.

«Қазір коммуникация қарыштап дамып жатыр. Әлеуметтік желі, блогосфера, видеоарналар, веб-радиолар, мультимедиалық гаджеттер, подкастар және басқалары – журналистиканың жаңа моделін дүниеге әкелді. Осы орайда журналистика теориясы мен практикасы мамандары заман талабына сай жаңа білім бағдарламаларын әзірлеп, жаңа тұрпатты журналист дайындауға көшуі керек. Оған университеттер дайын», – деді Е. Сыдықов онлайн-форматта «Қазақстан Республикасындағы журналистика деңгейі» тақырыбында өткен талқылау барысында.

Оның пайымынша, бүгінгі БАҚ, журналистика ел дамуында, қоғамды басқаруда елеулі рөлге ие.

«Журналистика кәсіп, қызмет, мамандық болудан гөрі үлкен міндет арқалаған миссияға айналды. БАҚ – электорат сенетін ақпарат көзі. Сондықтан да қазір коммуникация құралдары айқындайтын халық билігі туралы айта бастасақ та болады. Бұл болашақ журналистерді дайындау барысында біздің жауапкершілігіміздің арта түсетінін тағы бір дәлелдейді», – деді ЕҰУ ректоры.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ЕҰУ ректоры журналист даярлау үдерісіне «авторлық білім бағдарламаларын» енгізуіміз керектігін айтты. Сонымен қатар ол әр телеарна мен радиоарнада журналистика кафедраларының филиалын ашу туралы ұсынысын жеткізді.

inform.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button