Жаңалық

Қара Аққу феномені (аударма)

Насим Николас Талебтің «Қара Аққу» (Black Swan) атты еңбегі – кітап дүкендерінде сөреден түспей, тұрақтап қалған, санаулы бестселлердің бірі.

Әлі де сұранысқа ие деген сөз. Sunday Times оны «Екінші жахандық соғысынан кейін шыққан ең әспетті 12 кітаптың бірі» деп атаған. Қатардағы көп шығарманың бірі емес, маңызды, мазмұнды дүние болғандықтан жоғары бағалаған.

Австралия құрлығына аяқ артқанға дейін Еуропа халқы аққулар ақ түсті болады деп білген. Сондықтан шырышы бұзылмаған шалғай құрлықта қара түстісін жолықтырғанда мейлінше таң қалған. Бағзыдан келе жатқан тамырлы түсінік, ғылыми тұжырым бірден өзгерген. Жер бетінің ғылымын түгескен оқымысты жұрт бұрнағы байыбынан айнуға мәжбүр болған. Бұра тартуға, көпе-көрнеу айғақты басқаша тәпсірлеуге кімнің батылы бармақ?! Бұл оқиға адам баласының мүмкіндігі шектеулі, қарымы қысқа екенін, ашылмаған жаңалықтардың әлі де көп екенін тағы да көрсеткен. Оның үстіне, бір ғана дәйекті дәлелдің көп жылдар бойы қалыптасқан қандай да қағиданы жоққа шығара алатын қауқары барын және әйгілеген. Насим Николас Талеб атаулы мәселені қаузай отырып, аса тағылымды түйіндер жасайды.

Автор тарихты – бірсыдырғы даму жолы емес, тұтқиылдан төніп келетін оқыс оқиғаларға толы, соқтықпалы соқпақ деп біледі. Баяу өзгерістер тек парадигма ғана, ал шынайы тарих – екпіні таудан жазыққа құлаған селдей, қым-қуыт оқиғалар тізбегі. Автор осы бір ақиқаттың басын ашып алады да, болашақ оқиғаларды, бұрылысты кезеңдерді анықтауға тырысатын «эксперт» қауымын түйреп, сынап өтеді. Уол Стритта болжам айтумен байлыққа кенеліп жүрген білгіштердің шалағай шешімдерін әшкерелеп, сәуегейлікке құмар экономисттердің түсінігі түйте екенін дәлелдеп бағады.

Талеб «Қара Аққуды» әдепкі болжамға сыймайтын, әсер-ықпалы ауқымды, шетін оқиға деп сипаттайды. Оны күнібұрын танып-білу мүмкін емес, болары болып, бояуы сіңген соң, байыптап қарағанда болжамға келетіндей боп ұшыраса да, алданбаңыз, онда белгілі бір заңдылық та, қисын да жоқ. «Қара Аққу» – қайғылы, қасіретті ғана емес, мерейлі, думанды да оқиға. Жер астынан шықса болды, құлағы тік шыға ма, қалқиып шыға ма, онша маңызды емес. Күтпеген жерде, ойламаған уақытта пайда болып, алапат өзгерістер әкелсе жетеді.

Айттық. «Қара Аққу» санатындағы оқиғаларға болжам жүрмейді. Тырысып көрудің өзі – бос әурешілік. Автор күрделі модельдерді қызметке жегіп, 30 жылдан кейін мұнай бағасының қандай болатынын анықтауға талпынғанша, келесі жаздағы бағалардың өзін дәлді айтуға қауқарсыз екеніңізді мойындаңыз, дейді. Әйгілі эксперттер қанша жерден дәйек келтірсе де, көбінеки шалыс кетіп жатады. Арыдағы тұрыпты, берідегі оқиғаның ықтимал сұлбасын тануға да жарамайды. «Сондықтан оларға мүмкіндігінше азырақ құлақ асыңыз», – дейді Автор. Себебі құнсыз әрі байламсыз күнделікті жаңалықтар ағыны кісі ұлының ой-өрісін шектейді, парықты пікір тудырып, мардымды жоба тоқуына бөгесін жаратады, рухын тарылтады, өзіне деген сенімін азайтады.

Әлбетте, көп білетін Талеб келешекті болжау – әбес, ол туралы сөз көтеру –теріс, мұндай кеселді әдеттен арылу – парыз, әйтпесе, зиянға шығасыз, демейді. Айтпағы – «Қара Аққу» аталатын тосын оқиғалар төтеннен килігіп, тұтқиылдан тиіседі. Тереңнен тартылған жоспарға да, сәуегей болжамға да сыймайды. Оларды ертеден ойланып, бас қатырғанша, алда-жалда бола қалса, қапаланбаңыз, қалтқысыз қабылдаңыз. Елден бұрын ескеруім керек еді, деп күйзелмеңіз.

Үлкен істерде қателескеннен гөрі, ұсақ-түйекте ұтылған жақсы. Осы арада Талеб «құласаң нардан құла» деген мәтелмен келіспейді. 40-50 жылдан кейін орын алуы мүмкін құбылыстарды түсіндіретін ғұламаны тыңдағанша, тақау уақытта бар ісіңізге кеселі тиетін проблемаларға назар тоқтатқан абзал, дейді. Оның айтуынша, келешекке қатысты айтылған қандай да дәйекті сөзді, сындарлы стратегияны салқын парасатпен парықтау қажет. Болмаған дүние болғандай боп, бар бояуымен, нанымды баяндалса да, безбенге салыңыз. Алыстағы елесті оқиғадан жақындағы бүкпесіз шындықтың салмағы ауыр, салдары күшті екенін жадыңыздан шығармаңыз.

Аталмыш кітап ассиметриялық нәтижелерді идеялық қазық етіп алады. Мағнасы – әлдебір жағдайдың қашан және қалай орын алатынын тап басып айту қиын, бірақ оның салдары қандай болатынын ой-жотамен болса да, байыптауға болады. Ендеше, пәлен оқиғаның болып-болмауы турасында түн ұйқыны төрт бөліп ойланғанша, ол бола қалған жағдайда әсер-ықпалы қандай болуы мүмкін, соны есептеген дұрыс.

Бұл қағида – атақты философ һәм математик Блэз Паскальдің құрметіне Паскаль бәсі (Pascal’s wager) деп аталған. Себебі Паскаль кезінде: «Құдайдың бар-жоғын білмеймін. Егер, түптің түбінде, Құдай жоқ боп шықса, онда атеист ретінде ешнәрсе ұтпаймын. Ал егер бар боп шықса, жоғалтатыным шаш-етектен», – деп толғанған екен.

Насим Талеб атаулы қағиданы құбылнама есепті алады да, әр түрлі контекстіге көшіреді. Түпкі мағнасы – кісі ұлы сәуегейлікпен айналысқанша, үлкен оқиға бола қалған жағдайда ұпайының қандай болатындығын ойланғаны абзал дегенге саяды. Таразы басы қай жаққа ауады, безбеннің басы қай жаққа еңкейеді, сол маңызды. Мәселен, Талеб кітаптың бір қалтарысында: «Жер сілкінісі бола ма, болмай ма, о жағын білмеймін, бірақ оның Сан Франциско қаласына тигізетін зардабын шамалай аламын», – дейді.

Шындап келгенде, атаулы қағиданың аясында тұтас шешім қабылдау теориясын жаратуға болады. Мақсат – «Қара Аққу» деген категорияға жататын тосын оқиғалардың салдарын азайту, өрісін шектеу, ықпалын кеміту. Мәселен, ойда-жоқта нарықта дүрбелең басталса, сіздің инвестициялық портфолиоңыз өлшеусіз зиян шегуі мүмкін. Мұндайда не істеу керек?! Алмағайып уақытты күтіп жүйкеңізді жұқартпаңыз, әр қилы «эксперттік» долбарды тыңдап бас ауыртпаңыз. Ең дұрысы – инвестицияңызды сақтандыруға әрекет қылыңыз, я да ақшаңызды тәуекелі шектеулі жобаға салыңыз.

«Себебі» деген сөздің кесірі көп

Оқу-білім төңірегінде жүрген ғалымдар мен эксперттерді аяусыз сынап жүрген Талеб ғылыми кітаптар мен журналдарда шаң беретін «себебі» деген сөзге әсіресе шүйлігеді. Пәлен оқиғаға түген оқиға тамызық болды деп кесіп-пішетін білгіштердің «сәті түсті», «орайы келді», «бағы жанды» деген сөздерді жақтырмайтынын, әдейі айналып өтетінін қадап айтады. Өткенді де, бүгінді де белгілі бір теорияға сыйғызып үйренген ғалымдар барлық нәрседен қисын іздеуге талпынады. Болып кеткен оқиғаның болмысын тани отырып, ертеңгі әрекетті есепке құрғысы келеді. Автор айтады, бұл –тосыннан тап келетін, қандай да жоспарды шылпара қылатын, «Қара Аққу» деген феноменді мүлде елемеу, деп. Мәселен, ескілікті бір тарихи оқиғаға ұйытқы болған негізгі «себеп» таңбаға түспеген шығар. Тірі қалғандардың сөзімен сыпатталған әлдебір қауға сол кезде жер құшқан талайсыз жандардың тілінде басқаша сайрауы мүмкін еді ғой?! Жұмған аузын ашпай кеткен кісілер мен қағазға түспей қалған жайттарды Автор – «silent evidence» деп атайды. Тергеусіз жеткен мәтіндер кейінде күмәнсіз ақиқатқа айналып, өткенге қатысты талай тұжырымды бекітіп тастағанын түңіле жазады. Ал, шындығында, барлығы басқаша болған шығар.

Автор мол түсімді бизнес көтеріп, мақтауға ілінген кәсіпкерлердің болмысын ақтара зерттейтін, «бүкпесіз» жазатын кітаптар мен мақалаларға да күдіктене қарайды. «А деген бизнесменді жетістікке жеткізген «батылдық», «шешімталдық», «еңбекқорлық», «білуге құмарлық» сынды қасиеттер қол созған мұратына жете алмай, пұшайман болған Ә деген кәсіпкерде мүлде жоқ па еді?!», – деп сұрайды. А-ның жетістікке жетуіне себесін болған факторларды анықтау үшін оның бойындағы қасиеттерді ғана түгендемей, сағы сынған, тауы шағылған Ә-нің бойындағы кемістікті де қадағалап қарау керек шығар, дейді. Әйтпесе, жарымжан теория туады, шалағай модельдер жасалады. Жетістікке жетуді ойлап жүрген жас та, жасамыс та осындай теориялар мен модельдерді басшылыққа алса, ілгеріде бағыт-бағдарсыз қалады, шытырманға түседі, адасады.

Осылай толғанып отырып, Талеб әлем мойындаған біртуар жазушы Бальзакқа кеп тиіседі. Ерікеннен емес, көп білгеннен. Сүйегі ливандық болғандықтан, Талебтің французшасы төрт аяғын тең басып тұр. Жарияға шыққан-шықпаған үлкенді-кішілі француз жазушыларын тексеріп, бойлап оқыған. Еуропаның үш мыңжылдық даналығымен жан-жақты танысқан. Білімінің тереңдігі мен танымының кеңдігінде күмән жоқ. Сол үшін оның Бальзакқа қатысты пікірін ұшқары емес, қитықты деп түсіну керек.

Автор айтады, Бальзак айрықша талант иесі болған деп кесіп айтудан бұрын мынадай сұраққа жауап беру керек, деп: Бальзакты даралаған – «реализм», «тереңдік», «сезімталдық», «кейіпкерлерді суреттеу», «оқырманды елтіп әкету» сынды сыпаттардан атаққа шықпаған басқа жазушылар жұрдай ма еді?! Шындап келгенде, айтылмыш қасиеттер көп қаламгерде болды. Өкініштісі, дер кезінде ескерілмеді, әзиз есімдері ұмытылып, үздік шығармалары шаң басып архивтерде қалды. Талеб таланты теңіз қаламгерлердің ілтипатқа алынбай, солармен деңгейлес Бальзактың құрметке жетуіне себеп болған – «бармақтай бақ», деп тұжырады.

Автор француздың бетке ұстар жазушысын мүлде дарынсыз еді демейді, алайда, оның «айрықша» дарын иесі болғанына да сенбейді. Баспа үйлерінің қолжазбаны тиісінше оқымай, бірден қайтарып тастайтын бүгінгі мінезі бұрын да болған, дейді. Бума-бума қағаздар баспа бетін көрмей, қалың оқырманға жетпей, қыршыннан қиылған. Жаңалыққа толы, асқаралы туындылар бей-берекет тәлкекке түскен. Бүгін де солай! The New Yorker-дің өзі күніге кем дегенде жүз қолжазбаны кері қайтарады. Айтары бар талай гений осылайша сергелдеңге түсіп, сүргінге салынған шығар. Баспа үйлерінің қолайына жақпаған, құты ауған серектер қосақ арасында кетіп, кор болған шығар. Қазіргі таңда Францияда қалам тербеуге бекінген жазармандардың түгелге жуығы алғашқы шығармаларын жарыққа шығара алмай, зықысы шығады. Себебі он мың қолжазбаның біреуі ғана қабылданып, жарыққа сына табады екен. Не деген ысырап?! Енді, жүрген жолын қырсық шалған көп талапкердің ішінде сүбелі ой, жебелі сөз айта алатын қанша «Бальзак» бар еді?! Есептеу мүмкін емес.

Әлем біз ойлағаннан анағұрлым бай

Талебтің жастық шағы соғыс өрті шарпыған Ливанда өтті. Айтуынша, халық қан жұта шайқасып жатқанда ол жертөледе жатып, таңды таңға қосып, кітап оқыған. 1980 жылдар мұғдарында карьерасын қаржы нарығының сарапшысы боп бастаған оқымысты жігіт ғалымдардың ықтималдылықты (probability) жаңсақ ұғынатынын, теріс ұғындыратынын байқайды. Айдар мен мазмұнның көбінше сәйкес келе бермейтінін ерте түсінеді. Күмән-күдігін әбден сейілтіп, іргесін бүтіндеген соң, көп ұзамай, азуы алты қарыс Нобель лауреаттарына қырғидай тиеді. Мақтауға ілінген мықтыларды аяусыз сынап, тасада қалған талайсыз ғұламаларды жақсы атқа шығарады. Құрметке бөленбей қалған, атаққа ілінбей қалған тұлғаларды төрге оздыру арқылы дүниенің қаншалық бай екенін, қаперге алынбаған асылдың көп екенін дәлелдеуге тырысады. Бұл – өзінің сөзі.

Нассим Талеб: «Статистикаға сүйене отырып тұрлаулы ой айту мүмкін емес», – дейді. Бір-бірімен ұғымсыз ұштасқан ұзынды-қысқа формулалар бұлдырды сейілтпейді, бұлыңғыр болашақтың ақиқат жүзін ашпайды. Ол ол ма, «Қара Аққумен» жүздесе қалған жағдайда машықты эксперттер барды белгілеп, болмақты ескертуге де жарамайды. Кейде болмашыны аспандатып жіберсе, кейде тәуір дүниені мүлде ескермей, жадағай тастайды. Технология да сондай сатыдан өткен. IBM компаниясының іргесін көтерген марғасқа кезінде: «Адамзатқа санаулы компьютер де жетеді», – деп тон пішкен. Технологияның құрығы ұзарып, барлық үйге жол табады деп білмеген. Әу баста, қарымы шолақ, қажеті шамалы болады деп сенген. Дәп солай, ғалымдар болашақта лазер арқылы көзді емдеуге болады деп ойламаған. Ауқымы мен ықпалын кезі келіп, кезеңі жеткенде жұрт қатарлы таныған да, талассыз мойындаған.

Рас, Талеб мейлінше даулы мәселені қозғап отыр. Толғамдары мен түйіндерінің кемістік-кінәраты аз емес. Өмірдегі барлық мәселеде істің сәті шеше бермейді. Блокбастер атанған фильмдер, бестселлер атанған кітаптар бағы жанғаннан, орайы келгеннен тұғырға көтерілмеген. Ұтқыр ой, зерделі зерттеу, тартымды маркетинг болмаса, олар да тасада қалып, татымсыз боп саналар еді. Көзеген мұратқа еңбексіз жету мүмкін емес. Себебін жасау керек.

Дей тұра, Талебтің «Қара Аққудың» қашан болатынын күтіп сары уайымға салынғанша, салдарын шамалап, алдын ала қам жасаңыз деген кеңесі кеңес-ақ. Тәлкекке көнбеймін деп бұлданғанша, ерте бастан ұпайды түгендеу анағұрлым қисынды. Дүние кері айналса, көрешегім не болмақ деп ара-тұра ойлану кесімі қиын көп түйткілді жоқ қылмаса да, соққысын азайтып, салмағын кемітеді, бәлкім, тіпті, дәрменсіз кепке түсіреді.

Тәрізі, кәсіпкердің ең ұтымды стратегиясы – қолдағы мүмкіндіктерді толыққанды пайдалану. Ал бірақ, тұтқиылдан төтенше оқиға килігіп, барлық жоспар шылпара болса ше?! Кәсіпкер осыны да ойлағаны дұрыс. Басына қыстау күн туса, иіліп барып қайта серпілуге мүмкіндік беретін қосалқы жоспар, жансебіл амал дайындасын.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button