Жаңалық

География ғылымы – біз өмір сүретін әлем

«География» дегеніміз не, қандай салаларға бөлінеді, қашан пайда болған, «география» ғылымын ашқан ғалымдар кімдер, жер беті қанша қабаттан тұрады, олар нені зерттейді? Қысқасы, біз өмір сүріп жатқан әлем мен оның ішкі құрылысы кімді де болмасын қызықтырары сөзсіз. Ал ол әлемді тереңнен зерделейтін ғылым – география.

География ғылымы нені зерттейді?

География ғылымы грек тілінен аударғанда «гео – жер, графо – жазу» деген мағынаны білдіреді. Ол ғаламшардағы табиғат әлемін, халықтар және олардың шаруашылық іс-әрекеттерін зерттейді. География ілімі екі салаға бөлінеді: физикалық және экономикалық. Географ П.И. Броунов «географиялық қабық» терминін ұсынған. Географиялық қабық литосфера, гидросфера, атмосфера және биосферадан тұрады.

Литосфера – Жердің қатты қабаты.

Гидросфера – Жер ғаламшарының су қабығы.

Атмосфера – Жердің ауа қабығы.

Биосфера – Жердің тіршілік қабаты.

Физикалық география қандай салаларды қамтиды: геоморфология, климатология, океанология, гидрология, топырақ географиясы, геоботаника, зоогеография, гляциология, геокриология.

Экономикалық география қоғамдық өндірістің аумақтық ұйымдастырылуын және де өндірістік дамуды зерттейді.

География ғылымының даму тарихы

География – өте ерте ғасырда пайда болып, қалыптасқан ғылым. Мәселен, б.з.б. 6 ғасырда «жалпы жертану» (Аристотель), елтану (Геродот) бағыттары айқындала бастады. Ал б.з.б. 1-2 ғасырларда Страбон «Елтану», Птолемей «География жөніндегі нұсқауы» атты еңбектер жазды. Жалпы алғашқы географиялық мәліметтер Шығыстың жазба деректерінен шыққан деседі. Грек ғалымы Эратосфен «География» атты еңбек жазып, табиғатты зерттеудің жан-жақты бағыттарын көрсетуге тырысады. Аталған ғылымға қосқан зор үлесі үшін Эратосфенді «географияның атасы», – деп атайды.

Аспан денесі нені зерттейді?

Планеталар – Күнді не басқа да жұлдыздарды айнала қозғалатын аспан денесі. Барлығы 9 планета, 43 планета серіктері және көптеген ондаған мың астероидтар (кіші планетар) бар. 1930 жылы Плутон планетасы ашылған және ол 9-шы ғаламшар болып есептеліп келді. Алайда кейін Плутон өз мәртебесін жоғалтты. Соңғы зерттеуге сәйкес, Плутон ендігі кезекте шағын ғаламшарлар немесе планетоидтар санатына кіреді. Аспан денесінде сақталған 8 планеталар:

1. Меркурий;

2. Шолпан (Венера);

3. Жер (Земля);

4. Қызылжұлдыз (Марс);

5. Есекқырған (Юпитер);

6. Қоңырқай (Сатурн);

7. Уран;

8. Нептун.

Құрлықтар туралы не білесіз?

Әлемде барлығы 6 құрлық (континент, материк) бар. Олар: Аустралия, Антарктида, Африка, Еуразия, Оңтүстік Америка және Солтүстік Америка. Құрлықтың 60-тан астам пайызы ғана жазық, қалғаны таулы жер. Аумағы бойынша ең үлкен құлық – Еуразия. Ең кішкентайы – Аустралия. Қазақстан Еуразия құрлығында, оның ішінде Азияда орналасқан.

Әлемде қанша мемлекет және қала бар?

Тәуелді және тәуелсіз елдерді қосқанда Жер шарында 200-ден астам мемлекет бар. Жер көлемі бойынша үлкен мемлекет – Ресей Федерациясы. Ал ең кішкентай ел – Ватикан. Қазақ елі бұл тұрғыдан алғанда әлемде 9-шы орынға жайғасқан. 2019 жылғы статистикаға сүйенер болсақ, әлемде шамамен 2 667 594 қала бар. Қазақстанда 14 облыс, 87 елді-мекен (қала және қалашықтар) бар. Миллионер қалаларды айтатын болсақ, біздің эрамызға дейін ең алғаш миллионер қала тізіміне енген ол – Рим қаласы. Елімізде 3 миллионер қала тіркелген: Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент.

Ең дамыған 10 мемлекет: Швеция, Германия, Лихтенштейн, Ирландия, Канада, Жаңа Зеландия, АҚШ, Нидерланды, Австралия, Норвегия.

Мұхиттар, теңіздер, өзен-көлдер:

Жер бетінде 4 мұхит бар: Тынық, Атлант, Үнді және Солтүстік Мұзды. Ең үлкен мұхит – Тынық. Ең кішкентайы – Солтүстік Мұзды.

Каспий, Арал, Өлі, Галилея теңіздерін қоспағанда, жер жүзінде шамамен 90 теңіз бар. Ең терең теңіз – Филиппин. Ең үлкен теңіз – Саргассово.

Әлемде қанша өзен-көл барын нақты ешкім айта алмайды. Ең ұзын өзен – Ніл. Ең суы мол өзен – Амазонка. Еліміздегі ең суы мол әрі ұзын өзен – Ертіс.

Ең терең көл – Байкал. Ең ірі көл – Виктория. Әлемдегі ең үлкен және тұйық көл – Каспий теңізі. Қазақстанда 50 000-ға жуық көл бар.

Әлемдегі ең биік сарқырама – Анхель. Орталық Азиядағы ең биік сарқырама Қазақстанда орналасқан. Ол – Жоңғар Алатауындағы Кора өзенінің шатқалында орналасқан Бұрханбұлақ сарқырамасы.

Таулар

Жер бетіндегі ең биік тау – Непал мен Тибеттің шекарасында етек жайып жатқан Гималай тауындағы Эверест шыңы (Джомолунгма). Биіктігі – 8848 метр. Әлемдегі ең ескі тау – Орал таулары. Қазақстандағы ең биік тау – Тянь-Шань тауының Хан Тәңірі шыңы. Биік нүктесі – 6995 метр.

Тіршілік әлемі

Әлемде шамамен есептегенде жануарлардың 1 600 000 түрі, 17 типі мекен етеді. Өсімдіктер дүниесінің 375 000-ға тарта түрі тіршілік етеді.

Ең ірі жануар – Африка пілі. Ең кішкентай құс – Колибри. Ең жылдам қозғалатын құс – Ителгі. Ең ірі құс – Африка түйеқұсы. Ең ауыр жыртқыш – Касатка. Ең ұзын құрт – Солтүстік теңіз немертині. Ең жылдам жануар – Қабылан. Ең үлкен өрмекші – Құс жейтін өрмекші. Ең үлкен шаян – Өрмекші-шаян. Ең ауыр жәндік – Голиаф-қоңыз. Ең биік сүтқоректі – Керік. Ең ірі жылан – Анаконда. Ең жылдам ұшатын бунақденелілер – Инелік.

Ең ірі жапырақ – Рафия пальмасы. Ең ірі тұқым – Кокос пальмасы. Ең ежелгі өсімдік – Каучук ағашы, антарктикалық қына. Ең ежелгі, тірі ағаш – Қылқанды қарағайлар (5000 жыл тіршілік етіп келеді). Ең биік шөп – Бамбук. Ең қауіпті саңырауқұлақ – Боз арамқұлақ.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button