Жаңалық

Қоғам өкілдері Жолдаудағы міндеттерге тоқталды

3 қыркүйек күні ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» ҚеАҚ-ның ұйымдастыруымен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы халыққа Жолдауын талқылау үшін дөңгелек үстел өтті.

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» ҚеАҚ Басқармасының төрағасы Данияр Есин жиынның негізгі міндетіне тоқталып, Жолдаудағы ең басты тұжырымдамаларға тоқталды:

«Бұл жылғы Жолдаудың өзектілігі пандемия жағдайында ел дамуының контурларын айқындауымен, мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын көрсетуімен маңызды болып отыр. Президенттің халыққа Жолдауы біздің Институттың қоғам санасын жаңғырту жолындағы жұмысына жаңа серпін береді деп ойлаймын. Жолдау экономикаға да, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге де жаңа импульс береді деп есептеймін», – деді Д.Есин.

ҚР Президентінің жанындағы ҰҚСК мүшесі Марат Бәшімов Жолдаудағы мемлекеттік қызметкерлерге қатысты айтылған жолдарға қатысты ойларын ортаға салды:

«Мемлекеттік қызмет халыққа ғана қызмет етуі керек. Президент Жолдауындағы бірінші қағида – халыққа қызмет, қоғаммен жұмыс деп анық көрсетілген. Мемлекеттік қызметкерлердің қасында оның сапасы жоғары деңгейде болуы тиіс. Бірақ олар өздерінің жұмыстарын кәсіби тұрғыда атқаруы керек. Бізде қазір кәсібилік жетістей тұр. Оны ашық айтатын кез келді. Президент айтып кеткендей, қазір көп жерде ұжымдық жауапсыздық орын алған», – деді М.Бәшімов.

М.С.Нәрікбаев атындағы ҚАЗГЮУ университеті музейінің директоры Изат Медешева:

«Жолдауда әлеуметтік жағдайды көтеруге байланысты бірнеше мәселелер көтерілген. Соның ішінде, әсіресе, зейнет жасына дейін қор жинақтау және сол жинақталған қорды зейнет жасына жеткенге дейінгі аралықта Қазақстан азаматтарына белгілі бір мөлшерін денсаулығын түзетуге, баспана жағдайын дұрыстауға және балаларын оқытуға, яғни білім алуға мүмкіндік береді деген мағынадағы жолдар халықтың көкейіне қонды деп ойлаймын.

Бұл жолдаудың басқадан айырмашылығы, маңыздылығы мынада деп ойлаймын. Пандемияны халықаралық беделді ұйымдардың ақпараты бойынша, екі жылға созылатындығы туралы айтылады және экономикалық жағдайдың түзелуіне әлі де бес жыл қажет болады деген ақпаратты жолдаудың басында ашық көрсетеді.

Жолдауда берілген дүниелердің ішінде маған қатты ұнағаны – мемлекеттік басқару ісіне азаматтарды тарту мәселесі және экотуризм жайы. Бұған дейін бізде «Сокралды география» жобасы жақсы қолға алынған еді. Бірақ менің ұғымымда сокралды география тек киелі жерлер мен белгілі бір орындар ғана болуы тиіс емес. Себебі қазақ ықылым заманнан сыртқа шығатын кезде қалтасына бір уыс топырақты түйіп алып шыққан. Бір уыс топырақ «ата кіндігі байланған» деген сөз. Бүкіл Қазақстанның территориясы – киелі георафия. Яғни экотуризмге аймағымыз негіз болады. Жолдаудың ішінде «жер сатылмайды», – деп айтылады. Ол дегеніміз – қоғамдық көзқарастың өзгеруіне бірден-бір түркі болатын негізгі тетік. Осымен-ақ халықты алуға болады. Аңыздарда айтылады, әлдекім жалға сұрайды – береді, астындағы жүйрік сәйгүлігін сұрайды – береді. Бірақ жерін сұраған кезде ол орнынан тұрады деп». 

Сондай-ақ іс-шараға «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ вице-президенті Жақсылық Сәбитов және сарапшылар қоғамы мен ғылыми-зерттеу құрылымдарының өкілдері, танымал заңгерлер, балалардың құқықтарын қорғау ұйымдарының, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғылыми және шығармашылық интеллигенциялар, танымал қоғам қайраткерлері және мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button