Жаңалық

Қазақстан «Нұр-Сұлтан саябағы Challenge» онлайн мини-марафон өтіп жатыр

Қазақстанда «Нұр-Сұлтан саябағы Challenge» атты бұқаралық жүгіру шарасы басталды. Бұл мини-марафонның ерекшелігі – оған кез келген нүктеден қалаған уақытыңда қатыса аласың.

Екі күнге созылатын мини-марафонның қашықтығы 5 шақырымды құрайды. Ал астаналықтар үшін шара елорданың Орталық саябағында өтіп жатыр. Дегенмен, бұл жарысқа тек осы жерден қатысу қажет деген нәрсе емес. Кез келген нүктеден қалаған уақытыңда қатыса аласың. Барлық нәтижелер онлайн түрде тіркеліп отырады. Яғни, қай қалада, қай елде болмасын, аталмыш шараға кез келген адамның үлес қосуына мүмкіндігі бар.

«Бүгінде пандемияға байланысты бүкіл әлем көптеген шектеулерге мойынсұнуға мәжбүр. Осы орайда жаттығулар, спортпен айналысу, соның ішінде жүгіру жаңа форматқа бейімделе бастады. Мәселен, «Нұр-Сұлтан саябағы Challenge» да онлайн форматқа көшіп, бірден көпішіліктің қолдауына ие болды. Бұл шара қандай жағдайда болмасын, спортпен шұғылдануды доғармайтын, ешқандай қиындықтарға мойымайтын жандарға және марафондағы алғашқы қадамын енді бастаған спортшыларға арналады», – деді жеңіл атлетикадан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айман Ратова.

Бұл бірегей, заманауи мини-марафон Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Таяудағы он жылда біздің өмір салтымыз: жұмыс, тұрмыс, демалыс, баспана, адами қатынас тәсілдері, қысқасы, барлығы түбегейлі өзгереді. Біз бұған да дайын болуымыз керек» деген сөзінің жарқын көрінісі де бола алады. Осы орайда бұл жарыс пандемия жағдайында қатысушыларға карантиннің барлық сақтық шараларын ұстана отырып, салауатты өмір салтымен айналысуға мүмкіндік беріп отыр.

«Бүгінде әлемнің көптеген елінде осындай онлайн жүгіру шаралары өтіп жатыр. Шынын айтсам, қатысушылардың көп болғанына қарап, өзім де аздап таңырқап тұрмын. Бір жағынан пандемия кезінде халық арасында салауатты өмір салтын жүгіру арқылы ұстану жақсы трендке айналды. Өзім де осы шараның бір мүшесі болғаныма қуанамын. Алдағы уақытта мұндай онлайн марафондар үлкен сұранысқа ие болады деп ойлаймын», – деді Жеңіл атлетикадан Азия ойындарының жеңімпазы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ольга Сафронова.

«Нұр-Сұлтан саябағы Challenge» 5 қыркүйекте басталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінге дейін еліміздің әр түкпірінен мыңнан астам адам тіркелген. Алайда тіркелу әлі жалғасып жатыр. Қатысып үлгермегенде 6 қыркүйек күні жүгіре алады. Ол үшін https://s10.run/tilda/85144/13370564 сілтемесі арқылы өтіп, «ҚАЗІР ТІРКЕЛУ» (зарегистрироваться сейчас) деген батырманы басу қажет. Ескере кетер жайт, тіркелу барысында мини-марафонның шарттарымен мұқият танысып алғаныңыз абзал.

Жүгіру шарасына қатысу ТЕГІН. Жеңімпаздарды сыйлықтар мен арнайы дипломдар күтеді. Толық ақпарат алу үшін s10.run сайтына өтіңіз немесе https://www.instagram.com/astanapark/ парақшасын шолып шығыңыз.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button