Жаңалық

Disney-дің «Мулан» фильміне түсіп жатқан қазақстандық кім? (видео)

Қазақстандық «Nomad Stunts» тобының каскадерлері Disney студиясының «Мулан» фильмінің түсірілім алаңынан фото және видеолармен бөлісті. Аталған туындының әлемдік премьерасы 4 қыркүйек күні өткен болатын.

«Nomad Stunts» каскадерлерінің қатысуымен түсірілген «Мулан» фильміндегі ең тартымды қойылымдардың бірі – ғұн көсемі Бөрі ханның (бұл рөлді Джейсон Скотт Ли сомдайды) элиталы арнаулы отрядының қытай бекінісіне шабуылы. Трюктер қоюшысының сценарийіне сәйкес, сарбаздар шауып келе жатқан аттың үстінде тік тұрып, семсер сермеу мен садақ тарту сынды өте күрделі қойылымдарды орындауы тиіс болған.

Шауып келе жатқан аттың үстінде сарбаздардың тік тұратын қойылымға бір ай дайындалдық. Дегенмен, бұл аттарды бөліп-бөліп әкелуімен байланысты орын алған жайт еді. Бастапқыда бір ат болса, одан кейін тағы екі ат таптық. Сөйте келе олардың санын 13-ке жеткіздік. Ай бойы жылқыларды бірнеше рет ауыстырдық. Себебі кейбіреуі трюк жасауға сай келмеді. Бұған қоса, дайындық жасауға арналған ыңғайлы орын болмады. Продакшен ұсынған алаң кішкентай еді. Хорс-шебермен сөйлескеннен кейін дайындықты Тынық мұхитының жағалауында жасауға рұқсат беріліп, барлығы жылдам бола түсті. Түсірімнің де өз ерекшеліктері болды. Біздің жігіттерге шауып келе жатып, ертоқым үстінде тік тұруға, семсерлерін суыруға тура келді. Ал мұның барлығын көзің ғана көрінетін бетіңдегі маскамен, өте ауыр костюмдермен жасау қажет. Біз шабандоздықты көрсетіп бердік. Жалпы, сондықтан да «Мулан» түсіріліміне шақырған болатын. Продюсерлер ат үстінде күрделі трюк орындай алатын каскадерлерді іздеген болатын. Каскадерлеріміз барлық қиындыққа қарамастан жүктелген міндетті орындап шықты. Каскадер Мұрат Бұрханов тамаша трюк жасады. Ол Мулан садақ тартып, Бөрі жан сарбаздарының бірін жаралайтын қойылымда шауып келе жатқан аттың аяғының астына құлайды. Бұл бір дубльмен түсірілді. Режиссер де трюктің өте қауіп болғанына қарамастан Мұраттың оны өте кәсіби деңгейде орындағанын бірден айтты, – деді «Nomad Stunts» каскадерлер тобының жетекшісі, трюк қоюшы Жайдарбек Күнғожинов.

Жобаның арқасында «Nomad Stunts» каскадерлері Disney-мен ынтымақтастықты жолға қойған қазақстандықтарға айналды. Ал топ жетекшісі Жайдарбек Күнғожинов голивудтық ірі студиялардың бірінен рөл алған тұңғыш қазақстандық саналады.

Мені актер ретінде тосыннан таңдап қалды. Бастапқыда бұл рөлге Канада актері бекітілген болатын. Дегенмен, Netflix студиясының «Марко Поло» сериалында бірге жұмыс істеген продюсерлердің бірі режиссерға мені алуды көндірді. Басты себебінің бірі – маған дублер қажет емес. Барлық трюкті өзім жасай аламын. Менің алғашқы түсірілім күнім әскери кеңесте – Бөрі хан барлық генералдарын жинайтын қойылымда болды. Екінші күні өзім жасай алатын трюк түсіріліп, онда атпен шауып келе жатып актер Донни Йенмен семсерлестім. Шынымды айтайын, өте бақытты болдым. Барлық уақытта да Disney-мен ынтымақтастық орнатуды армандайтын едім. Ал «Мулан» жобасында хорс-жаттықтырушы (аттарды трюкке дайындайтын маман) ғана емес, актер ретінде де жұмыс істедім. Бұл – баға жетпес тәжірибе болды, – деді Жайдарбек Күнғожинов. Айта кетерлігі, «Мулан» фильмінде «Nomad Stunts» тобының каскадерлері ат үстінде өте күрделі трюктарды орындаумен қатар, Голивуд актерлеріне дублер де болды.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button