Жаңалық

Ержан Аркабаев: Ердоғанның алдында 20 минут өнер көрсеттік

«Алыстағы ағайын» жобасы аясында өткен тікелей эфирдің кезекті кейіпкері – қазіргі таңда Түркия мемлекетінің Ыстамбұл қаласында тұрып, ағайындас елдің президентінің алдында талай мәрте қазақтың қос ішекті аспабымен өнер көрсетіп жүрген Ержан Аркабаев.

1. Түрік ағайындас ел болған соң көпшілік онда өмір сүру аса қиынға соқпайтынын алға тартады. Осы қаншалықты рас, жоқ әлде қанша дегенмен өзге елдің ділі, дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі әсер етпей қоймай ма?

Түркияға алғаш келген кезде таңғалдыратын жайттар болды. Біздің бауырымыз, бір халықпыз, тегіміз бір деп бауырына жақын басып тұрды. Басқа елге келген кезде қаншалықты жылы жүз көрсеткенмен бір күн, екі қонақсың, ал үшінші күні сен қонақ емессің. Сол сияқты басқа елге барғанда онда өмір сүру жақсы болып кеткен жағдайдың өзінде де әрбір елдің өзінің заңы, тәртібі бар. Егер сол тәртіпке бағынып, заңдарын бұзбай жүрсеңіз, ешқандай жерде өмір сүру қиындыққа соқпайды деп ойлаймын. Дегенмен әр елдің ділі бар. Мәселен, біз Түркияға келгенде «қазақтар біраз дөрекі» дейтін. Менің бұдан түсінгенім қазақ ішіндегі жан-сезімін тіке айтады.

Түрік тілін үйрену қиынға соқпайды. Сол себепті көбісі оңай, үйреніп аламын, білем деп жүре береді. Бізбен бірге келген африкалықтар, арабтар, басында тілден қиындық көрсе де, үйреніп кетіп, сөйлей бастайды. Біздікілер уақытысын босқа өткізіп алады.

2.Танымал түрік актері Бурак Өзчивит басты рөлді сомдаған «Османның құрылуы» атты сериалында қобыз тартып отырған видеоңыз желіде тарап кеткен еді. Осы жайтқа кеңінен тоқтала кетсеңіз.

Арсланбек есімді ноғай жігіті: «Біз, ноғай қазақпыз ғой. Бірге өнерімізді дамытайық, қасымда жүр», – деп айтты. 2015 жылдан бері бірге жүріп, жұмыс істеп жүрміз. Содан бері шамамен ресми түрде 200 шақты концертке шықтық.

«Осман бей» өлеңін үйреніп жүрген кезімде продюсерлер «Османның құрылуы» сериалында сол әнді орындауымызды сұрады. Сериалдың 3-4 минуттық эпизодында әнді айтып шықтық.

3. Келешекте фильм немесе сериалдарда өнер көрсету жоспарда бар ма?

Бұл сценаристерге байланысты. Сұраныс түскен жағдайда, әрине, шығамыз. Бір жағынан өзімізге де байланысты. Біз де мынадай идея бар деп ұсыныс беруіміз керек. Солай айтсақ, олар, әлбетте, шақырады.

4. Келесі сұрақты Түркияның білім жүйесіне арнасақ. Өзіңіз сонда оқу оқыдыңыз. Өзге ел болған соң ерекшелігі немесе айырмашылығы бар болар?

Студенттер үшін барлық жағдай жасалған. Жазылған дипломдық жұмыстың барлығы арнайы сайт бар, соған тіркеледі. Біріншіден, кез келген дүниені білгің келсе, сайтқа кіріп, тақырыбын жазасың, шығады. Сол үшін тиімді. Екіншіден, тақырыптың қайталанбауына жақсы септігін тигізеді, яғни дипломдық жұмыстың қайталануына жол берілмейді. Қазақстанда әзірге ондай жүйе қалыптаспаған. Бізде тақырыпты ашпайды. Мәселен, домбыра, күй туралы дипломдық жұмыс жазылатын болса, жалпылама түсініктеме бере салады. Күй деген үлкен жанр, тарихы терең. Сол тақырыптар бізде әлі дұрыс зерттелмей жүр. Меніңше, Түркиядағы білім жүйесінің бірден-бір ерекшелігі – осында. Егер біз де сондай жүйеге кірсек, зерттеулердің форматы өзгеріп, жаңа деңгейге өтеді деп ойлаймын. Бізде тақырыптық ұқсастықтарды дұрыс қадағаламайды. Қадағаламағандықтан жалпылама тақырыпты алып немесе өзге біреудің дипломдық жұмысын көшіріп, ішіндегі мәліметтің бір бөлігіне кішкене өзгерту енгізе салуы да мүмкін.

Білім жүйесінде тағы бір айта кетерлігі – егер магистратураны оқып, үлгере алмасаңыз, 1 жыл қосып береді. 3 жылда аяқтай алмасаңыз, оқу орнынан шығарып жібереді. Алайда қалаған кезіңізде тоқтатып қоюыңызға болады. Сосын 5 жыл, 10 жыл немесе 20 жыл өтсе де тоқтатқан жеріңізден жалғастыра аласыз.

5. Бірнеше мәрте Түркия Президенті Ердоғанның алдында домбырамен өнер көрсеткеніңізді барлығы біледі. Соған тоқталсақ. Қалай болды?

Алғаш рет ЭКСПО көрмесінде өнер көсеткен едік. Өзіміздің елге Түркияның шақыртуымен бардық. Сонда алғаш рет ноғай-қазақ болып өнер көрсеттік. Содан кейін 2018 жылы Малазгирт қаласында Ердоғанның алдында домбыра тарттық. Жақында Түркия елінің тарихи аймағы – Ахлат қаласында этноауыл жасап, Президент үшін киіз үй тігілген. Сонда 15-20 минут отырып, президентке өнерімізді паш еттік.

Сондай-ақ Түркияның президентінің алдында тек 1 ғана шығарма орындамадық. Негізгі орындап жүргеніміз – Арсланбек ағамыздың «Домбыра» атты әні.

6. Бірнеше аспапта ойнайсыз ба?

Қобызды үйренгеніме көп болмады, 1-2 жылдай ғана болды. Өзім үйрендім. Хобби есебінде гитара, шертер секілді аспаптарда ойнаймын. Ресми түрде тек домбыра.

7. Түркия еліне түпкілікті түрде көштіңіз ба?

Жұмысым, оқуым осында. Бірақ бұл елдің азаматы емеспін. Азаматтығын алмағандықтан, олай айту да келіспейтін сияқты. Уақытшамыз ғой мұнда.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button