Жаңалық

Қасқа жолдан Конституцияға дейін

 «Қазақ» атауының жер жүзінде пайда болғанына мың жылдан астам уақыт болды. Яғни «қазақ» сөзі сонау IX-X ғасырлардан бері қолданыста бар. Сол азғантай ғана халықтан құралып бастаған бір ұлт араға 500 жыл салып өзі дербес мемлекеті – «Қазақ хандығын» құрады. Биыл Қазақ хандығының құрылғанына 555 жыл.

Біз қазір дамушы мемлекет қатарындамыз. Өз Ата Заңымыз бар. Бірақ бұл біздің бабаларымыздың заңға бағынбағандығын білдірмейді. Керісінше, қазақ даласына алғашқы заңдар сол атам заманнан бері қалыптасқан. Ежелгі Алаш жұрты сүйенген заң ережелері «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» және Әз Тәукенің «Жеті жарғысы». Бұл үш ханның құрған заң ережелерін әрбір қазақ біледі және білуге міндетті де.

Алғашқы заң Әз-Жәнібектің ұлы Қасым ханның тұсында пайда болған. Қазақ даласының ең алғашқы құқық-нормалары болып аталып кеткен Қасым ханның заңы ата-баба тарихында ежелден қалыптасқан салт-дәстүрлерді негізге ала отырып құрастырылған. Бұл заң құран талаптарына қайшы келмейтін қазақи ғұрып ерекшеліктерін сақтайды. Атап айтсақ, жеті атаға дейін үйленбеу, әмеңгерлік, қазылық билік және т.б. Қасым хан билерді жинап жарғыға «ақсақалдар ережесі», «ата-баба жолы», «жөн-жосықтар» атты бірнеше ережелерді енгізеді. Қарапайым халық ханның ежелден бергі елде қалыптасқан билер заңына өзгеріс жасап, оған қосқан жаңа ережелерін қолдап, ол заңдар жинағын «Қасым ханның қасқа жолы» деп атап кеткен. Өзгеріске ұшыраған ережелердің қатарында: мүлік заңы, қылмыс заңы, әскери заң, елшілік жоралары, жұртшылық заңы бар. Жалпы, «Қасым ханның қасқа жолы» көпшілік көңілінен оң орын тапқан заң болды. Заң XVII ғасырға дейін, яғни Есім хан дәуіріне дейін жетіп, онда жаңа атауға ие болған.

Айта кетейік, Қасым хан қазақ хандығының ішкі және сыртқы жағдайының нығая түсуіне елеулі үлес қосқан тарихи тұлға. Ол, әсіресе, елімізде ұлттар мен өзге этнос өкілдерінің басын біріктерген адам ретінде белгілі. Сондай-ақ, Қасым хан Шыңғыстың ұрпағы ғана емес, ол Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында үздіксіз билікте болған текті әулеттің өкілі болып саналады.

Қазақ даласындағы келесі заңдар жиынтығын қалыптастырушы – Есім хан болды. Ол Шығай ханның баласы, Тәуекел ханың інісі. Есім хан Тәуекел хан дүниеден озған соң, XVI ғасырдың аяғы мен XVII ғасырдың басында билік еткен. Ол таққа келгенге дейін қазақ даласындағы заң ережелері «Қасым ханның қасқа жолымен» жүрді. Алғашқы заңдар жинағына ол біраз өзгертулер енгізіп, дәстүрлі қазақ қоғамындағы заңдар жиынтығын құрған. «Есім ханның ескі жолы» деп аталып кеткен заңдар ережелерінің төрт тұғыры болған. Олар:

1. Хан болсын, ханға лайық заң болсын;

2. Батыр болсын, жорық жолы мақұл болсын;

3. Абыз болсын, абыз сыйлау парыз болсын;

4. Би болсын, би түсетін үй болсын.

Ал ережеріне келер болсақ, олар мынадай заңдардан тұрған: жерге қатысты, малға байланысты, мүліктік қатынастарға, қылмыстық істерге байланысты, әйелдердің қоғамдағы жағдайына қатысты, әскери міндеттілік туралы, дәстүрлі шаралар мен кедейлерге көмектесу туралы мәселелер.

«Есім ханның ескі жолы» қазақ қоғамында XIX ғасырдың орта кезеңіне дейін жалғасын тауып, қызмет етеді. Ол ата салтымыздың сақталуына ерекше мән беріп, қазақ халқының бірлігінің нығаюы мен шекарасының кеңеюіне үлес қосқан даңқты хан.

Кең-байтақ даламыздағы үшінші заң – «Тәукенің Жеті жарысы». Заң жеті ережеден құралғандықтан, «Жеті жарғы» деп аталған. «Жеті жарғы» – қазақтың ауызбіршілігінің орнығуына себін тигізген, барлық ежелгі қағидалардың үлгілі нұсқасы болып, халықтың тәртіп низамы мен салт-дәстүрінің жүйелі жиынтығы болған. Тәуке хан өзіне дейін сақталып келген бес тарауға, тағы екі тарау қосып оны «Жеті жарғы» деп атаған. Яғни, ол жарғыға жер дауы мен құн дауы туралы заңдарды қосады.

Ал толық жеті ережеге мыналар кірген:

1. Жер дауы заңы

2. Отбасы-неке заңы

3. Әскери заң

4. Сот заңы

5. Қылмыстық істер заңы

6. Құн заңы

7. Жесір дауы за

«Жеті жарғы» орыс деректерінде «Тәуке хан заңдары» деп аталады. Жалпы бұл заң мемлекеттің ішкі жағдайының күшейтуге бағытталған. «Жеті жарғы» заңдар ережесінің негізінде қазақ халқының тайпа, ру басылары жылына бір рет бас қосып, ауқымды тақырыптар төңірегін талқылаған. Ол бас қосу – Күлтөбенің басында өтіп тұрған. «Күлтөбенің басында күнде жиын» деп аталып кеткен жиынға Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Едіге би, Тайкелтір би, Байдали би, Қоқым би, Сасық би секілді елге сыйлы билер қатысқан. Олар «Жеті жарғы» заңдарының негізімен қоғамдық маңызы бар мәселелерді шешіп отырған.

«Жеті жарғы» заңдар жинағының негізін қалаған Әз Тәуке ханның билік құрған тұсында ұлы даланың абыройы асқақтап, көгерген шағы болады. Аталған заң ежелгі бабаларымыздан бастап, «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» негізге алып, барлығын біріктіре отырып жасалған, қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігіне ыңғайлы етіп құрастырылған ереже болды.

Жоғарыда аталған заңдар жинағының қай-қайсысы болса да көшпелі халқымыздың игілігі үшін пайдаланылып отырған. Ата-бабамыз сол заңдар арқылы ел ішіндегі бірлікті сақтап, мемлекеттің сыртқы және ішкі мәселелерін тату түрде шеше білген.

Заңдарды жүйелі түрде сақтап, оның ережелеріне сай жүру, бейбіт заман үшін алға жылжу – қазақ халқының қанында бар қасиет десек, сірә, қателеспегеніміз болар?! Себебі, 500 жыл бұрын өзіндік заңдар ережесін құрастырған дана халқымыз әлі күнге тұрақты құқық-нормаларын сақтап келеді. Әлбетте, ғасырдан ғасырға оған жаңа тармақтар қосылып жатыр. Бірақ біздің халық нендей заңдық жүйе болмасын құқықтық ережелердің қай-қайсысын да ата-баба аманаты тұрғысынан қабылдайды деген сенім де жоқ емес. Өйткені мыңдаған жылдар бойы қалыптасып, осы күнге жеткен заңдар жүйесі қазақ елінің өмірлік дағдысына айналып үлгерген.

Қазақ хандығының заңдарынан бастап, егеменді елдің Конституциясына дейін тарихи шолу жасап өттік. Олардың арасында айтылмай қалған заңдар жүйесі де бар. Мәселен, 17 тармақ, 35 баптан тұрған «Абақ керей ережесі» немесе «Төрт би, төрт заңы», 1885 жылы бес дуанның болыс билерімен бас қосып қабылданған 93 баптан тұратын «Абай ережесі», 1911 жылы тұңғыш қазақ конституциясын әзірлеген Барлыбек Сырттановтың «Қазақ елінің уставы» атты жобалық ережелерді атауға болады.

Қазіргі егемен Қазақстанның Конституциясы 1995 жылы 30 тамыз күні қабылданып, сол жылдың 5 қыркүйегінде күшіне енген. Егемен елдің конституциясының қабылданғанына биыл 25 жыл. Қазақстан тарихына кері шегінер болсақ, мемлекетіміздің тәуелсіздік алуы Ата Заңды қабылдаумен тікелей байланысты. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, тақырыпты ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының сөзімен аяқтағымыз келіп отыр.

«Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бізге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімді жинақтаған Негізгі Заң қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін баянды етуге тиіс болатын», – дейді Н.Ә. Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» атты кітабында.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button