Жаңалық

Маркетологтар білсін: Табиғи ортадағы 3 процесс

Табиғи орта қоршаған ортаға және маркетологтардың капиталына қажет немесе маркетингтік қызмет әрекеті нәтижесінде өзгеретін табиғи ресурстарды қамтиды.

Ең негізгі деңгейде қоршаған ортадағы күтпеген оқиғалар – ауа райынан табиғи апаттарға дейінгі барлық ықтимал қауіп компанияларға және олардың маркетинг стратегиясына әсер етуі мүмкін. Мысалы, жақында болған аязды қыстың салдарынан америкалықтардың сөздік қорында полярлық құйын термині пайда болғанда флористер мен автосалондардан бастап мейрамханалар, авиакомпаниялар және туристік бағыттарға дейінгі кең ауқымдағы компаниялардың сатылымы зардап шекті. Керісінше, қатаң ауа райы тұзға, қар тазалау құрылғыларына, қыстық киімге және автокөлік жөндеу орталықтарына деген сұранысты арттырды.

Компаниялар осындай табиғи оқиғаларды тоқтата алмаса да, олармен жұмыс істеуге дайын болуы керек. Мысалы, FedEx және UPS сияқты жүк тасымалдау компаниялары өз қызметкерлері қатарына бүкіл әлем бойынша уақытылы жеткізуге кедергі келтіретін ауа райы жағдайларын алдын ала болжайтын метеорологтарды қосады. «Бангкокте сәлемдеме күтіп отырған адам Луисвиллде, Кентуккиде қар жауғанына қарамайды, – дейді UPS метеорологы.

Қоршаған ортаның тұрақтылығы туралы мәселе соңғы бірнеше онжылдықта кең ауқымдағы деңгейде тұрақты түрде дамыды. Әлемнің көп қаласында ауа мен судың ластануы қауіпті деңгейге жетті. Жаһандық жылыну қаупі дүниежүзінде алаң тудырса, экологтар көп ұзамай адамзат өз қоқысының астында қалады деп дабыл қағуда.

Маркетологтар табиғи ортадағы бірнеше процесс туралы хабардар болуы керек. Біріншіден, шикізат жетіспеушілігі байқалады. Ауа мен су таусылмайтын ресурс сияқты көрінгенімен, кейбір топтар бұл қауіпті жоққа шығармайды. Ауаның ластануынан әлемдегі ірі қалалардың көбі түтінге тұншығуда және ауызсу тапшылығы Америка Құрама Штаттары мен әлемнің кейбір бөліктерінде үлкен мәселеге айналды. 2030 жылға қарай әлемдегі үш адамның біреуі ішетін суға зар болады. Орман және азық өнімдері сынды жаңартылатын ресурстарды үнеммен пайдаланған дұрыс. Мұнай, көмір және түрлі пайдалы қазбалар сияқты жаңартылмайтын ресурстар – бөлек мәселе. Осындай сирек ресурстарды қолданып өнім өндіретін фирмалар үшін материалдар қолжетімді болса да, шығыны көп.

Екінші экологиялық процесс – ластанудың артуы. Өнеркәсіп әрдайым табиғи ортаға нұқсан келтіреді. Химиялық және ядролық қалдықтарды көму, мұхиттағы сынаптың қауіпті деңгейі, топырақтағы және азық-түлік өнімдеріндегі химиялық ластағыштар мөлшері, қоршаған ортаға зиянды заттардың, пластик және басқа да қаптау материалдарының лақтырылуын қарастырсақ болады.

Үшінші процесс – табиғи ресурстарды басқаруда мемлекеттің араласуының артуы. Әр елдің үкіметі қоршаған ортаны қорғауға қатысты әртүрлі деңгейде алаңдап, оған қатысты іс-әрекеттері де түрлі болады. Кейбіреуі, мысалы, Герман үкіметі қоршаған орта сапасын барынша бақылауда ұстайды. Басқалары, әсіресе кедей елдердің көбі ластануға байланысты көп жұмыс жүргізбейді, оған себеп – қаражат немесе саяси ерік жоғы.

Америка Құрама Штаттарында Қоршаған ортаны қорғау агенттігі 1970 жылы қоршаған ортаны ластау нормаларын қалыптастыру мен енгізу және қоршаған ортаның ластануын зерттеу үшін құрылған. Болашақта Америка Құрама Штаттарында бизнес жүргізетін компаниялар үкімет пен қысым көрсететін топтар тарапынан жіті бақылау болатынын болжай білуі керек. Реттеуге қарсы тұрудың орнына маркетологтар әлемдегі материалдар мен энергетикалық мәселелерді шешуге көмектесуі керек.

Табиғи ортаға деген қамқорлық экологиялық тұрақтылық қозғалысының пайда болуына ықпал етті. Бүгінде сауатты компаниялар үкімет бекіткен заң шекарасынан шығуда. Олар планета шексіз қолдана алатын әлемдік экономиканы құратын стратегия мен тәжірибе қалыптастыруда. Экологиялық тұрақтылық қазіргі қажеттіліктермен қатар болашақ ұрпақтардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға жағдай туғызуды білдіреді.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button