Жаңалық

17 жауынгердің сүйегі табылды

«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі Кеңес Одағының батыры «Мәншүк Маметова» атындағы іздеу тобымен бірлесе отырып Батыс Қазақстан облысы аумағында Екінші дүниежүзілік соғысы жылдары қаза болған Тынық мұхиты флотының теңіз жаяу әскері мен бейбіт тұрғындардың сүйектерін іздеуге бағытталған археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуде.

Кеңес Одағының батыры «Мәншүк Маметова» атындағы іздеу тобынан Сайқын ауылы маңында Тынық мұхиты флотының теңіз жаяу әскерінің сүйектері табылды деген ақпарат келді. Олар 1942 жылдың қазан айында Батыс Қазақстан облысының аумағына әскер бөлімдерінің орналасуы барысында қаза болған. Теңіз жаяу әскерімен бірге соғыс жылдары болған бомбалаудан бейбіт тұрғындар да қаза болған.

2015 және 2017 жылдары жергілікті іздеушілер топтарымен Батыс Қазақстан облысында қаза болғандардың сүйектері табылып, Батыс Қазақстан облысы, Бокей ордасы ауданы, Сайқын ауылында жерленген. Ресми деректер бойынша 38 теңіз жаяу әскері болған. Қазіргі таңда 17 жауынгердің сүйегі табылып, алдыңғы жылдары жерленген.

«Іздеу жұмыстары толықтай орындалмаған. Із-түссіз болып есептелетін, сүйектері табылмаған солдаттар мен бейбіт тұрғындар әлі де көп. Осы орайда Батыс Қазақстан облысының аумағында (Бөкей орда ауданы, Сайқын ауылы, Равнинная станциясы) «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі және Кеңес Одағының батыры «Мәншүк Маметова» атындағы іздеу тобының күштерімен 14 күнге созылатын қазба жұмыстарын өткізу туралы шешім қабылданды» – «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Мұрат Молдағалиев.

Бұл аймақ соғыс жылдары майдан жанындағы аумақ болып есептелген. Көп мәрте бомбаланған. Астрахан – Саратов темір жолы бойында 40-50 бауырластар зираты бар. Бұл жол арқылы қару-жарақ, дәрі-дәрмек және Сталинград шайқасына қатысқан солдаттардың амунициясын тасымалдайтын эшелондар өтетін. Дәл осы факт бомбалауға себеп болған. Сол жылдары жауынгерлер мен бірге жергілікті тұрғындар да қаза болды. Жерлеу рәсімі дұрыс сақталмай, оларды тез жерлеген. Сондай бауырлас зираттардың тереңдігі үлкен емес. Соғыстан кейінгі жылдары жерді жырту барысында жергілікті тұрғындар қаза болған жауынгерлер мен тұрғындардың сүйектерін тапқан. Кейін оларды жерледі. Бірақ, бұл әрекетті ешкім құжаттаған жоқ, сондықтан іздеу және сәйкестендіру процессі анағұрлым қиындайды.

Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясының және Украинаның елшіліктеріне сол мемлекеттердің аумағынан соғысқа кеткен солдаттардың сүйектерін іздеу жұмыстары туралы хабарландыру жіберілді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button