Жаңалық

Ұлы Арид зонасы туралы не білесіз?

Ұлы Арид зонасы – Сахара шөлі нен бастап, Шығыста Гоби шөліне дейінгі Афроеуразия аумағын қамтитын шөл және шөлейтті жерлер белдеуі.

Африканың Атлант жағалауынан солтүстікке қарай созылып, Қытайдың ішкі солтүстік бөлігіне дейін жетіп жатқан Афроеуразияның үлкен бір бөлігінде шөл және шөлейтті өңірде елді мекендер орналасқан. Ұлы Арид зонасы деп аталған бұл алып аймақ таулардың, жалғасып жатқан шөлейттердің және құрғақ далалардың жиынтығынан тұрады. Дала ұғымы жазық немесе жайылым деп те аталуы мүмкін. Америкалықтар даланы – прерия, ал аргентиналықтар пампас деп атайды. Ұлы Арид немесе шөлейтті белдемнің ең негізгі климаттық ерекшелігі – жауын-шашын аз түседі. Жауын-шашын ең шөлейтті жерлерде жылына 5 дюйм*, сулы далаларда жылына 20 дюйм мөлшерінде ғана жауады.

Ұлы Арид зонасының батысындағы Сахара – дүниежүзіндегі ең үлкен, құрғақ, шөлді мекен. Сахараның климаттық жалғасы іспетті Араб және Сирия шөлдері шығысында Иранмен жалғасып жатыр. Құрғақ елді мекендер аумағы – Шығыс Ираннан бастап Пәкстанның оңтүстік жағы мен Үлкен Үнді шөліне дейінгі аумақ. Иранның солтүстік және солтүстік-шығыс бөлігі Ішкі Еуразия деп аталатын үлкен аймақтағы даланы алып жатыр. Ішкі Еуразияның батыс бөлігінде – Қара теңіздің солтүстік жағалауындағы аймақтарда жауын-шашын түсімі салыстырмалы түрде жақсырақ, жылына 20 дюйм. Бірақ Ішкі Еуразия Шығысқа қарай сусыз далаларға айнала бастайды. Моңғолия мен Қытай жерінде созылып жатқан Гоби шөлі құрғақ аумақтың ең шығыс шеті болып есептеледі.

Ұлы Арид зонасы ескі Голливуд ленталарында көшпенділер және Франция легионерлері ғана өте алатын құмды тозақ мекен ретінде сипатталады. Paсында, белдеудің кейбір бөлігінде адам аяғы жетпеген жерлер бар, алайда кинода көрсетілгендей, тозақ емес. Тығыз қоныстанған шаруалар мыңдаған жылдан бері құрғақ жерлерді мекен етіп келеді. Ең ежелгі егіншілік осы Ұлы Арид зонасында немесе оған жақын маңында басталғаны анық. Құрғақ жерлер – елді мекенсіз аймақтар дегенді білдірмейді, ол жерлерде де егін мен мал шаруашылығына жетерлік жерасты сулары мен өзендер бар. Ежелгі өркениеттің отаны – Тигр, Евфрат, Ніл, Инд және Сары өзен Ұлы Арид зонасы арқылы ағып өтеді. Барлық жерде де су бассейндері бұлақ, құдық пен жерасты сулары арқылы қор жинап, үлкен қалалар мен шаруаларды сумен қамтамасыз етіп отырған. Оның үстіне бұл белдеуде биік қыратты аймақтар мен жерлер де кездеседі. Ерте заманнан бері шаруалар жауын-шашын мен тау жазығындағы ағын суларды қажетіне жарата білді.

Ұлы Арид зонасының жан төзбес қуаң жерлерінде адамдар тіршілік етудің басқа бір амалын тапты. Осыдан 4-5 мың жыл бұрын адамдар үй жануарларын ұстау арқылы шөлдегі климаттық жағдайға да бейімделе бастады. Мал ұстаушылар ет, сүт өнімін беретін қой, жылқы, ешкі, сиыр, түйе шаруашылығына негізделген жеке бір экономиканы дамытты. Ежелгі бақташылар Ішкі Еуразияның шұратты (оазис) аймағын мекендеген, тіршілігі мал шаруашылығына тікелей тәуелді адамдар болды. Мал ұстаушы бақташылар маусымдық жауын-шашын түсетін Сахара, Араб шөлі мен Иран қыраттарына да бейімделе бастады. Бұл аймақтарда жануарларды шөлден аман алып қалу үшін құдықтар қазып отырды. Мал шаруашылығы көлемді жайылымдық жерді қажет етеді. Сондықтан малшылар жаңа жерлерге көшіп отырды. Малшы халық ыстық-суыққа төзімділігін мен, ұтқырлығымен және, негізінен, жауынгерлігімен дүниежүзі тарихында ерекшеленді.

«Panorama: Дүниежүзі тарихы, 1-кітап»,

(«100 жаңа оқулық» жобасы асында аударылған кітап)

Росс Е. Данн, Лора Дж. Митчелл

Басқа материалдар

Back to top button