Жаңалық

Есей Жеңісұлы: «Қосымша автор ретінде кітапты жаңадан жасап шығардық»

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының аяқталуына таяп қалды. Бүгінде соңғы 23 кітапты аудару процесі жүргізілуде. Оның алдында аударылған шығармашылық аудиторияға арналған 30 оқулық еліміздің ЖОО-ларының оқу бағдарламасына енгізілді. Аударма ісіндегі белгісіз әлемді толық танып, білу үшін Ұлттық аударма бюросының редакторы Есей Жеңісұлынан сұқбат алып, көптеген сауалдарымызға жауап алдық.

Ruh.kz: Сәлеметсіз бе, Есей Жеңісұлы! Қазақ тіліне аударылған соңғы 30 кітап туралы айта кетсеңіз. Жалпы оқулықтардың мазмұны не туралы, қандай жанрда жазылған?

Есей Жеңісұлы: Сәлеметсіз бе! «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының басталғанына биыл 3 жылдан асты. Қазіргі сәтте жобаның соңғы кезеңіне іріктеліп алынған 23 кітапты аудару процесі жүруде. Жобаның алғашқы және екінші легінде философия, өнертану, әлеуметтану, әлеуметтік психология, медиа, экономика салаларын қамтыған еңбектер көп болды. Ал сіз сұрап отырған, биыл аударылып басылған 30 кітап шығармашылық бағыттағы аудиторияға көбірек арналды деуге болады. Мысалы, тарихи білімнің кәсібилену процесін кешенді түрде зерттеген «Тарихи білім тарихы», кино өнерінің белгілі теоретигі Семен Фрейлихтің «Кино теориясы: Эйзенштейннен Тарковскийге дейін» еңбегі, тарихи-антропологиялық ізденістермен таныстыратын «Тарихи антропология», кейінгі жылдары жеке гуманитарлық пәнге айналған Кристофер Балмның «Театртану» оқулығы аударылып, жаңа оқу жылында Қазақстандағы ЖОО-лардың оқу бағдарламасына енгізілді. Бұл кітаптардан бөлек, философия саласынан «Саясат философиясына кіріспе», Оксфорд баспасының «Әлемдік саясаттың жаһандануы: халықаралық қатынастарға кіріспе» және Қайта өрлеу кезеңінен постмодернге дейінгі музыка тарихын жан-жақты қарастырған «Музыка тарихы» деп аталатын екі томдық жинағы бар. Бұл еңбектердің тақырып ауқымы өте кең. Біз аударған оқулықтарға қойылатын талаптар бойынша олар кемінде екі-үш рет баспа бетін көрген, әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасына енген еңбектер болуы тиіс. Сол талаптар толықтай сақталды. Жаңа оқу жылында аталған оқулықтар қолына тиген студенттер белгілі бір шығармашылық тұрғыда және ізденіс бағытында байып қалатын болды деп сеніммен айта аламыз.

Ruh.kz: Аудару процесі қалай өтті, қиындықтар кездесті ме? Кітаптың бәрі де әлемнің таңдаулы университеттерінің студенттері білім алып жүрген оқулықтар легі. Соңғы аударылған 30 кітап қай елдің оқулықтары, қай мемлекеттің ЖОО-ларының сабақ кестесіндегі кітаптар? Аудару ісінде 30 кітаптың әрбірінен бір менталитет, мәдениет байқалғаны анық. Өзіміздің оқулықтардан несімен ерекшеленеді?

Есей Жеңісұлы: Өте жақсы сұрақ. Басында айтып өткеніміздей, оқулықтар Кембридж, Оксфорд, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті секілді алдыңғы қатарлы оқу орындарының оқу бағдарламасына енгендіктен және әлемдік білім жүйесінен хабардар адамдар ұсынғандықтан, өте жақсы оқулықтар таңдалды деп есептеймін. Бүгінде аудару процесі толық жолға қойылды деп айтуға әбден негіз бар. Осы 4 жылға жуық уақыт ішінде жақсы тәжірибе жинақтадық. Алғашқы жылдары аздаған қателіктер болды, әрине. Бірақ оны қателік деп емес, тәжірибе жинау жолындағы ізденістер десек дұрыс болар?!

Біздегі шығармашылық жол жалпы мынадай кезеңдерден тұрады: аудармашы, әдеби редактор, ғылыми редактор, корректор, жауапты шығарушы редактор. Аудармашының қолынан шыққан дүниені әдеби редактор саралайды. Ол қазақ тілінің шырайлы, түсінікті болуына мән береді. Ғылыми редактор жазылған тақырыптың ғылыми терминдеріне назар аударады. Барлығы аудармашымен келісу арқылы жүзеге асырылады. Соңғы процесте корректор пунктуациялық және емле қателеріне жол берілмеуін қадағалайды. Бірақ осының бәріне жауапты – шығарушы редактор. Ол кітаптың аудармашы қолынан ғылыми және әдеби редакторларға, одан кейін корректорларға өтуін толықтай қадағалап отырады.

Алғаш «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасына кіріскен кезде қазақ тілінің ғылым тілі ретінде қалыптасу процесінің жеделдеуіне мән берген едік. Сол еңбегіміз аса нәтижесіз емес секілді. Мысалы, кітаптарды аудару барысында батыстық ғылым айналымында қолданылатын ғылыми терминдерді көп жүйеледік. Философия ғылымдарының докторы Әсет Құранбек философия тақырыбындағы кітаптардың барлығын қадағалап, қазақ философия ғылымындағы «сана, парасат, ақыл-ой, зерде» деген секілді категориялардың бәрін жүйеледі. Осының барлығының ағылшын, орыс, қазақ тілдерінде бір-бірімен сәйкес келуі жақсы қаралды деп ойлаймын. Сондай-ақ әлеуметтік психологиядағы «әсер, ықпал» деген ұғымдардың бір-бірінен қандай айырмашылығы барын зерделеуге үлкен мүмкіндік туды. Оған қоса, аударма ісінде ғылыми қатып қалған тіл емес, батыстық ғылым әлемінде ғылыми-көпшілік тілдің үлкен беделге ие екенін аңғардық. Бұл кітаптарды студенттер ғана емес, жалпы ғылымға қызығатын адамдар оқыса да әбден түсінікті болуына авторлар зор мән береді екен. Тағы бір айта кетерлігі – кітаптың кемінде 3 басылым көруі деген талаптың өте жемісті екеніне көзіміз жетті. Мәселен, 1951 жылы жарыққа шыққан атақты Эрнст Гомбрихтің «Өнер тарихы» атты кітабы бүгінге дейін 16 рет баспа бетін көрген. 16 басылымда кітап өзін-өзі құр қайталап қана отырған жоқ, әрбір басылым сайын жаңарып отырған. 2018 жылы «Интернет психологиясы» деген кітапты аударуға қатыстық. Авторы Патрисия Уоллейс кітаптың 1999 жылғы шыққан алғашқы басылымымен 2014-2015 шыққан басылымының арасында едәуір айырмашылық барын айтып өтеді. Заманауи трендтерге ілесе отырып, кітап жаңарып отырады. Бұл біздің ғалымдар ескеретін өте жақсы дүние дер едім.

Әрине, аудару ісінде 30 кітаптың әрбірінен бір діл, мәдениет бары аңғарылды. Мысалы, батыста еркін айтылатын, талқыланатын тақырыптар бар. Ал «біздің қоғам оны қалай қабылдайды?» деген мәселе алдымыздан шығады. Осындай дүниелер кездескен сәтте кейде авторлармен келісіп, біздің қоғамға жат екенін түсіндіре отырып, кейбір мысалдарынан бас тартқан сәттеріміз де болды. Яғни біз өзіміздің де ұлттық менталитетімізді ескердік. 2019 жылғы кітаптың аударылуына қатысқан азаматтар кей кітаптардың мысалдарын қазақы ұғымға, қазақы қоғамның мәдениетіне лайықтады. Мысалы, Е. Томас Гарман мен Рэймонд Е.Форгтың «Жеке қаражат» кітабында батыс жүйесіндегі жеке қаражаттың мысалдары өзіміздің жүйедегі жеке қаражаттың мысалдарымен сәйкестендірілді. Қазақстандық қаржы және несие жүйесі, зейнетақы, сақтандыру, инвестициялар тәжірибесіне сәйкес қайта құрастырылды. Бұл үлкен еңбек. Бір сөзбен айтқанда, біздің мамандар жоғары оқу орындарының ұстаздарымен, осы салада жүрген мамандармен келісе отырып, қосымша автор ретінде кітапты жаңадан жасап шығарды. Бұның барлығы, әрине, авторлардың келісімі арқылы жүзеге асырылды. Жергілікті жердің спецификасы ескерілуі керек екені екі жаққа да түсіндірілді. Бұл өте жақсы нәрсе деп ойлаймын.

Менің ойымша, 2019 жылғы аударылған кітаптардың ішіндегі үлкен қазына – кино саласына қатысты кітаптар. Семен Фрейлихтің «Кино теориясы. Эйзенштейннен Тарковскийге дейін» оқулығының 8-басылымының аудармасына қатыстым, өте жақсы еңбек. Кітапта Фрейлихтің Довженконы, басқа да қабырғалы режиссерлерді талдауы кинотану ғылымына ерекше көкжиек ашты деп есептеймін. Тағы бір аудармасына қатысқан тамаша кітап – «Театртану». Кітап қазіргі театрдағы, театртанудағы трендтерді қамтиды. Аудару барысында үш сахналы көріністер болатынына көз жеткіздік. Көше театры, біздің ұғымымыздағы классикалық театр, басқа да театрдың үлгілері перформанс ұғымына келіп құйылатынын түсінгендей болдық. Қысқасы, бұл оқулықтарды оқыған адамдардың өнер әлеміне қатысты түсінігі кеңейе түсетініне көзіміз жетті.

Ruh.kz: Аталған 30 кітап қандай аудиторияға арналған? ЖОО-лардың күнделікті сабақ кестесіне қашаннан бастап енеді және оған барлық кітаптары кіре ме?

Есей Жеңісұлы: Әрине, бұл жоспар жақсы ниет-мақсатпен ойластырылған. 2019 жылы аударылған кітаптар 2020 жылдың жаңа оқу жылынан бастап өздерінің профильдік, яғни сол бағыттағы ЖОО-лардың оқу бағдарламасына енеді. Мәселен, жаңа айтып өткен «Театртану», «Әлем музыкасының тарихы», «Кино теориясы» сияқты кітаптар міндетті түрде өнер академиясының және өнерге дайындайтын колледждердің оқу бағдарламасына енеді. Алғашқы уақытта біз тек ЖОО-ларға таратқан едік. Бірте-бірте сұраныс артып, кейін колледждер де осы кітаптарды пайдалана бастады. Экономика, әлеуметтік психология, философия факультеттерінің оқу бағдарламасына біздің былтырғы ғана емес, осы 3 жарым жылдан бері аударылған кітаптардың барлығы енеді. Бұл өте тамаша тренд, жақсы ұстаным. Кітаптарды қолына ұстаған оқытушы да, студент те мүлде жаңа бағытта жұмыс істеу керек екенін түсінеді. Мен атаған кітаптардың әрқайсысы 10 мың дана басылымен жарық көрді. Одан бөлек, оқулықтардың электронды нұсқалары «Қазақстанның ашық университеті» порталына (www.openU.kz) орналастырылып, интернет арқылы еркін қолданысқа берілді. Жалпы Ұлттық аударма бюросының қазіргі уақытта атқарып жатқан шаруасы болашақта жақсы бағасын алуға тиіс деп ойлаймын. Өйткені бұл – бұрын-соңды болмаған жоба, жаңа бастама. Қазақ қоғамының ілгері жүруіне, айналасына бажайлап, түсіне қарауына жасалған сәтті қадам. Бұл қазақ қоғамына сәл кештеу келгенімен өте жақсы енгізілген жоба және осы жобаның басы-қасында жүргенімізге өзімізді бақытты деп есептейміз.

Ruh.kz: Уақытыңызды бөліп, сұқбаттасуға келісім бергеніңізге көп рақмет!

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button