Жаңалық

Қазақ ауылдарының хәлі қалай?

Демалыс күндері Ruh.kz порталының жастары Солтүстік Қазақстан облысы, Шүкірлік ауылына барып қайтты.

Ауылда 170 адам ғана тұрады, ұялы байланыстың хәлі де көңіл көншітпейді. Информатика кабинетіндегі жалғыз компьютерге ғана интернет желісі орнатылған және бүкіл мектеп оқытушылары мен оқушылары соны кезекпен пайдаланып, амалдап отыр.

Ауылда су ағатын қондырғылар орнатылмаған. Тұрғындар күннің аязына қарамастан әлі күнге суды сырттан тасиды. Десе де, оқушыларға дегенде біршама жағдай жасалған. Ақпараттық банерлер, танымдық дүниелерді мұғалімдер өздері жасап, сыныптарды барынша әрлеген.

Мектептің 1 бөлмеден тұратын шағын музейі де бар. Ондағы дүниенің барлығын тұрғындар үйлерінен әкеліп қойған. Соның ішінде шежіре кітаптар, ұлттық аспаптар, бес қару, күйтабақ, ардагерлердің суреті мен тарихы, шоқ өтек, ұлттық бұйымдар, түрлі валюталар да бар. Жалпы ауыл мектебі 120 балаға арналған. Қазіргі таңда онда 29 оқушы тәлім алуда.

Шалғайдағы қазақ ауылының шын көрінісін көзбен көруді жөн санап, Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Жезқазған және Қарағанды ақын, жазушыларының 100-ге тарта кітабын алып, порталда жарияланған 50-ге жуық танымдық инфографикаларды, 100-ден аса аудиоподкаст пен бейнематериал топтастырылған дискілерді оқушыларға табыстады.

Сөйтіп аз да болса ауыл мектебіне көмек қолын созғымыз келді. Таза ниетімізді ауыл ұстаздары да оң қабылдап, алғысын білдірді. Ауылға келудегі мақсатымыз да осы еді.

Мектептен шығып, Сырымбеттің етегінде орын тепкен Шоқан ауылына аяқ бастық. Шоқан Уалихановтың әжесі, Шыңғыстың шешесі – Айғаным ана салдырған мешіт пен мектеп, қонақ үй, диірмен, монша, жылқы ұстайтын шаруашылық ғимараттарын және соған жақын жерде орналасқан музейін аралап, ХІХ ғасырға барып қайтқандай тамаша күй кештік.

Биыл елдегі 500 ауылға ғаламтор желісі орнатылатыны мәлімделген еді. Сол 500 ауылдың ішінде Шүкірлік ауылы жоқ…

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button